ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
2019 жыл – жастар жылы болып жарияланды. Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Әр жастың әлеуеті мен таланты ел игілігі үшін пайдаланылып, бағалануы тиіс. Таяуда «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде өткен «Startap-КАЗИИТУ-2019» жастар инновациялық жобасы осы бағытты көздеді.
Жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрайтын байқау жастардың ғылыми, инновациялық және кәсіпкерлік қабілеттерін дамыту мақсатында аталмыш университет пен колледж студенттері және мектеп оқушыларының арасында ұйымдастырылған болатын.
Байқауды ашқан «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов қазіргі жастар зияткерлік жұмылдыруға, инновациялық идеяларды генерациялауға, сындарлы жобалар мен ұсыныстарды ұсынуға қабілетті болуы керегін атап өтіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға қатысушылардың жұмысы жоба идеясы, инновациялылық, жүзеге асу мүмкіндігі, экономикалық тиімділігі критерийлері бойынша бес балдық жүйемен бағаланды. Әсіресе, Цифрлық технология, архитектура және құқықтану халықаралық колледжінің студенттері Дастан Зайнуллин мен Райымбек Дүйсембаевтың «Жылы баспана», қаладағы №5 орта мектеп оқушысы Дильназ Жүсіпкерееваның «Мектеп жылы жайындағы бөлме өсімдіктерінің өсіп-дамуына фитогормондар әсері», Республикалық Жоғары техникалық колледжінің студенті Мирас Медеудің «Kaz Automatic Parking», Құдабек Кузанбаевтың «Телекоммуникация саласы бойынша бизнес жобасын дамыту» жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Байқау нәтижесінде қаладағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп оқушылары Даниял Демеуов пен Сәкен Махамбетовтің «Жел энергиясын тиімді пайдалану» тақырыбындағы жобасы жеңімпаз деп танылды. Қос дарынның жетекшісі, жоғары санатты педагог Алмагүл Көпжасарова шәкірттерінің бұл додада топ жарарына сенген. – Даниялға 5 сыныптан жетекшілік етемін, әрі физика, информатика пәндерін оқытамын. Ал Сакенге 9-сыныптан бастап физика пәнінен сабақ беремін. Бұл екі оқушы да жауапты, ұқыпты, білімді, сауатты, ізденгіш. Үнемі бағыт-бағдар беремін, сол бойынша жұмыстанады, – дейді ол.
Даниял Демеуов, жоба жеңімпазы:
– «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені ұйымдастырған инновациялық байқауда «Жел энергиясын тиімді пайдалану» тақырыбында ұсынған жобамыз жүзден жүйрік шықты. Зерттеудің мақсаты – энергия үнемдеу әдістерін анықтау және кешенді зерттеу болатын. Бұл ғылыми жұмыста жаңа аспаптық құралдың жобасы ұсынылған. Бұл жоба осы проблемамен байланысты адамдар үшін үлкен жаңалық болуы мүмкін. Төбеде орналасқан жел диірменінің күші әлдеқайда жоғары болғандықтан, шығын үнемдеу, құрылғының тұрақты жұмысы, экологиялық салдардың қарапайымдылығы бар. Жоғарыда аталған ғылым мен техниканың дамуындағы инновация. Мысалы, жел энергиясының тәуелділігін пайдалануға болады. Теориялық және практикалық білім нәтижесінде құрастырылған аспаптың табиғат пен адамға пайда әкелетінін дәлелдегіміз келді. Қазіргі таңда күн көзінен, желден, су ағысының күшінен тағы басқа сарқылмайтын ресурстардан энергия алу ойластырылуда. Сонымен қатар табиғатқа және адамға зиян келтірмеуі қарастырылуда. Ал біздің ұсынған жобамыз жаңа технологиялық құрылғылар көмегімен қуатты үнемдеуге бағытталған.
Версия для печати
Пікір үстеу