Гүлнәр ДӘУКЕНОВА: «Қасиетті жерден қасіретті үн шығады»
Аяулы әрі талантты композитор, әнші-күйші Гүлнәр Дәукенованың өмірден өткеніне мінекей, қырық күн өтіпті. Жүйрік уақыт әркімді өз көшіне ілестіріп бара жатыр. Алыстағы Алматыдан Орал қаласына сапарлатып, сағынып келген сәттерінде жүзі айдай жарқыраған ақ көңіл Гүлнәр апамызбен сұқбаттасып, сырласуға асығып тұрушы едік. Алғаш рет өтінішімізді жерге тастамай «Жайық үні» газетіне тап осы сыр-сұқбатын беріп, өнерін насихаттап жүретін журналистер қауымын қадір тұтатынын айтып еді.
Біз, Гүлнәр Дәукенованың жанұясына, отағасы, белгілі өнер азаматы Қажымов Донеділ Ізмағамбетұлына қайғыра көңіл айта отырып, марқұм апамыз, өнерде шоқтығы биік жарық жұлдызымыз Гүлнәр Дәукенованың әруағына, рухына бағыштап тап осы редакция архивінде біраз жылдар сақталған, бұрын осы газетте жарияланған сыр-сұқбатты оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Халқымыздың талантты тағы бір аруы Гүлнәр Дәукенованы кім білмейді?! Алты алашқа «Сағындым сағым жылдар», «Әппақ қарлар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім», «Астана байтақ», «Құштар көңіл» әндерімен, бұл аздай бірнеше күмбірлеген күйлерімен кең танылған Гүлнәр Дәукенова қара жаяу емес. Өзі де, жүрегі де нәзік жан бүгінде жастайы-нан жанына серік етіп, баптап күткен «өнер» атты бақшасының жемісін татып келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова елінің абыройына қаншалықты бөленсе де болдым, толдым демейтін, үнемі ізденісті өн бойынан талап ететін қарапайым жан.
– Гүлнәр апа, біздің «Жайық үні» газетіне қош келдіңіз. Бұл басылым өзіңіз секілді сүттің бетіне шыққан қаймақтарды іздеп жүріп оқырманмен тілдестіреді, жүздестіреді. Көптен қолға түспей жүрген қонақтың бірі едіңіз. Бүгін сәті түскендей. Ал енді өткен айда Жастар Мәдениет үйінде отағаңыз Донеділ Қажымов екеуіңіз жеке концерт беріп, атын «Екеуміз» деп атадыңыз. Дон-ағаның «Біз екеуміз» деген кең тараған әні бар еді. Соның «Бізін» неге алып тастадыңыздар? Себебін білуге бола ма?
– Көп рахмет, Мира. «Екеуміз» дегенде, біз бұл өмірде атымызды, өзімізді жасаған адамдармыз екі жақта жүріп. 2007 жылы болар-ау осында менің жеке концертім өтті. Сол кезде Донеділ менің бір әнімді орындады. Ал қазір тағдырдың бұйырысымен мынау тылсым тірлікте де, сахнада да біргеміз. Сондықтан, концертіміздің атын «Екеуміз» деп қойдық. Бір жағынан көрерменді тарту үшін, афишадан көрген жұртқа қызықтырақ болу үшін осылай атауды шештік. Адам оқылмаған кітап секілді жұмбақ болуы керек қой. Сол концерттің алдында көршілес Орынбор облысынан гастрольдік сапармен келе жатқанбыз. Ол жақтағы Мәдениет министрлігі мен Халықтар достығы үйі бізді арнайы шақырған болатын. Ресейдің екі қаласында өнер көрсеттік. Халық дән риза болды. Әніміз бар, күйіміз бар дегендей. Содан ауылдың іргесіне келгеннен соң ат басын Жайыққа бұрдық. Алтыншы мамырда концертімізді бердік. «Екеуміз» жақсы ән кешіне айналды. Зал толы болды. Халық деген қырағы ғой.
