8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
01 Наурыз 2022 3275 0
Қалалықтар қаперіне

Хатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ: «БАҚЫТТЫҢ ШАМЫН ЕШКІМ ҮЙІҢЕ ӘКЕЛІП ҚОНДЫРМАЙДЫ!»

Қадірлі ХАЛҚЫМ!  Көгілдір көктемдеріңіз құтты болсын!  Осынау шат-шадыман мерекемен бірге арда азамат, абыройлы өнер иесі Хатимолла ағамыздың мерейлі 70 жасты қарсы алғанын білесіздер. Таяуда «Жайық үні» газетіне «БАҚЫТТЫҢ ШАМЫН ЕШКІМ ҮЙІҢЕ ӘКЕЛІП ҚОНДЫРМАЙДЫ!» атты сұқбаттың шыққаны да  оқырман қауымға мәлім.  Негізі, әлеуметтік желіге, сайтымызға төл басылымдағы етжеңді  мақалаларды жариялай бермеуші едім. Алайда…

Бүгін Отандастарымды  Ақ Жайығыма алғыстан нұр жаудырған, құстары қиқулап, көңілге нұр сыйлаған мерекемен құттықтап, арамызда Хатимолла Жәңгірұлындай өз дара жолы бар игі-жақсылардың көп болуын, аман болуын және аға-ұрпақтың  шыңдағы шынарларға, таулардай  биіктерге жетуін  тілеймін.

                                                                                                                                            Ыстық ықыласпен:   Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

 

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, республикаға белгілі өнер саңлағы, әнші-термеші Хатимолла Бердіғалиев бұйыртса, мерейлі жетпіс жасқа толғалы отыр. Тума талант иесі, Ақ Жайықтың ғана емес, қазақтың Хатимолласы атанған ардақты ағамызбен туған күні қарсаңында дидарласқан едік.

– Қадірлі Хатимолла Жәңгірұлы, биылғы барыс жылында биік шыңға шыққалы отыр екенсіз. Құтты болсын. Ұзағынан сүйіндірсін. Өзіңіздің өнер ұяңыз – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы таяуда «Ес кіргізер есті әндер» атты «YouTube» электронды альбомының жарыққа шыққанын жұртқа жеткізіп, көрерменнен сүйінші сұрады. Жұлдыздай жарқыраған әнші ініңіз Айбар Хайрхановпен бірге және өзіңіз жеке дауыста шырқаған әндеріңіз көрерменге шашу шашқандай екен. Осы ән тастаны шығару алдымен кімнің ойына келді?
– Рахмет. 2016 жылы Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің 100 жылдығына орай, біздің филармонияның үлкен залында концерт берілді. Осы концертті әртүрлі себептерге байланысты ел ішіне алып шыға алмадық. Содан 2021 жылы осы әншілерге 105 жыл толды және менің туған күнімнің қарсаңында сол концертте шырқалған әндерді халыққа тарату үшін дискі шығаруды мақсат етіп едік. Заманауи техника дискі дегенді де ұмытқан екен. Филармонияның ақпарат бөлімінің меңгерушісі Олжас Сейтімов, Сұлтан Ерболат қолдап, электронды бағытты таңдады. Негізі бұл ән жинағы Ришат, Мүсілім Абдуллиндердің жүз жылдығына арналған болатын.
– Өте сәтті шыққан екен. Бүгінде әлеуметтік желіде жоғары ұпай жинап жатыр. Демек, көзайым көрерменнің жүрегіне жол тапқаны. Көңілді селт еткізер дүниелер көп екен тыңдап отырсам. «Кездестік неге?» секілді салған әндеріңіз түрлі ойға жетеледі. Хас өнерде алдына ешкім шығып көрмеген Хатимола ағамызды не мазалайды, не түрткілейді?
