Ғимаратқа зәру білім ордасы
Бүгінде 500-ден астам шәкірттің ыстық ұясына айналған эстетикалық бағыттағы гимназия биыл 15-ші түлектерін ұшырады. Орта жалпы білім бере отырып, өнерге баулитын гимназия орынның тарлығына қарамастан егемен елдің білімді ұл-қыздарын тәрбиелеуде.
Жұмыс – нәтижелі
Қалада баламасы жоқ білім ордасы 1994 жылы ашылыпты. Алдымен балабақша-гимназия, кейін гимназия, одан соң эстетикалық бағытта орта жалпы білім беретін мектеп-гимназияға айналған. Гимназия директоры Сара Тілеужанова оқушылардың мемлекеттік стандарт бойынша білім алып, сабақтан соң түрлі үйірмелерге қатысатынын айтты. – Бізде орта жалпы білім, музыка және көркемсурет өнері бір арнаға тоғыстырылған. Ғимарат 260-280 орынға лайықталғанымен, оқушылар саны бұл нормадан асып кетті. Орынның тарлығы өте қиын, бірақ жұмысымыз нәтижелі, – деді мектеп басшысы.
Соңғы үш жылда білім сапасы 86 пайызға дейін жоғарылаған. ҰБТ қорытындысы бойынша оралдық мектептер арасында үздік ондықтың қатарында. Оқушылары Дельфий ойындарында, түрлі деңгейдегі жас орындаушылар байқауларында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Бастауыш сынып командасы республикалық «Бастау» математикалық турнирінде үш рет жүлдеге ие болса, қалалық және облыстық «Математикалық регата» байқауында бірнеше рет жеңіске жеткен. Республикалық білім сайыстарында Азамат Ғұмаров пен Арина Панченко жақсы нәтиже көрсеткен. Биыл қалалық пәндік олимпиадада 11 оқушы жүлделі орынға ие болса, облыстық кезеңде үшеуі білім биігінен көрініпті. Халықаралық ғылыми жобалар сайыстарында да гимназия шәкірттері жүлдегер атанған.
Гимназияның шаңғышылар командасы жеті жыл қатарынан қалалық жарыста «Үздік шаңғы мектебі» аталымын иеленген. Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының лауреаты «Айна» бишілер ансамблі (жетекшісі – Айнагүл Сүлейменова) жуырда Оралда өткен республикалық «Ақ көгершін» өнер сайысында 3-орынға қол жеткізсе, флейтада сызылта ойнаған 3-сынып оқушысы Диана Махмуд 1-орынды жеңіп алыпты. Денис Панаев, Стефани Петенкова, Диана Өтенова, Даяна Амангелді сынды жас музыканттар түрлі аспаптарда шебер ойнайды. Бұл – оқытушылардың еселі еңбегі мен төккен терінің нәтижесі.
Ұлттық тәрбиеге мән беріледі
Білім орыс тілінде берілгенімен, мектеп ұжымы ұлттық тәрбиені ұмыт қалдырмайды. – Заман талабына сай үш тілде оқытамыз. Қазақ сыныптарын ашуға орынның тарлығы қолбайлау болып тұр. Жаңа ғимараттан үміттіміз, – деді директор Сара Исмағұлқызы. Айтуынша, бұл мәселеден қала әкімдігі хабардар. Тіпті жаңа орынға көшпесе, алдағы оқу жылында мектепалды даярлық сыныбының жабылу қаупі де жоқ емес.
Мұнда қызмет ететін 70 шақты педагог – тұрақты әрі тәжірибелі кадрлар. Иралия Сайфуллина, Нина Ланцева, Николай Панфилов сынды аға буын өкілдерін, облысымыздағы жетекші мамандардың бірі Ольга Казанцеваны,Т.Харитонова, Т.Вантеева, И.Боброва, Т.Никифирова секілді ұлағатты ұстаздарды әріптестері үлгі тұтады. Әсіресе, мектептің бүгінгідей дәрежеге жетуіне зор үлес қосқан бұрынғы директор Юлия Данилованың еңбегін жоғары бағалайды. 2003 жылы мектеп тізгінін қолына алған Сара Тілеужанова да білікті басшы ретінде танылып үлгерген. Ол – қырық жылға жуық уақытын осы салаға арнаған ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Еңбек жолын қарапайым тәрбиешіліктен бастап, мұғалім, мектеп директорының орынбасары, директор болып жалғастырған. Сара Исмағұлқызы – өңірімізге белгілі ғалым Мәтжан Тілеужановтың келіні екен. Қайын атасының тәлімін көрген маман педагогтық қызметінде сол тәрбиені темірқазық ретінде ұстанады.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл»
Гимназияға сол ауданның, әсіресе, бір жанұяның балаларын қабылдау дәстүрге айналған. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік ахуалы да ескеріледі. Алдарына келген ұл-қыздарды бөліп-жармайтын педагогтар даярлық сыныбына қабылданған бүлдіршіннің осы ұядан бітіріп шығуына ықпал етеді. Санға емес, сапаға мән беретін мектеп басшысы қызметкерлерінен де соны талап етеді. 0-5 сынып оқушылары кешкі алтыға дейінгі ұзартылған күн тобында білім алады.