– Сіз Ұлы Абай атамыз туған топырақтансыз. Өнер жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Иә, Семей жақтың қызымын. Үржар ауданы деген бар табиғаты Алматымен тұстас келетін. Атақты адамдар шыққан өңір. «Қасіретті жерден қасиетті үн шығады» деп босқа айтылмаған шығар. Талай белді-белді адамдардың Семей топырағынан шығуы тегін емес. Сол кісілердің шапағаты тиген шығар. Кішкене кезімнен әнге құмар болдым. Әсет Найманбаев деген атақты ақын, композитордың қызы Сәмәгөйдің сәби кезімде батасын алғанмын. Бұл да тегіннен тегін емес. Одан ата-анам да өнерге жақын болды. Анам Ырысқан әнді тамылжытып айтатын. Қара сөздің шебері еді. Мақал-мәтелсіз сөйлемейтін. Әкемнің де даусы жақсы еді. Татарша әнді нақышына келтіре шырқайтын. Өз әкемнің әкесі қырыққа дейін домбырасын серік етіп, сал-серілік құрған екен. Біздің Шығыстың бір байлығы, Абай атамыздан қалған мұрасы – сөздің мағынасын түсінетін, мәні мен қадірін білетін ел болғаны. Мен осы үшін де мақтанамын. Ауылға атақты адамдар келсе көбіне біздің үйден табылатын. Сол кісілердің тартқан күйлері, салған әндері менің әлі күнге құлағымда. Мағауия Хамзиннің күйлері, Жамал Омарованың әндері. «Баланы жастан» деп текке айтпайды. Осындай жандарға еліктеп, арманым артист болу еді. Талабымды байқаған ата-анам бірден музыка мектебіне берді. Ең бірінші түлегімін музыкалық мектептің. Отыз бес жыл болды мектептің құрылғанына. 926 оқушы бітірсе, солардың арасында жалғыз Қазақстанға еңбек сіңірген артисімін. Соған байланысты кітап жаздым «Бастау бұлағым» деген. Ауданның 80 жылдығына сыйлық болсын деп. Музыка мектебінде жүріп ауданның, облыстың, республиканың лауреаты атандым. Әуелі училище бітіріп, Қазақтың Мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы оркестріне қабылданып, Шамғон Қажығалиев ағамыздың таңдауынан өтіп, 25 жыл сол оркестрде табан аудармастан жұмыс жасадым. Сол еңбегім тегін кеткен жоқ. Талай жердің дәмін татып, талай жердің суын іштім осы қоңыр домбыраның арқасында. Скрипка мен қобыздан гөрі домбыраны таңдадым. Киелі домбырам әлі күнге жетектеп келе жатыр.
– Дұрыс айтасыз. Өнеріңіз композиторлыққа ұласты. Марқұм Мәдина Ералиева жеткізіп шырқаған «Сағындым сағым жылдар» әніңіздің өзі неге тұрады. Енді осы қабілетіңіз туралы айта отырсақ.
– «Мен дейтін шөл, біз дейтін көл» деп халық бекер айтпаған. Қанша мойындалып жатсақ та өнерден танған емеспін. «Сағындым сағым жылдар» әні алғаш шыққанда мен осы әннің авторымын деуге ұялатын кездерім де болған. Қазір енді шүкіршілік. Тіпті «Сағындым сағым жылдарды» сахнадан шырқаған кездерде әннің авторы деп мені таныстырғанда құрақ ұшып, отырғызатын жер таппай таңқалған көрермендер де болған. Соған қарағанда, әнімнің әсерлі болғаны-ау деймін. Бұл ән Әуезов театрында «Мәңгілік бала бейне» спектакліне лейтмотив болып алынды. Өн бойына осы музыка ойнап тұрады. Сонда қатты жыладым. Бірінші көргенімде көңілім қобалжыды. Ол кезде анам қайтыс болып, жүрегім босап жүрген кездерім еді. Басты тақырыбының өзі – Семейдің полигоны. Егер полигон болмаса анам тірі болар ма деген өкініш бар көкірегімде. Сөйтсем, қоюшы режиссер Болат Атабаев «Неге жылап тұрсың, өзің осындай музыка жазып алып?» дейді. Жылап, жылап спектакльден шыққаннан соң өзімді іштей мойындағандай болдым. Иә, мен осы елімнің бір кәдесіне жараған екенмін деп ойладым.