– Миражан, данышпан Абай атамыз «Өлең шіркін өсекшіл жұртқа жаяр. Сырымды тоқтатайын айта бермей» демей ме. Қазбалап қайтесін. (Ағамыз тұнжырады). Актерлер сахнада өз рөлдерін жан-тәнімен ойнаса, әншілер де салған әнінің образына, сазына еріксіз беріледі. Менде әннің әр шумағына терең мән беріп, әлеміне енемін. Туған балаңның бәрі жаныңа жақын емес пе. Сол секілді сахнада шырқаған әндерімнің бәрі образыма жақын. Айбар Хайырханов екеуміз дуэтпен айтқандықтан әннің ережелерін сақтадық. Әріптестерім Галия Юриевна, оркестрдің дирижеры Еркін Нұрымбетов зор үлес қосты. Жалпы, «Ес кіргізер есті әндерді» ұжымдық еңбектің жемісі деп айтуыма әбден болады.
– Есіңізде ме, осыдан он жыл бұрын арқыраған алпысқа толғаныңызда Ақ Жайық елі төбесіне көтерді! Құрметтеді! Сол шақта Сізден алған көлдей сұқбатымда «Біздің үйде тоғыздар көп. Тоғыздардан қорықпаймын!» деп едіңіз. Қазір тоғыз санында дүниеге келген жанұя мүшелеріңіз қалай? Қос ұлыңыз қасыңызда ма?
– Есімде әрине. Жүйрік уақыт зу етіп өте шықты ғой. Алпыс жасымда Бәтима апаң да қасымда еді. (Қатаға ауыр демалып, сөзін жалғады). Жанұямдағы тоғыздықтар аман-есен туған күндерін қарсы алып, жастан -жасқа толып жатыр. Келінім Ботакөздің туған күні тоғызыншы ақпан болса, ұлым Аңсардың қызы, немерем Гүлсана да тоғызыншы желтоқсанда дүниеге келген. Нұрғисамның ұлы, немерем Нығметтің де туған күні жиырма тоғызыншы мамыр. Өзім жиырма тоғызыншы ақпанда туылғанмын. Күнтізбеге төрт жылда бір жазылады. Аллаға шүкірмін. Бұрын бала-келін біздің қолымызда, менің қолымда деуші едік. Қазір «Ұлым Нұрғиса мен келінім Ботакөздің қолдарында тұрып жатырмын» деп айтатын қалге жеттім. Шақыратын қонақтарым, араласатын тума-туысым бар дегендей. Мойнымдағы жүктің бәрін Нұрғиса мен Ботакөз қыңқ демей көтерісіп отыр. Бір үйде тұрған соң негізгі салмақ осы бала-келінге түседі. Көбінесе Нұрғиса жұмыста жүреді. Он сегіз жылдан бері «ҚазТранс- Ойл» мекемесінде шопыр болып жұмыс істейді. Көбіне шақыратын қонақтарымның тізімін келініммен бірге жасап, ақылдасамын. «Әке, үйге кімдердің келетінін мағанда айтсаңдаршы біліп отырайын» деп әзілдейді Нұрғисам. Құдай берген қос құлыныма ризамын. Қазіргі таңда қырықтың қырқасына шығып қалған балам Нұрғиса мен келінім Ботакөзден Нығмет, Нұрсана, Нұрсаят деген үш немерем бар. Ақын Нығмет Нағымовтың құрметіне немеремнің есімін Нығмет деп қойғанбыз. Ал енді қырық бестегі бас көтерген ұлым Аңсар мен келінім Аиза екеуінен Амандық, Гүлсана, Аилин есімді үш немере сүйіп отырмын. Біреулер Аилин деп неге қойдыңыздар деп сұрап жатады. Естуімше, түрік халқының сұлу, ибалы қыздарына қоятын тәуірлеу аты екен. Қазақ халқы баланың санын айтпайды дейді ғой. Тіл аузымыз тасқа, екі ұлымнан алты немере иіскеп, қызықтарына бөленген бақытты атамын. Негізі жан-жарым Бәтима екеуміз бес ұрпақ көріп едік. Аңсардан бұрын біреу және кейін біреу, Нұрғисадан соң тағы бір ұл бала дүниеге келген еді. Тағдырдың жазуы шығар, үш ұл баламызда көзге көрінгенмен, бұл жалғанға ұзақ тұрақтамады. Алла тағала Аңсар мен Нұрғисаны ғана бауырымызға басып, құрған отауымызға бақыт құсындай қондырды. Қайда да отбасым туралы сұрап отырсың ғой. Әңгімемді жалғастыра берейін. Бүгінде немерем Гүлсана Аңсарқызы Бердіғали – Орал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде қызмет жасайды. Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясын бітірді. Немерелерім де өмірден өз орындарын тауып, мамандықтарын игеріп, адам болсақ, еліміздің бір кәдесіне жарасақ деп талпынып жүр. Бәрі де түрлі аспаптарда ойнайды. Музыканы жандары қалайды. Алтауы да өз ана тілдеріне жетік. Қазақ мектебіне барды. Жалпы, біздің үйдің тілі – қазақша! Өсе келе әрқайсысы жүректерінің қалауымен, заманның дамуымен өнерден басқа саланы таңдады. Бірақ та, отбасынан алған ұлттық тәлім-тәрбиені ұмытқан жоқ. Орыс немесе шет тілдерін меңгергенмен, ең сүйікті тілдері – өз тілдері.