2003 жылы алғашқы түлектерін ұшырған педагогикалық ұжым өз шәкірттермен мақтанады. Осы мектептен қанат қаққандардың бірі Богдан Домчевтің есімі Гинесс рекордтар кітабына еніпті. Самал Өтешқалиева – халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендианты. Әлия Наурызбекова, Наташа Горбунова, Юрий Конев, Татьяна Ковалева, Арина Кленина сынды түлектер өнер саласында қызмет етіп жүр. Өткен оқу жылында гимназияны 17 түлек тәмамдаған. – Біз сапалы білім беріп қана қоймай, балалардың амандығына да жауап береміз. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде соған баса назар аударамыз. Басқа мектептер секілді 9-сыныптан кейін оқушыларды үлгеріміне қарай іріктемейміз. Әрине, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ арнаулы орта оқу орындарына тапсыру-тапсырмау – олардың өз еріктерінде, – дейді гимназия директоры.
Балаларды адамгершілікке баулу, зиянды әдеттерден сақтандыру, құқық бұзушылықтан сақтандыру, теріс жолға түсіп кетулеріне жол бермеу мақсатында түрлі тағылымды іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылады. Түрлі ұлттың балалары білім алатын мектепте «Достық», «Аналар» және «Вдохновение» клубтары жұмыс жасайды.
Егемен елдің еркін ұландары
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Рахметқалиевамен бірге сыныптарды аралап көрдік. Кейбір сыныптарда дайындық сабақтары жүргізіліп жатса, кей оқушылар көркемсурет және музыка бағытында қосымша дәрістерге қатысуда. Әңгімелесу барысында олардың өз ой-пікірлерін емін-еркін жеткізетінін байқадық.
Ғимараттың іші-сыртындағы жағдайлар бейнеқұрылғының назарынан тыс қалмайды. Жол бойында, жан-жағы ашық алаңда орналасқан нысанның айналасы әркез жіті бақылауда. Былтыр мектеп ауласында қызық оқиға орын алыпты. Сол маңдағы үйлердің біріндегі кейуана гимназия ауласына отырғызылған ағашты жұлып алып кеткен. Үлкен адамның бұл тәртіпсіздігі бейнекамераға түсіп қалған. Сөйтіп «ұрлық оқиғасы» дер кезінде ашылыпты.
Аядай ғана бөлмелерде еңбек етіп, білім саласына өз қолтаңбаларын қалдырып жүрген гимназия ұжымы 2019 жылы білім ордасының 25 жылдығын атап өтпек ниетте. Әрқайсысының көкейінде «мерейтойымызды зәулім ғимаратта қарсыласақ» деген ойдың сайрап тұрғаны сөзсіз. Тәуелсіз елдің білімді, отансүйгіш ұрпағын тәрбиелейтін білім мекемесінің бүгінгі жай-күйін жауапты мекемелер, жергілікті билік өкілдері естен шығармағай!
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
amir_2000kz@mail.ru
Ирина БОБРОВА, фортепиано сыныбының оқытушысы: – Гимназия ашылғаннан бері еңбек етемін. Фортепиано аспабын үйренуге балалардың ынтасы жоғары. Бүгінде 1-7-сыныптардың 26 оқушысы фортепиано сыныбында оқиды. Шәкірттерім қалалық, облыстық, республикалық байқауларда өнер көрсетіп жүр. Таяуда өткен «Ақ көгершін» республикалық байқауында оқушыларымыз көрерменді аспапта ойнау мәнерімен таң қалдырды.
Диана ӨТЕНОВА, оқушы: – Мектебім өзіме қатты ұнайды. Сүйікті пәнім – математика. Сабақтан кейін сольфеджиодан, пианинодан дәріс аламын. Екі рет республикалық байқауда бағымды сынадым. Болашақта өнер саласында қызмет еткім келеді.
Стефания ПЕТЕНКОВА, оқушы: – Білім ордасында даярлық сыныбынан бері оқимын. Сабақтан тыс уақытта мұғалімдеріміз театрға, мұражайларға апарады. Вокал үйірмесіне қатысамын. Арманым – денсаулық сақтау саласында жұмыс жасау.
Өзім орыс ұлтының өкілі болсам да, қазақша білемін.
Пікір үстеу