– Өнер адамына қандай қасиет тән? Қарапайымдылықты қалай түсінесіз?
– Үлкен ағаларды көріп өстік. Олардың кішіпейіл мінезін бойымызға сіңіріп өстік. Кейде қарапайым тілде, қарапайым қалпыңда сөйлесе қалсаң «е, бұл өзіміз ғой», «Дәукенова деген осы ма» дегендей, төбеңнен төніп тұратындар болады. Керісінше кей адамдар ауыр сөзге, теріс ойға қимайды. Бағаңды білетіндер бар, жоқ емес. Бірде шипажайға бардым апа-жездеммен. Содан концерт бер деген ұсыныс түсті. Келістім. Сыртқа афишамды іліп қойды. Соған қарап тұр едім қасыма екі әжей келіп: «Қарашы мынаны, өзі жап-жас. Атақты алып алған. Өзі қайда жүр екен? Ертең келетін шығар бәлсініп» деді. Шошып кеттім. Бірақ үндемедім. Кешкісін мені сырттай білетін үлкен кісілер холдағы домбыраны әкеліп, ән айтшы деп қолқа салды. Өтініштерін жерге тастамай бір-екі ән орындап бердім. Тағы айтшы, тағы деп еді, ертең концертіме келіңіздер, сонда айтамын дедім. Манағы екі әжей сол сәтте төмен қарап, қысылыңқы-рап қалды. Сөйтсем олар мені әпкемен шатыстырып-ты. Қарапайым болғанмен, өзіңді сыйлататын жерде сыйлатып, көрсете де білу керек. Өзімді қарапайым ұстауға тырысқанмен, кейде тым қарапайым болып кеттім бе деп ойлап қоямын. Сені түсінетін де, түсінгісі келмейтін де адамдар бар, жоқ емес. Біреулер міне, мен келдім деп есікті сарт еткізіп ашып кіріп, айқай-ұйқаймен мойындатқылары келеді. Өзіміз мәдениетті әкелушілерміз. Өнер адамының тәрбиелі, ибалы болғаны дұрыс. Қарным ашатын кездерім көп. Сен мәдениетті, сыпайы сөйлесіп, сыйласқан сайын жаныңды түсінбейді. Қайда апарғысы келсе, сол жерге апаруға болады деп ойлайды. Қай жерде сыйлап жіберсе, сол жерде сыйлап жіберуге болады деп ойлайды. «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың» деген тағы бар. Бірақ, өз басым көрінген жерге бармауға тырысам. Саяқ жүрем. Көп әртістерден басты айырмашылығым – той сағалап кеткен жоқпын. Қиыншылық бәрімізде де болды. Артист деген атыңа сай, сол кісіні қалай көрсек екен, атын шығарған қандай шығармасы екен деп жұрт іздеп жүретіндей, бірте-бірте танылғаннан артық ешнәрсе жоқ . «Әсіре қызыл тез оңар» деген рас.