– Бәрекелді! Мұның өзі «Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегеннің дәлелі ғой. Қазірдің өзінде жұрттың дені: «Қатақаң мәләдес! Бәтима апай жоқ болса да, аппақ көйлегінің жағасы мен жеңі емге кірлеген емес. Театрда болсын, той-домалақта болсын жарқырап жүреді. Бала-келіндері әкелерін күтіп, баптап отыр» деп айтады. Бұл да ұлдарыңызға дер шағында берілген тәрбиенің қайнар бұлағы деп білемін.
– Әлбетте. «Сырт көз сыншы» ғой. Айтса айтатын шығар. Кейде өзімнен де «Қатақа, жалғыздық Құдайға жарасқан. Балалардың қас-қабағына қарап отыра бересіз бе?» дегендей әңгімелерді дос-жарандарым, құрдастарым әзілдеп болса да құлағыма тигізіп қояды. Ондай арада менің де жауабым дайын тұрады. Біріншіден, мен жалғыз емеспін. Жаңа ғана айттым ғой, балдан да тәтті немерелерім – өмірімнің жалғасы! Балаларым мен келіндерім әкелеп асты-үстіме түседі де отырады. Әсіресе, бәлең жылдан бері қара шаңырақты күтіп ұстап отырған, барлық қонағыма дастарханын жайнатып жайып, салт-дәстүрді сақтап отырған келінім Ботакөздің маған деген сыйластығы ерекше. Қай жерге қандай көйлекті киетінімді алдын ала даярлап, үтіктеп, бәрін шкафыма текшелеп салып қояды. Анасы, яғни құдағайым Нұрқиядан көрген, үйренген тәлім-тәрбиесіне тәнтімін. Үйдегі барлық шаруаны Ботакөздің өзі оқсатады. Мінезі де өзіме тартқан пысық, шапшаң. Жалпы ұрпақтарымды өсіріп, ұлдарыма адал жар болған келіндерім Ботакөзге де, Аизаға да рахметімді айтамын.
Жаңа жоғарыда айтып өткен ойымды жалғастырайын. Менің екіпші рет үй болуға ниетім де, ойым да жоқ! Мұндай ой миыма кіріп-шыққан емес! Біріншіден, енді өзіме қанша жас, қанша өмір қалғанын білмеймін. Екіншіден, ол әйелмен он-он бес жыл бірге қолұстасып жүріп-тұрмаған соң, біреуді алдап-сулап, уақытын ұрлағым келмейді. Себебі, алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Мен бір азаматты жақсы танитын едім. Тап өзімдей жетпіске таяған шағында үйленді. Екі-үш жылдай екеуі бірге тұрды. Аяқ астынан әлгі азамат қайтыс болды. Сосын балалары өгей шешелерін үйден қуып шықты. Кезінде әкемізге келдіңіз ғой, шәйін қайнатып бердіңіз ғой деп түсіністікпен қарамады. Айта берсем, біздің Оралдың өзінде әйелі дүниеден озып, сосын екінші рет үйленіп, қайсысына жағынарын білмей екіұшты күй кешіп, ұл-қыздарының қас-қабағына жаутаңдап жүрген ерлер баршылық. Жарайды, біреумен дәм-тұзым жарасты дейін. Көп болса екінші адамыммен бес жылдай бірге тұрармын. Қар- таярмын. Оған да масыл болармын. Сөйтіп жүріп о дүниеге кетермін. Ешкімде мәңгі жасаған емес қой. Байғұс әйел тағы да жалғыз қалмайды ма? Мен бұл мәселеде өзімнің жеке басымды ғана емес, екінші әйелдің де тағдырын ойлап отырмын. Көзден кетсе, көңілден де кетеді деген. Балаларымыз әкеміздің алып келген әйелі еді деп сыйласа жақсы. Дүниесі мен ақшасын бөлісе алмай, үйге таласып, соттасып жатқан, берекесі қашқан отбастары көп қой. Сондықтан, осы сұқбатымды пайдаланып, жора-жолдастарымнан осы әңгімеге біржолата нүкте қоюларын сұраймын?! Өзім құсап жетпіске жеткен, жетпістің о жақ, бұ жағында жүрген құрдастарым аман болсын. Қатарымыз сиремесін. Жеке бастың мәселесін әркім өз ақылымен шешетін шығар. Ал, менің жеке өміріме қызығушылықпен қарайтындарға берер жауабым осы!
