ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНА АЛДАНБАҢЫЗ!
Бүгінде ғаламторды пайдаланбайтын адам кемде-кем. Уақыттың талабына сай түрлі әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен, интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалады екен.
Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдарға банк карталарының деректері мен адамның жеке басын куәландыратын мәліметтерді бермеуге, интернет арқылы қандай да бір зат алмай тұрып, алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. Бұл өңірде интернет-алаяқтығының белең алып бара жатқанына байланысты. Деректер әсіресе, www.kolesa.kz, www.olx.kz тәрізді сайттар мен «QIWI әмиян» («QIWI кошелек») есеп айыру жүйесіне қатысты тіркелді.
Интернет-алаяқтықтың түрлері де күн өткен сайын көбейіп барады. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды. Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.
Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату үшін де арнайы сайттарды немесе инстаграм парақшаларын пайдаланады. Бір адам өзінің пәтерін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім» дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады» дейді бұл. Бірақ, ол: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаны салып жіберейін» дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі» дейді. Бұл кісі болса, келген кодты айта салып, алаяққа алданып қалады. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Құпия кодты ешқандай адамға беруге болмайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе үлкен кісілер жағы бұл туралы хабарсыз. Құпия сөзді біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады.
Осыған ұқсас жағдай биыл тамыз айында белгісіз біреу әлдекімдердің сенімдеріне кіріп, «жалға пәтер жіберемін» деген сылтаумен «ОЛХ» хабарлама сайтында сатылатын пәтерлердің фотоларын ұсынып, жедел түрде белгілі бір абоненттік нөмірге ақша аударуларын сұрайды. Керемет үйлердің сұлбаларын көрген тұрғындар, алаяқтың абоненттік нөміріне немесе есеп шотына ақшаларын салып үлгереді. Сұраған ақшаларының құны 20 мыңға жетіп жығылады. БҚО ПД Тергеу басқармасының қызметкерлерімен күдікті ретінде 1995 жылы туған Орал қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлімі бойынша (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Тергеу барысында күдіктінің аталған фактіге ұқсас сегіз эпизодқа қатысы бары анықталды. Тағы бір факті 1995 ж.т. «М» есімді азамат адамдардың сеніміне кіріп, өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы Қазақстан Республикасының әр түрлі аймақтарындағы шақырылым бойынша әскери борышын өтеуші қатардағы сарбаздардың жақын туыстарының парақшаларын тауып, әскердегі туыстарының құқық бұзушылық жасағандарын айтып, соған көмектесу үшін абоненттік нөміріне ақша аудару қажеттігін айтып звондайды. Соңында жәбірленушілердің бірі өз кезегінде оқиғаның шынайылығына көз жеткізу мақсатында өзінің ата-анасына хабарласып, сол арқылы әскердегі ағасының ешқандай да құқық бұзушылық жасамағанын анықтап, алаяқтың әрекетін әшкерелеп, сұраған ақшасын аударудан бас тартады. Аталған сипатта жеті бірдей эпизод тіркелді. ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Міне, бір қарағанда қарапайым болса да, осындай алаяқтықтарға көп адам алдануда.
– Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні алаяқтық қылмысы бойынша 200-ге жуық факті тіркеліп отыр. Көбіне-көп «ОЛХ», «Колеса.kz», «В контакте» секілді хабарландыру сайттары арқылы орын алады, яғни, пәтерлерді сату, сатып алу, жалға беру сылтауларымен кездесіп жатады. Алаяқтық бойынша бірнеше рет қылмыс жасаған болса, күдікті ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы бойынша, яғни ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, 3 жылдан 7 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығы айырылатын болады. Сондықтан азаматтар жеке куәліктерін, өзіне тиісті банктік карталарын ешкімге бермеу, «whatsаpp» арқылы жолдамау қажет. Жоғалған жағдайда хабарлама жасамаса, фотосын салмаса, жақсы болар еді. Неге десеңіз, алаяқтар жоғалған жеке куәліктердің көшірмесін алып, басқа алданушы адамға жіберуі әбден мүмкін. Құжаттарға мұқият болған жөн, – дейді БҚО ПД Тергеу басқармасы жедел-тергеу тобының жетекшісі Өтеген Сағыныш.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең бірінші, тауар алатын қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекенжайы, телефондарына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуіңізге болады. Ал жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі дүкеннің егжей-тегжейін қарап, тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.
Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Мамандар тұрғындарға алаяқтардың арбауынан сақтануды тапсырады. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, БҚО полиция департаментінің кезекші бөліміне жүгініп, 102 нөміріне қоңырау шалуыңызға болады.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Версия для печати
Пікір үстеу