«Өй, анау әртіс кеше тойда жүр ғой» деген сөз жанға батады. Иә, қиын. Заман қиын екен деп дүниенің соңынан түсіп, бәрін жиып ала алмайсың. Әркім өз қадірін білуі керек. Тойларға шақырады мені де. Ондайда нағыз шақырғың кеп тұрса қанша төлейсің деймін. Мен арқылы ақша тапқысы келгендер де болған. Бойымды ондайлардан аулақ ұстадым. 1990 жылдары «Дәукенова кім?» дегенде айтатындай, өз даусыма сай «Қайран уақыт», «Аппақ қарлар» секілді әндерімді жаздым. Кейбір телеарналарға, басылымдарға сұқбат беруден қашамын. Әр нәрсенің өз деңгейі бар. Бір теледидар каналдары қиылып: «Гүлнәр тәте, «Дәукенова» болып киініп келіңізші, бір жақсы бойтұмарыңызды ұстай келіңізші, сізден ескерткіш болсын» дейді. Өзімді сыйлап, шақырған жерден қалмаймын. Айлықсыз жүрген күндерім де болды. Оған да төздім. Қазақтың маңдайына біткен нәрсе бұл – төзім, шыдамдылық, сабырлылық. Сол кезде әнді тастап, өнерді ысырып қойып басқа салаға кетіп қалсам, қазір қандай күйде болар едім. Өмір болған соң бәрі болады. Біреулер жазықсыз жазалап, қатты ренжітті де. Қоймастан жеті сағат жыладым. Бәрі де осы өнерге қатысты. Көзі ашық әріптестерім арашалап қалды. Адам баласы шегіртке емес, бәрін отап кететін. Жоққа жоқ деп, барға бар деп қанағат етемін. «Бәсең бол, бәсең болсаң қосыларсың бәйгеге, асқақ болсаң асыларсың аспаға» деуші еді анам. Анамның әр сөзі жүрегіме жатталып қалған философия.
– Алматыда кімдермен араласып тұрасыздар?
– Көп-ақ, дос-бауырлар, игі жақсылар. Атақты жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз Донеділ екеумізді өте жақсы көреді. Үйімізге қонаққа келгенде 12 томдық кітабын өзімен бірге ала келді. Жазушының өз қолынан кітабын алу біз үшін үлкен мәртебе әрине. Қадыр ағамен де сыйластығымыз үзілген емес. Ағаның «Құштар көңіл» деген өлеңіне ән жаздым. Осының бәрі жаныңды жылытады. Рухани өсуіңе әсер етеді. «Алматы ақшамы» деген қалалық газетті үнемі алып отырамыз. Жақында сол газетке Донеділ екеуміз көлемді сұқбат бердік. Сонда біздің күнделікті тірлігіміз жайлы, сырлас достарымыз жайлы толық жазылған.
– Жаңа үн таспаңыз шығыпты ғой. Құтты болсын! Ішіне қандай әндеріңіз енді?
– Әрине, марқұм Мәдинаның, сосын Нұрғали Нүсіпжановтың, Мақпалдың, Шәкизада мен «Жігіттер» тобының орындауында бірнеше әндер бар. Жақында бір құдам CD-ді тыңдап: «Гүлнәр, сенің бір әнің бір үйір жылқыға тең» деп мақтап қойды. Бұған да шүкіршілік. Мен композиторлықты 1993 жылы бастадым. Еліміз тәуелсіздік алған тұста «Жасай бер, Қазақстаным» деген күйімді шығардым. Желтоқсан оқиғасын ойласам әлі күнге құйқам шымырлайды. Бұл күйіме «Салтанат» би ансамблі би қойып, шетелдерге алып шықты. Осы күйім де бар CD-де. «Мөлдір сезім» деген әнімді Донеділ екеуміз қосылып айтамыз. «Мұхамбет Пайғамбар» деген әнім де енді. Бұл ән тапсырыспен жазылған еді. Тапсырыспен алмаушы едім. Бірақ таңертең ән дүниеге келді.
Бақ деген қиын нәрсе ғой. Біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады. «Тауып қонған бақ есейтеді, ауып қонған бақ есіртеді» дейді. Композитор жүрегіндегі бар нәрін сығып бермейінше, ғұмыры ұзақ ән тумайды. Сөзге терең мән беру керек. Ән жазу өте қиын нәрсе. Өнер адамының бергенінен берері көп болса шіркін… Айтпақшы, үн таспамның жарыққа шығуына Бақытжан Бажиков деген азамат демеуші болды. Өзі – жымпитылық. Қазір Алматыда үлкен бизнесте. Сіздің газет арқылы Бақытжанға мың да бір рахметімді айтамын.
– Сізді түрік тілін жақсы меңгерген деп естідім. Бұл тілді қалай үйрендіңіз?
– Журналистердің білмейтіні жоқ-ау (жымиып күліп қойды). Құрманғазы оркестрінде жұмыс істей жүріп, ертеректе Түркия еліне гастрольдік сапармен бардық. Әлбетте, концертті қазақша, орысша өзім хабарлаймын. Бұл жұмыс маған ғана жүктелген. Түркиядағы концертті бірінші күні орысша жүргіздім. Зал толы көрерменнің түсініңкіремей, тосырқап отырғанын сездім. Содан түріктің әнші қызымен ақылдасып, сол тілде жүргізбек болдым. Түрікше жатпай-тұрмай тіл үйрендім. Жанымның қысылғаны соншалық, бір-ер күннің ішінде концерттік бағдарламаны түрікше жаттап алдым. Осылайша түрік тілін үйреніп кеттім. Бірде қызық болды. Тағы да гастрольдік сапарда жүрміз. Қонақ үйде айнаға қарап қойып, жалғыз өзім айқайлап әзірлік жасаймын. «Сіздердің алдарыңызда, атақты Құрманғазы оркестрі!» деймін баяғы. Содан еден жуатын апай бөлмеме кіріп келіп: «Айналайын, Құрманғазының концерті қай арнада болып жатыр, айтшы? Кешеден бері телевизорды қараймын, бірақ таппаймын» дейді. Мен күліп жібердім.
– «Сағындым сағым жылдар» демекші, қайран Мәдина апамыз ұмытылып бара жатқан секілді. «Қош енді, қош бол қоңыр күзін» де дәл өзіндей ешкім шырқаған емес. Даусы бұлақтай сылдырлаған әдемі әншімен көзінің тірісінде қаншалықты жақын араластыңыз?
– Бұл ойыңа келісемін. Сіңлісі Сағира бір күні маған мұңайып телефон шалды. «Сізден басқа ешкім Мәдинаны айтпайтын болды. Сізге рахмет» деді. Баласы Арсен жиі-жиі звондап тұрады. Мейрамдарда телефон соғады құттықтап. Өйткені анасының 10 жылдық еске алу кешінде Мәдинаға арнаған күй-поэмамды тартып берген едім. Ал «Сағындым сағым жылдарды» Бақыт Шадаева, Айгүл Иманбаева, Меруерт Түсіпбаева үшеуі айтқан-ды. Ал «Күрең күзді» Мәдинаның өз даусымен жібердік. Мәдина марқұм менің үш әнімді нақышына келтіріп айтушы еді. Сол жолы «Шыңдағы шынарым-ай» әнімді өзім орындадым. Мәдинаны аппақ көңілмен жарқырап жүретін, ерекше таза сыңғырлаған дауысты жан ретінде білетін едім. Бір күні концерттің дайындығы өтіп, менің «Жасай бер, Қазақстаным» күйіме би қойылып жатқан еді. Бір уақытта Мәдина асығып кіріп келе жатты. «О, сәлем!» деді маған. Өзі асығып жүруші еді марқұм. «Неғып тұрсың?» деп сұрады. Мен мән-жайды айттым. «Қойшы, сенің ондай өнерің бар ма» деді. Содан мен оны оңашалау алып шығып, «Мәдина тәте, сізге бір әнім бар жазып қойған» дедім. Сосын «Сағым жылдардың» музыкасын ыңылдап айтып бердім. Ол бірден елең ете қалды. «Мен алам бұл әнді. Мен айтам» деді. Екеуміз жеті ай бойы осы әнді пісіріп, оранжировкасын жасап, жұмыс істедік. Алғаш рет Мәдина әнді республикалық Әйелдер форумында айтты. Шырқаған бойда халыққа ұшып кетті. Шынымды айтайын, біздің арамызда тек шығармашылық байланыс қана болды. Артық сөзден алыс жүрдік. Бір күні мен туралы сұқбат бергенде Мәкеңнің: «Гүлнәр Дәукенова қарапайымдылығымен, парасаттылығымен өзін-өзі көрсетуге асықпайды» деген сөзі таспада жазылып қалыпты. Мен осы бір ауыз сөзі үшін Мәкеңе басымды иемін. Әрине Мәдинаның атағымен атақ жамағаным жоқ. Қашан да Мәкеңді таза, өнер адамы ретінде, бірінші әнші ретінде құрмет тұттым. Әр әнім туған баламдай болса, әндерімді халыққа жеткізген әншілердің орны да мен үшін бір төбе. Соның ішінде Мәдинаның! Рухы жұмақта жатқан шығар. Ел сүйсінген табиғи таланттың ғұмыры өте қысқа болғаны барша қазақ баласының қабырғасын қайыстырды. Қайтерсің, «Жазмыштан озмыш жоқ» қой.
– Гүлнәр апа, болашақта туған топыраққа түбегейлі оралу ойларыңызда бар ма? Ақ Жайық жұртшылығы дара дарын – Донеділін сағынатын секілді. Сіздер төбе көрсеткен сайын көпшілік: «Донеділ келіпті ғой» деп қуанып жатады.
– Енді, Донеділ осы Батыс Қазақстанға отыз жыл еңбек еткен азамат қой. Ауылдағы автоклубтан бастап, өңірдің мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденінің иегері. Композиторлар Одағының осы облыстағы бөлімше төрағасы. Екінің біріне мұндай атақ алу, орден алу қиын өнерде жүріп. Мұның бәрі еңбегінің арқасында келді. Тіпті Донеділдің «Ақ Жайық – ару мекенім» әнін осы өңірдің гимні деп халық қабылдайды. Халық айтса қалт айтпайды. Кейде радиодан, теледидардан осы ән орындалған кезде еліміздің әр түкпірінде жүрген жерлестері Донеділге телефон шалып, Жайықты сағынып кеткендерін айтады. Сол сәтте Донеділдің де көңілі толқиды. Донеділді «Жайықтың сазгер Шәмшісі» дейді жұртшылық. Сондықтан мен Донеділдің азаматтығы, адамгершілігі, еліне деген махаббаты өте ерекше деп ойлаймын. Біздің Жайыққа жиі келетініміз де – сол. Бүйрегіміз бұрып тұрады. Донеділ елдің ортасында жүрген азамат болғаннан кейін еліне қарайлап, «Барып қайтсақ қайтеді, Оралды көріп қайтсақ қайтеді» дейді. Оны бір күш елге тартады да тұрады. Шаруаның бәрін ысырып қойып, бір-екі айдан соң қайтадан жинала бастаймыз. Мен енді азаматым айтқаннан соң не істейін. Жалғыз өзін жіберген емеспін. Өйткені азаматтың сағы сынбауы керек. Анам «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деп айтатын. Азамат әйелінен төмен болмай, жоғары тұрғаны жөн. Сол кісінің айтқаны заң мен үшін. Біреулер сыртымыздан күңкілдеп, бұлар жиі келгіштеп кетіпті, елшілеп кетіпті дейтін шығар. Донеділді бағалап, түсінген кісі мұндай жеңіл сөздерден аулақ болуы керек деп ойлаймын. Өйткені адам өзінің туған ортасына, туған үйіне келмегенде қайда барады? Азамат біткен Донеділдей болсын деймін. Еліне, Жайығына деген он шақты әні бар. Бір ғана тақырыпқа осыншалық әсерлі ән жазу ақын болсын, қандайма композитор болсын оңай шаруа емес. Бұл – ерлік. Мәселен, жапондықтар «Өнер адамы – байлығымыз» дейді екен. Біздің Донеділ соның бірі де, бірегейі. Ол осы теңеуге лайық. Кейде қайындарыма көңілімдегі назымды айтып қаламын. «Біздің Донеділдің билборды неге жоқ? Неге билборды жарқырап Оралдың бір көшесінде тұрмайды? Елдің сәні де, әні де, мәні де болып жүрген азаматтарың емес пе?!» деймін. Менің тілегім – Донеділ облыстың көркі болып, гимннің авторы болып, бильбордта тұрса артық болмас еді. Әркім өз елінің патриоты болып, еліне қызмет жасағысы келеді. Қызмет жасағысы келсе, осы Донеділдей жасасын. Атақты ақын Шөмішбай Сариевтің Донеділге арнаған өлеңінде: «Егер сен Жайықты білгің келсе, Донеділдің жүрегін ұғын» деген жолдар бар. Былтыр «Ақ Жайық – ару мекенім» әніне бейнабаян түсірдік. Ондай клип жоқ дер едім. Бұл бейнебаян еліміздің телеарналарына кең тарады. Мысалы мен Семейдің қызымын. Неге «Семейім» деп клипке түспеймін. Не болмаса «Шымкентім», «Таразым» деген әнді естіген емеспін. Ал Алматының қақ ортасында тұрып, «Ақ Жайығым» деп елін әнге қосып жүрген тек Донеділ ғана. Клиптің ішінде бірнеше би ансамбльдері бар осы жердегі. Сырым бабамыздың ескерткішінен бастап Оралдың көрікті жерлерінің бәрі қамтылған. Клипте Донеділ көлікте келе жатып туған өлкесі туралы баяндайды. Ақ Жайығым осындай деп марқаяды. Сондықтан менің бір назым мен өтінішім – Донеділ билбордта тұрса екен жарқырап. Мұның бәрін отағам болған соң айтып отырған жоқпын. Донеділ осы өңірге бөтен болмаған соң айтып отырмын.
Енді тағы бір сұрағыңа жауап берейін. Біз елден кеттік деп айтпаймын. Елдер шетелге де кетіп жатыр ғой. Оның қасында біз елде жүрміз. Сағынғанда келеміз Құдайға шүкір. Туған туысқандарымыздың бәрі келген сайын құшақ жайып қарсы алады бізді. Есет Әзербаев ағамыздың үйі біз үшін үлкен қара шаңырақ. Өз басым Есет ағама қамқорлығы үшін басымды иіп, алғысымды айтамын. Енді Қайрат Жұмағалиев ағамыздың осында көшіп келгені де бізді қуантады. (Бұл ағалар да өмірден өтті, автор) Өте жақсы көретін ағамыз. «Ақ шағала» атанған Ақұштап апамыз бар. Мақсот Берген мен Меруерт апамыз бар. Халықтың да, дос-бауырдың да Донеділге құшағы ашық, пейілі кең. Ризамын бәріңізге.
– Жақсы Гүлнәр апа, біраз әңгіменің басын қайырдық. Тұшымды әрі тартымды әңгімеңіз үшін Сізге үлкен рахмет. Әндеріңізді әуелетіп, ағамыздың қасында аман-сау жүре беріңіз.
– Айтқаның келсін. Үнемі адамдардың бойынан бірсөзділікті, шынайылықты, тұрақты ой-пікірді көргім келеді. Сондықтан «Жайық үні» газеттеріңіз арқылы өнер сүйер қауымға, ел-жұртқа, халқыма тыныштық пен ұзақ ғұмыр, ашық аспан тілеймін. Көріскенше бәрімізде аман болайық. Амандықта жүздесейік.
Сұқбаттасқан Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
(Автор: Гүлнәр Дәукенованың көзі тірісінде жазылған бұл сұқбат еш өзгерместен «Жайық үні» газетінің архивінен алынды).
Версия для печати
Пікір үстеу