– Аяулы Бәтима апамды есі- ме еріксіз түсіріп жібердіңіз ғой, аға. Жатқан жері жарық болсын. Әлі күнге дейін қазақ драма театрында жұмыс істеген сәттері, жарқын бейнесі көз алдымда. Аршыған жұмыртқадай беті аппақ, әдемі жанның жымия қараған мейрімді жүзі ел-жұрттың көңілінен кете қоймаған шығар. Бейітіне жиі барып тұрасыз ба?
– Жылдың төрт мезгілінде барамын. Қыс айында, көктемде, жазда сосын күзде. Әрине, жазда жиі баруға тура келді. Өйткені, бейітінің басына арам шөп қаулап өседі. Сарытауда жатыр ғой. Сол айналаға теректер де шыққыш. «Бәтиманың зираты күтімсіз қалыпты. Арам шөптен аяқ алып жүргісіз екен. Ешкім бармайды-ау, шамасы» дегенді айтқызғым келмейді. Жаз шықса бар ермегім ­- Батимаштың бейітіндегі арам шөптерді жұлу. Тіпті, бой бермей өсіп бара жатса, теректердің бұтағын арамен кестіремін. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Жұма сайын Құран оқып тұру дағдымызға айналған. Биыл өмірден өткеніне сегіз жыл болады алдағы қыркүйек айында.
– Қасынан орын алып қойған жоқсыз ба?
– Сұрағың орынды. Жас алға жылжыған сайын мұны да ойлаған жөн. Негізі Бәтиманың тап қасында бір орын барын-бар. Сол жерге көз салып жүрмін. Қасынан алып қойып, басқа жерге жалп етіп түсуімде мүмкін. Баяғыда бір хан болыпты. Жорыққа аттанар шағында өзіне төбесі алтынмен апталған мазар салдырмақ екен. Көмекшілеріне тапсырма берген екен. Содан қасындағы ақыл қосқыштары: «Қара жер кісі шақырады, өлім тілейді. Жол жүргелі тұрғанда қайтесіз жамандық шақырып» деп айтыпты. Ханды осылайшы райынан қайтарыпты. Кейде осы бір аңыз есіме түседі. Ерте ме, кешпе баратын жеріміз белгілі ғой… ( Аға ауыр күрсінді).
– Түсіңізге кіретін шығар?
