ӨҢІРДЕ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚСЫЗ
Жалпы облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Соңғы қараша айында аурудың өсу бағыты байқалады. Облыста COVID-19 ауруының 7037 жағдайы тіркелсе, оның 3487-сі симптомдармен және 3550-і симптомсыз жағдайлармен, жалпы аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 1067,1-ді құрап отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен коронавирусқа қарсы облыстық жеделштабтың отырысында мәлім болды. Онлайн тәртіппен өткен жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындарды карантин талаптарына бағынуға шақырып, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәліметінше, клиникалық белгілері бар аурулардың өсу бағыты 23 пайызға артқан. Сомптомы байқалмайтын аурулардың өсуі 42 пайызға дейін көтерілген. Сондықтан ауру көрсеткіші облысымызда өте жоғары болып тұр. Оған ауа-райының күрт салқындауы да әсерін тигізуі мүмкін. Екіншіден, адамдардың бетперде кимеуі, арақашықтықты сақтамауы, көпшілік орындарға баруы әлі де тыйылмай тұр.
– Соңғы аптадағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталсақ, 26 қазаннан-1 қарашаға дейінгі аралықта 71 оқиға тіркелді. Оның 34-і облыс азаматтары ауруханаға жоспарлы емге барғанда анықталды. 17 оқиға қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде табылды. Ал 12 оқиға профилактикалық шаралар кезінде, яғни вахтаға баратын, шекарадан өткен адамдарды тексеру кезінде анықталды. Оның ішінде үш жағдай Түркістан облысының азаматтарынан жұқты. Күнделікті сараптамаға сүйенсек, бір апта ішінде аурудың өсу бағыты байқалды. 2 қарашадағы оқиға бойынша 13 жағдай тіркелді. Ауырған жандардың 40 пайызы – зейнеттегі адамдар. Осы аптада 29 оқиға тіркелді, оның жетеуі орта буындағы дәрігерлер. Мектептегі балалар арасында 7 оқиға тіркелді. Үш жағдай мұғалімдер арасында орын алды. Қаратөбе ауданындағы балабақшадан бір бала ауырды, – деді облыстың бас санитар дәрігері.
Өз кезегінде облыс басшысы Ғали Есқалиев зейнеткерлер мен мұғалімдер ауруды қайдан жұқтырғанын сұрады. Бұл турасында М.Арыспаев эпидемиологиялық зерттеу кезінде бір азаматтың Өскемен қаласына садақаға барғанда, тағы бір фактіде Нұр-Сұлтан қаласына баласына барғанда жұқтырғанын жеткізді. Сондай-ақ көпшілік жағдайда науқастар қоғамдық көлікпен жүрген. Кей зейнеткерлер көшеге шықпаса да, дүкенге, дәріханаға баратындарын айтып, қайдан жұқтырғандарын нақты айта алмайтын көрінеді. С.Арыспаевтың сөзіне сүйенсек, адамдардың ауруы ПТР-тестілеу арқылы лабораториялық диагностика арқылы анықталады.
– Облысымызда жеті лаборатория бар. Бір аптада облыстық ауруханадағы лабораторияда 1337, біздің лабораторияда 2000-ға жуық ПТР-тестілеу жасалды. Тестілеу құны біздің лабораторияда 8022 теңге, қалғандарында 9 мың теңгеден. Күніне 1200 тест жасаймыз. Оның 70 пайызы қарым-қатынаста болған адамдарға тегін жасалды. 30 пайызы вахтаға баратындар, өздері үшін жасайтындар тестілеуден ақылы өтеді. Кей күндері 1300-ге дейін барады. «Олимп» лабораториясы ақылы жасайды. Профилактикалық алдын алу жұмыстары барысында алынатын тесттер тегін. Олар – біздің лаборатория, Обаға қарсы станцияның лабораториясы, Облыстық ауруханадағы лаборатория ақысыз. Медцентр, Олимп секілді зертханаларда ақылы жүргізіледі. Ресейдегі ахуалға байланысты шекарадағы бақылау күшейтілуде. Біздің мамандар шекара бекетінде жұмыс жасауда. Төрт автоөткелде күні-түні жұмыс жасауда мамандарымыз. Шекарадан бір аптада 1158 жаяу жүргінші өтті. Оның 1044-і ПТР-тестілеу анықтамасымен өтті. Анықтамасыз өткен 114-і карантинге жатқызылып, үшеуінде ПТР-тестілеу нәтижесі оң нәтиже көрсетті. Олар Түркістан облысының азаматтары. 19 Ресей азаматын құжаттары болмауына байланысты шекарадан өткізбедік. Транзиттік жүргізушілерден бір аптада 1482 адамды тексеру кезінде 593-інде анықтама болды. Бұл өте аз көрсеткіш. Көпшілігі анықтамасыз келіп жатыр. Олардың сегізінің ПТР-тесті оң нәтиже көрсетті. Бесеуі – Орал қаласындағы жүргізушілер Самарадан келген. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты түсінік жұмыстары жалғасуда. Екінші толқынды болдырмау, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды әлі де күшейтуіміз керек, – дейді бұл орайда бас санитарлық дәрігер.