– Иә. Әлі күнге дейін түсімнен шықпайды. Баяғы жас күніміздегідей ауылда жүреміз. Екеумізде Казталовканың Тереңкөл деген ауылында туып, өсіп-өндік қой. Беспішен деген ауылда бір көшеде көрші тұрдық. Арамызда тек үш үй ғана болатын. Айтайын дегенім, түсімде Бәтима өз үйіне кіріп кетеді де шықпай қояды. Ішімнен: «Төркініне барса шықпайтыны несі. Үйіне кірсе кері қайтқысы келмейді. Әу, балалар бізді күтіп отыр ғой. Өз үйімізге барайық енді. Шықсаңшы?!» деп күтіп тұрамын сыртта. Күте-күте шыдамым тау- сылып, өзіміз тұрып жатқан қыстауға қарай бұрыламын. Осылайша оянып кетемін. Бәтима өз үйінде қалып қояды. Ұйқымнан тұрған соң: «Сен мені күтпе. Жүре бер. Мен бәрібір үйге қайтып бармаймын. Саған оралмаймын» деп аян бергені-ау, деп ойға батамын. Егер арамызда тірі жүрсе, Бәтима биыл алпыс сегіз жасқа толар еді. Амал нешік. Тура алпыс жасында өмірден озды. Біз екеуміздің шаңырақ құрғанымызға қырық жыл, екі ай, он сегіз күн! Үнемі осы сандарды есіме жиі аламын. Балалары да,немерелері де, келіндері де Бәтима аналарын сағынады. Жиі естеріне түсіреді…
– «Орнында бар оңалар» деген, шүкірсіз ғой, аға. Тағы да қайталап айтайын, Бәтимадай асыл анадан, Хатимолладай әкеден тәлім-тәрбие алған ұлдарыңыз Сізді және жылы ұяңызды ұятқа қалдырмақ емес. Ел-жұрт бұған сенімді. Менің ойымша, жинаған дүние-байлықтың, қолдың кірі қызметтің, атақ-дәреженің құны түкке алғысыз секілді егер алтын асықтай ұлың мен күміс қасықтай қызың үмітіңді ақтамаса?! Қос құлынды түзу жолмен жүргізген Сіз өте бақытты әкесіз! Осы орайда, тал бесіктен балаға берілер тәрбие туралы халқыңызға не айтар едіңіз?
– Сауалың өте орынды. Әу бастан ұлға талап әкеден деп айқым келеді. Мына жұмысты жасауың дұрыс, ал мынауың дұрыс емес деп шегені қаққаннан, қолына айыр мен күрек ұстағаннан бастап ұлды үйрету керекпіз. Ұл болсын, қыз болсын үйдің тірлігіне ерте бастан бағыттаған дұрыс. Баяғыда «Әкеңе айтам!» деген бір ауыз сөздің өзі пышақтан да өткір еді ғой. Әкеміз ұрып-соқпаса да, жұдырығын алып жүгірмесе де осы сөздің өзі ауылдағы барлық баланы тәрбиелейтін. Түзу жолға салатын. Өз отбасыма келетін бол- сам, керсінше екі баланы көбірек еркелеттім. Үш ұлым өмірден өткесін бе, жүрегім жібіп тұратын. Менің нағашыларым төре! Мінезім ыссы, ұнамаса бетке тура айтып тастаймын. Мінезі жібектей болып көрінгенмен Бәтима марқұм екі балаға қаталдау қарады. Оларды менің атымды атап, қорқытатын. Жанұяда иә әкеде, иә шешеде сес болу керек. Екеуіне де кішіпейіл болуды, үлкенді сыйлауды, ағайын-туыспен араласуды, қарапайымдылықты үйреттік. Қоғам мен ортадағы, көшедегі тәрбие және бар. Егер баланың санасында болмаса, айтқан ақылыңның пайдасы шамалы.
Тәрбие мәселесінде ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық құндылықтар басым тұруы қажет. Мен ұлдарымды ғана емес, келіндерімді де мақтан етемін. Жоғарыда әңгімемде шет жағасын айттым ғой, Нұрғисаның жан-жары Ботакөз жайлы. Құдам Нәби қазір бұл өмірде жоқ. Құдағайым Нұрқияның берген тәрбиесін, тазалығын, адамгершілік қасиеттерін келінім Ботакөздің бойынан көріп келемін. Нәби құдам болмаса да, ағасы Мәди мен жеңгесі Раямен де мидай араласамыз. Сол секілді Аңсар баламның үйіндегі Аиза келінімнің ата-анасы, Едіге құдам мен Меруерт құдағайым да жақсы жандар. Олар да Тереңкөл деген ауылда туып-өскен. Менің балам, менің қызым демей екіжақтың ата-анасы ортақ мәмілеге келіп, тату болса, жастар да бізден көрген сыйластықты әрі қарай жалғастырады. Әр қазақтың шаңырағы шайқалмай, ырысы мол, берекелі болуын тілеймін. Бақыттың шамын ешкім үйіңе әкеліп қондырмайды. Бақытты болу – өз қолымызда!
– Рахмет Хатимолла аға! Бүгінде санамызға сіңбей жатырған ұлттық тәрбие жайында жақсы ой қозғадыңыз. Бұйыртса, осы ақпанның соңында жетпістің де шыңына өрлегелі отырсыз! Алпыс жасыңызда екі сағат бойы тоқтамастан «Айман-Шолпан» эпосын сахнада бұлбұлша сайратып едіңіз. Енді, жетпісімде концерт бермеймін деп беліңізді бекем буыпсыз. Себебі неде?
– Ешқандай себебі жоқ. Алпыс жас пен жетпіс жастың айырмашылығы біршама. Адам баласы он жыл түгіл, күн сайын өзгереді. Үлкен концерт беруіме болады. Даусым бабында. Дегенмен, жас ұлғайған сайын денсаулық кеміп, кәрілік жеңе түседі. «Ән айтсаң-жаныңды жеп айтасың» деген екен. Жаныңды жеп айтатын даусың шаршап, қырылдап тұрғаның кімге керек? Көрерменді алдарқатудың қажеті жоқ деп зейнеткерлікке шығып, облыстық филармониядағы жұмысымды тапсырдым. Біраз шәкіртерім бар тәрбиелеген. Негізі сұқбатты менен емес, солардан алуың керек еді.
Осыдан он жыл бұрынғыдай республиканың әр түкпірінен үзеңгілестірімді шақырып, әнші-жыршылардың басын қоспаймын. Әрине, тума-туыстарым, құда-құдағайларым, әріптестерім жан-жақтан қаумалап келеді. Кең дастархан жайылады. Құттықтаушыларды қош аламын. Мерейлі жасымды сыйлап қалалық кітапханалар, музейлер кездесу кештерін өткізуде. «Ақжайық» телеарнасы «Күншуаққа» қонаққа шақырды. Өзің газетіңе жазғалы отырсың. Туған жерім Казталовка ауданы қол бұлғап отыр. Қыстан аман шығып, жер кепсе мамырдың он бестерінде ел жаққа барып қайтамын.
– Ел ағасынан, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінен» Ақ Жайық елі қашанда бата алуға, тілегін тыңдауға асығады. Ендеше, ел атынан алақанымды жаяйын?
– Алдымен бәріміздің арманымыз – елдің еңсесі биік болсын! Қаңтардағы қайғылы оқиғалар енді қайталанбасын! Халқымыздың ырысы, ырыздығы көбейсін. Жастарымыз тегін оқып, білім алсын. Оқуға түсіретін мемлекеттік гранттар көп болсын. Шетелге асыққан қыздарымыз бен ұлдарымыз өз Қазақстанында қалып, алған білімдерін, күш-қайраттарын еңбектері арқылы осы елдің дамуына, игілігіне жұмсасын. Правовой цинизм түбегейлі жойылсын! Яғни, тамыр-таныстық арқылы оқуға түсіп, жұмысқа орналасып, бірін-бірі сүйрелеп, бірін-бірі жетектеп жүргендер өспесін! Білімді жастардың жолын білімсіздер кеспесін! Сыбайластық пен жемқорлықтың жолынан кім-кімде аулақ болсын. Менің тілегім осы. Әрдайым жұртымның амандығын, жарқырап жүргенін көргім келеді. Жетпіс бес пен сексенге Құдай жеткізіп жатырса, халқыма тағы да батамды берермін. Әзірге осы берген батам қабыл болып, тілектерім орындалсын.

ТҮЙІН: Дүркіреген айтыста талай жүлдені қанжығасына байлаған шешен тілді, «сегіз қырлы – бір сырлы» Қатимолла ағамыздың дуалы аузынан шыққан әрбір сөзі қасиетті емес пе. Арда азаматтың сыр-сұқбаты осылай тәмамдалды. Дарынды өнер иесінің арамызда аман жүріп, Жамбыл атамыздың жасына келуіне тілекші болайық, ағайын!

Сұқбаттасқан Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
88 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
304 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
792 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1168 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1092 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1529 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2144 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2311 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2318 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2368 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2371 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
2009 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2853 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2906 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2903 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3511 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3482 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3470 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3449 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3610 0
Бәрекелді!
АҚЖАЙЫҚТА ӘДЕБИЕТШІЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ
10 Қазан 2024
3656 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»