Жиында өңір басшысы Ғ.Есқалиев 2300-ге жуық транзиттік жүргізуші облыс арқылы өткенін тілге тиек етіп, оларды облыс орталығына кіргізбей шығару туралы тапсырма қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады. Осы орайда БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин 19 қазаннан бастап төрт экипаж күндіз, төртеуі түнде төрт бағыт бойынша қызметтерін жүргізуде екенін атап өтті.
– Транзиттік көліктер Ақтөбе, Атырау, Тасқала, Самара жақтан қатынайды. Автокөліктердің көбі кемпингтарға демалуға кіріп, сол жақтан шығып кетеді, олардың әрқайсысына полиция қоя алмаймыз. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысына бұл мәселені арнайы қаулыға енгізу жөнінде ұсыныс білдірдік, – дейді полиция полковнигі Ж.Жасқайратұлы. Ал М.Арыспаевтың сөзінше, қаулының жобасы дайындалған. Осы штаб отырысынан кейін шешім алынса, қаулыға өзгеріс енгізуге болады.
Жиынның күн тәртібінде БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Лямов соңғы аптада облыста ковидтық пневмониямен ауыру көрсеткіші көбейгенін айтып дабыл қақты. – Бүгінде 148 науқас емделуде. Оның 99-ы стационарлық, 39 науқас амбулаторлық ем алуда. Оның ішінде бүгінде жұқпалы аурулар стационарында 7 науқас ауыр халде жатыр. Біреуі кешеге дейін жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Қазіргі уақытта жағдайы жақсарып келеді. Алты науқас пневмониямен реанимацияда жатыр. Барлық емханалар тұрғындармен CALL-центр арқылы байланыста. Шағымдар көбейіп тұр. Ашылғаннан бері 115 мың қоңырау түссе, оның 82 мыңы медициналық бағытта. Соңғы аптада ковид-пневмония бойынша 124 қоңырау түсті. Ал тек соңғы тәулікте 121 қоңырау түссе, жетеуі – ковид пневмонияға байланысты. Жұмыстарды ширатуымыз керек, – деді ол.
Осы тұрғыда өңір басшысы барлық кәсіпорындар, мемлекеттік органдар резервтер қарастырып, жұмыста алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық қорапша жасақтауы керегін ескертті.
Алдағы уақытта облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысында коронавирусты жұқтырғандар өздеріне мобильді қосымшаны жүктеуге міндетті болатын тармақ болуы мүмкін, ол арқылы тиісті бөлім олардың орналасқан жерін бақылай алады. Бұл туралы жеделштаб отырысында БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер мәселелері басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаев айтып өтті.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес сәуір айында арнайы орталық құрылды. Электронды басқару жүйесін қостық. Кешеден бастап жүйе іске қосылды. «Saqbol» мобильді қосымшасы бойынша республика екі қосымша ұсынып отыр. Олар «Saqbol» және «Zertteu». Екеуінің функциялары бірдей болғандықтан, бізге біреуін ғана қабылдауға болады. Осы аптада анықтап, кейін тұрғындарға түсіндіреміз. Сондықтан, біз анықтағаннан кейін халыққа бір қосымшаны жүктеу керегі айтатын боламыз, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жиында әуежай терминалын жөндеу кезінде жолаушыларды орналастыру мәселесі де талқыланды. Күзгі-қысқы мезгілде жолаушыларды жайлы орналастыру үшін әуежай аумағына жергілікті «Агрореммаш» акционерлік қоғамымен келісім бойынша үш блок-модуль орнатылады деп күтілуде. Блок модулінің мөлшері 12х2,4 метр, оқшауланған, электр конвекторымен қыздырылған. Қазіргі уақытта бір блок модулі орнатылған, аптаның соңына дейін тағы екеуі әкелінбек. Бір блок-модульдің құны – 3 150 000 теңге, үш блок-модульдің жалпы құны – 9 450 000 теңгені құрайды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу