8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
07 Мамыр 2021 22017 0
«Жайық үні» — 30 жыл

ЕСКІРМЕЙДІ ЕСКЕРТКІШТЕЙ «БАТЫР АҒА» БЕЙНЕСІ

ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!»

   

 

Ұлы Жеңістің 76 жылдығына екі-ақ күн қалыпты! Ардагер аға-апалар жайлы «Орда жұлдызынан» бастап, «Орал өңірі» мен «Жайық үніне» қырыққа жуық мақала жазыппын. Қазір архивімде отыз үші сақтаулы тұр. Бұл – боздақтар мен майдангерлер рухына, жерлес батыр бабаларға тағзым ету. Айтпағым, 2012 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, атпал азамат Абдушев Есбол Мамайұлы туралы «Ескірмейді ескерткіштей «батыр аға» бейнесі» деген ой-толғау жаздым «Жайық үніне», марқұм Мәрия Мамайқызы Абдушеваның ұсынысы бойынша. Апай мені өзіне жақын тартатын, сенім артатын. Кештерімнен, жақсылықтарымнан қалмайтын тұла-бойын кәрілік жеңіп бара жатса да!

Есбол аға туралы көлдей мақалам шыққанда Мәрия апам: «Миражан, бар шеберлігіңді салып жазған екенсің. Енді осы мақалаңның желісімен кино түсіртемін. Теледидардағы шәкірттеріме қолқа саламын. Батыр бауырымның ерлігін бүкіл ел білу керек!» деп шегелеп айтқан-ды. Алайда, жүйрік уақыт жеткізбеді. Жалғыз ұл кетті кәрі ананың көз жасын сорғалатып…

Баласының күйігінен қайғыға батқан Қарасай атай және есеңгіретті! Сосын өзі!.. Кино бола ма? Ардақты ұстаздың арманын болашақта сүйікті телеарнамыз «Aqjaiyq» жеткізер, аруақтар рухын оятар деп ойлаймын. Осы мақалада Есбол Мамайұлы жайлы жылы пікір айтқан кейбір ағалар қазір арамызда жоқ. «Қадіріңді білдік пе, қайран уақыт» деген осы! Ұрпағын жаудан, елін қастандықтан қорғаған аяулы жандардың аруағы Қасиетті Рамазан айында баршаңызды желеп-жебегей деймін.

Автор

 

   «Ел еркесі – ер» демекші, елінің аяулы азаматына айналған Есбол  Мамайұлы Абдушевты бүгінде ұрпақтары мен бауырлары егіліп еске алады. «Бірімізге асқар таудай әке, бірімізге бауыр болған жақсы аға егер тірі жүрсе, биылғы жылы жүзге жетер еді» дейді арманның тау-тасын шарлап.

   Иә, 1912 жылдың 15 қазанында  Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында  дүниеге келген Есбол Мамайұлы  1942 жылы майданға аттанғаннан елу төртке дейін әскерде болып, соғыстың соңғы өрті сөнсе де үстінен сұр шенелін шешпеген екен. Сөйтіп, Отан–ананың алдында перзенттік борышын адал өтеп, туған топыраққа оралған аптал азаматтың кеудесінде «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, бірнеше медалдары жарқырады. Бес бірдей үкімет наградасы мен 53 рет алған алғыс хаты және бар.

   Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы полковник бұдан әрі өмірін елін өркендетуге арнап,  Орал облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы, Фурманов аудандық партия комитетінің І хатшысы, 1955-1962 жылдары Орал облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші  орынбасары, одан соң Ақтөбедегі өлкелік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау басқармасы бастығының бірінші орынбасары, кейін Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің депутаты да болған  Есбол  аға  екі дүркін Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, бірнеше төсбелгі мен Алтын медалды да қоса тағып, мынау жарық дүниеден кете-кеткенше халқының ыстық ықыласына, құрметіне бөленген Алты алаштың ардақтысы еді…

 

    Жазиралы кең даланың төсінде қаншама игі-жақсылар мен жайсаңдар жұлдыздай жарқырап өмірге келген десеңші… Суы балдай, қарағайы мен қайынына дейін қайратты Құм-Нарынның төсінде батырлық пен өрліктің мәңгі өлмес тұлғасына айналған Махамбет пен Исатайды айтпағанда, әскери қайраткер Шәкір Жексенбаев, Бисен Жәнекешовтей есімдері аңызға айналған асылдардың сынығы, ұрпақтардың жалғасы Есбол Мамайұлы Абдушевты да  бүгінде халқы, көз көрген қимастары сағынып еске алады.

Боз даланың қасиеті, алтын бесік туған жердің қанымен даритын, қанымен жұғатын махаббаты, ата-бабалардың рухы Есболды да алақанына салып әлдилеген сәбидей айдай ашық аспанға тік көтеріп әкеткен-ді. Жасынан жұртына жақсылық ойлаған бала жүрегі, бала қиялы есейе келе батырлыққа, жігерлікке шыңдайды. Үстінен қара тонын тастамайтын әкесі Мамайдың сырттан үйге кіріп-шыққан сайын: «Есболжан, қайткенде білім ал» дейтін әр сөзі, күйбең тірліктің соңында сылп-сылп жүретін анасы Ұмсынның мейірімге толы көз жанары оның болашағынан үкілі үміт күтетіндей. Ол үміт оқу еді… Сол арманмен Мамай қарт бірде ұлын жетектеп орыс мектебіне апарады. Ілкіде әкесінің тілін алмай ат басын ала қашқан Есбол шегінерге жер таппай қиналса да көп ұлтты құрбыларына амалсыздан бауыр басады. Кейін өзі бір ауыз орысша білмейтін, тұрмысы кедей шалдың ұлының келешегін алыстан болжағанына көз жеткізеді. Кекілі желбіреген Есбол әлгіндегі тектектігін сап тиып, дереу Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Оқысаңдар балалар, шамнан шырақ жағылардың» жолымен алға ұмтылады. Білімді жас құстай ұшып таудай талаптың жетегіне ілеседі. Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, Қазталовкіге білдей агроном болып келеді. Бойында қайнаған қызыл оттай қайраты бар, жүрегінде жұмыр жерге деген сәулесі бар жас жігіт туған елдің төсін жасыл желекпен көмкеріп, сары алтындай ақ бидайға толтырып, егінін ектіріп, шөбін шаптырып гүлдей құлпыртады. Алғашқы еңбек жолында өз қолтаңбасын дархан даланың төсінде қалдырған Есбол Мамайұлының биіктен-биікке самғау жылдары басталады. Бір күнін босқа өткізбейтін ол жылқы малын бағып, баптауды да, төрт түліктің  бабын қалай табу керектігін де үйренеді. Әкесі Мамайдан көргені, айналасынан  түйгені оның өмір мектебін осылайша қалыптастыра береді. Сөйтіп, Жалпақтал өңірінің де жер жаннатын жайнатады. Бұл жердің де даласын дәнге толтырып, қоймасын ырысқа кенелтеді. Екі ауданның қойнауын ырыс-құтқа, алтын дәнге  толтырған Есбол Абдушев сол кездегі басшылардың қатал сынынан сүрінбей өтіп, жауапты жұмыстарға жан-тәнімен кіріседі. Қандай ма қызметте тасы өрге домалаған білікті басшы елге, қоғамға, халыққа қат маман екенін адалдығымен, білімімен, көрегенділігімен дәлелдей түседі.

Сұм соғысқа өзі сұранды  

     Еліне қайғының қара бұлты төнгенде, халқы қара жамылғанда Мамай қарттың тұяғы қайдан ғана қарап қалсын?! «Мені де қан майданға алыңдаршы? Мен де елімді жаудан қорғайын, бөрік киген атым бар емес пе» деп үсті-үстіне хат жазып, ез емес, ер екенін білдіреді.  Кешікпей 1942 жылдың қаһарлы қысында, көз аштырмас ала боранда өзінің өтінішімен әскерге алынады. Алдымен Уфа қаласындағы әскери академияда оқып, жаттығады. Одан соң оның майдандағы өмірі  24502 әскери бөлімімен тығыз байланыста болады. Жүрегі жаудан сескенбейтін Есбол Мамайұлы кескілескен ұрыс даласында гвардия подполковнигі, рота командирінің орынбасары, батальон партия ұйымының хатшысы секілді үлкен-үлкен  дәрежеге дейін жетеді. Далада туып, ауылда  өскен қарапайым қазақ баласы осылайша ерлік пен өрліктің туын жықпай, соғыстың соңғы оғы біткенге дейін  майдандас, қарулас жігіттермен бірге  от кешіп, батырлықтың үлгісін паш етеді. Балтық жағалауы республикаларын неміс-фашистерінен құтқарып, жаудың Курландия тобын талқандап, жасампаз Жеңістің туын желбіретеді.

«Батырлығын» дәлелдеген айқас! 

 Қырандай жас жігіттің майданға сұранып, бойындағы өжеттігін жаудан жасыра алмауында бір сыр жатқан жоқ па?! Ол сыр–тағы да ата-бабалардың қанымен, рухымен ұрпақтан-ұрпаққа мирас боп жалғасатын Ұлы ЕРЛІК дейік! Киелі Ақ Жайықтан  шыққан танымал тұлға Есбол Мамайұлының қанында тектілік пен  асау толқындай тасыған күш-қайрат болмаса Батыс Двина өзенінің оң жағындағы жауды тойтарар ма еді. Жантүршігерлік бұл оқиғаны қандай ма көркем  тілмен, ұшқыр оймен жеткізу мүлдем мүмкін емес. Естіген жанның сай сүйегі сырқырайды. Әдеттегідей, кең далада сұрапыл соғыстың жүріп жатқан шағы. Қырық төрттің жиырма екінші маусымы батальон командирінің орынбасары әрі аға лейтананты Есбол Абдушевқа тағдырдың қатал сынындай тағы да сын сағаттар жүктелді. Жоғарыдан келіп жеткен шұғыл тапсырманы орындау мақсатында ширақ қимылдаған солдаттар жолға шықты. Алдарында о шеті мен бұ шеті жоқ, мөлдіреген көк өзен. Жүзу білмесе де осы өзеннің арғы жағына өтіп, 154-атқыштар полкін неміс-фашистерінен құтқарып, жол ашу керек. «Шешінген судан тайынбастың кебін киген ол жүзу білмесе де кесілген томарға  белін жіппен байлап, қасындағы өрімдей жігіттерді соңынан ерте жүріп, көздеген мақсатқа жетуге асықты. Сөйтіп бұршақтай бораған  жаудың оғынан да, ажалдан да сескенбеді.  Бірақ мұнымен іс бітпеді. Өзеннің әр жағына аман өткенмен, енді фашистерге қарсы оқ жаудырып, олардың көзін біржолата құрту керек. Соғыстың аты – соғыс. Темірдей қатаң тәртіп. Батыс Дивина өзені бір күн тыныш жатқанмен, ертесіне жаудың оғы табиғаттың тыныштығын бұзып, жауынгерлерге кедергі келтіріп, ашық аспанды қара түнекке айналдыруы әбден мүмкін. Небәрі бес-ақ жауынгер намысты қайрап, алға ұмтылды. Ақыры жауды тойтарып, басты бекіністі оқ пен өрттен қорғап қалды. Батальонның алға қарай  өтуіне жолдар да шайдай ашылды. Жауынгерлік тапсырманы уақытында орындап, иығынан ауыр жүк түскен Есбол Абдушев дереу №6 гвардиялық армия басшылығына телефон соғып, есеп берді.

– Генерал-польковник Чистяков мырза! Сіздің тапсырмаңызды бұлжытпай орындадық,–деп жарқын дауыспен болған оқиғаны қаз-қалпында жеткізді ол.

– Жарайсың, Есбол Мамайұлы! Жарайсыңдар жігіттер! Өзім де сіздерден жақсы хабар күтіп едім. Бесеуіңді де Батыр атағына ұсынамын» деді генерал шаттанып.

Осылайша, Есбол Абдушев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып еді, өкінішке орай бұл атақ-абыройға қолы жетпеді. Бұл туралы әйгілі жазушы Алексей Сурков біраз мақалалар жазып, қарғадай қазақ жігітінің асқан ерлігіне тамсанды.  Өйткені біреулер кенеттен көз жұмып, біреулер жазықсыз жараланып, біреулерге қара қағаз барып, дүние астаң-кестең болған шақта жіберілген құжаттар жоғалып кетсе керек. Әйтсе де «Ерлік ешқашан өлмейді!» Жауды жеңіп, жеңіс гүлін кеудесіне тағып еліне аман – есен оралған Есбол Мамайұлы «нағыз батыр, хас батыр» қалпында халқының жүрегінде жатталып қалды. Ендеше «Батыр» атандырған, «Батырлығын» дәлелдеген  сол бір айқас аға-ұрпақтың да есінен өше қоймас!

Топырақтың астында тұншықты

 Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,

Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп,

Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.

Жанын қиып кете алмай жас өмірден,

Асқақтаған арманға өрмелеумен,

Жас қазақ жатты көзі от жайнап.

Бұл, майданда мерт болған жас арыстан Төлегенге арналған «Жас қазақ» әні. Тура Төлеген секілді қыршынынан қиылып түсуге шақ қалған Есбол аға да елі үшін кеудесін отқа төсеп, жүрегін жаралай жаздап еді…

Иә, кеудеңде шырылдаған жаның барда, жүрегің лүпілдеп соғып тұрғанда қара топырақтың астында тірілей көміліп жату… Құдай басқа бермесін бұл сұмдықты! Бірақ, дәл осы қатыгез сәтті де біздің аяулы жерлесіміз басынан өткізді. Қырық екі мен қырық бестің арасындағы сұрапыл соғыс оны аждаһадай өлімге әлденеше рет итермеледі. Бір емес, үш рет қара топырақтың астында қалып, дем жетпей тұншықты. Қол-аяғы тыпырлағанмен, өр кеудесін топырақ жапқан жаралы солдат сонда мынау жарық дүниемен үнсіз ғана қоштасқан-ды. Көз алдынан сол сәттерде қасиетті мекені, алтын бесік ауылы, үміт күткен  ата-анасы, бауырлары бәрі-бәрі тізбектеліп бір өткен-ді. Қандай қорқынышты десеңші?! Кеудеңде шыбын жаның бар, бірақ Ұлы Абай айтқандай, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма…» Сызда жатқан оның не өлі, не тірі екенін жан баласы сезбейді, білмейді. Жазықсыз жанның жан айқайын әзірге ешкім естімейді.

Енді бірде қазылған окоптың ішіне жайғасып жауға оқ жаудырып жатқан жерінен алып танкі қасынан жанай өтіп, топыраққа бел ортадан көміп бір кетсе,  дәл осындай оқыс оқиғалар тағы да қайталанды. Өлім мен өмірдің екі ортасында өң мен түсін айыра алмай жатқан оны өзге ұлттың солдаттары, яғни қаруластары құтқарып қалады. Тұла бойы дел-сал болып саз балшықтың астынан үш қайтара аман шыққан Есболға сонда жора-жолдастары «сенің ғұмыр жасың ұзақ  болады» деген екен. Қайдам?! Әкесі Мамай тоқсанның тоғызын, анасы Ұмсын тоқсанның алтауын көрді. Бірақ, мұндай ұзақ жасауды Есбол ағаның маңдайына Жаратқан ием жазбады білем. Майдан даласының қара топырағын бірнеше рет тірілей жамылған ерлік иесінің жүрегі алпыстың тоғызында мәңгілікке тоқтады.

Мұңға толы майдан хаттары…

   Қолымдағы бір уыс үшбу хаттардың қайсы біріне көз жүгіртерімді білмедім. Мұңға толы майдан хаттарын Есбол Мамайұлы туған қарындасы, ұстаздардың ұстазы, танымал тұлға Мәриям Мамайқызы Абдушеваға жиі жолдапты. Қолы қалт еткенде «Марусжан» деп, сағынышқа толы көңілін бір жапырақ қағазға сыйдырып, батысқа қарай ұшырады екен.

«Марусжан!» Амансыңдар ма? Ратай екеуіңнің хатыңызды кеше алдым. (Ратай деп отырғаны туған қызы, дәрігер Роза Абдушева). Сендерді сағынамын. Әсіресе қызым есіме түссе қатты сағынамын. Бірақ бұл ештеңе емес қой. Бұйыртса  бір күні жетіп барармыз, фашистерді құртқан соң» дейді қиялға беріліп. Тағы бір хатында: «Жаным Маруся, Ратай, Сайынжан! Сендерден хат алмағаныма көп болды. Әр жерге бір ауысумен жүргенде хат қуып жете алмаған шығар мені. Осы күні сендерді қатты сағынып жүрмін. Ақ қардың үсті мен ызғырық окопта отырып қалғып кеткенде сендерді елес түсімде көргендей болып қуанып қаламын.  Қиындықтың бәріне төзіп болдық қой. Тек сендермен аман қауышсам тілегім осы. Сендерді құшақтап қатты сүйіп қалушы Тәтең». 1943 жылдың желтоқсаны.    

– Мен Есбол ағамды тәте деуші едім. Қатты жақсы көрдім. Сосын да шығар, майданда жүріп жазған бір де бір хатын осы күнге дейін жоғалтпай сақтадым,– деп Мариям Мамайқызы сарғайған бір буда қағаздарды қолына қыса ұстады. – Міне, мынаның бәрі тәтемнің маған жазған хаттары. Ол кісі өте сауатты, ұқыпты, тиянақты болатын. Таза жүретін. Жазуың қараңызшы, бір-бір әрпі басбармақтай. Ұстаз-ана әңгімесін бұдан әрі жалғады. – Тәтеме тетелес  Бекбол  деген ағам да соғысқа қатысып, жараланып елге оралды.  Біз негізі төрт ағайынды едік. Бекбол мен апам өмірден ерте озып кетті. Анамыз Ұмсын өте би адам болды. Ол кісінің келіндерін тәрбиелеуі бөлек еді. Ал тәтем болса қара басының қамын ғана күйттемей, әйелі Қошанның да ата-анасына қарасып, олардың жақындарын бауырына тарта білді. Қыстың қақаған суығында поездбен қайынінісін іздеп шыққаны есімде. Сонда жүріп бара жатқан  жүрдек поездың сыртқы темірінен ұстап алып, қатып тұрған темірге қолы жабысып қалып еді. Үнемі етінің тірі екенін көрсетіп жүретін. Ал Қошан жеңгем дәмі тіл үйіретін тәтті тамақтарды пісіретін. Соғыстан кейін де ағам  әскери қызметте болған соң Рига да тұрды. Қызы Роза екеуміз  1951 жылы Ригаға бардық. Жауынгердің жолдасы Қошан жеңгем сол жақтағы офицердің әйелдеріне торт пен пирог пісіруді үйретіпті,–деп еске алады Мәриям Мамайқызы.

Туған бауырын жоқтамайтын жан бола ма. Есболдай ағасының, панасының болғанына, оның ізін жалғаған ұл-қыздарының бір әулеті тұтастай ақ халатты дәрігерлер екенін Мәриям ана мен БҚМУ-дың профессоры Қарасай Тұрмақұлы сүйсіне әңгімелеп берді. – Мен Есболдай ер жүрек адамды өмірімде көрмедім. Байсалды, ақылды, мәдениетті азамат еді. Екеуміз қоғам мен заман жайлы сырласатын едік. Біраз беделді қызметтерді біркісідей атқарды. Есболдың елге келмеуі әбден мүмкін еді. Оған Германияға жұмысқа барасын деген ғой. Сол  кезде  тың және  тыңайған жерлерді игеруге атсалысқысы келетінін айтып Есбол аға СОКП Орталық Комитетіне  хат жазады мамандығының агроном екенін ескертіп. Сонымен елге келген бойда лауазымдық қызметтерді дөңгелентіп әкетті. Майданда ысылып, мол тәжірибе жинап, өмірдің тұщысынан гөрі ащысын көріп келген ол қандай ма қызметті ұсынса да қаймықпай, белсене кірісті. Беделі артты. Кейін құрметті демалысқа шықса да жұртына жұғымды, халқына елеулі өмір сүрді. Есақаң мен Қошанның қонақ күтуі ерекше еді. Дастарханды жайнатып қоятын.  Әйелзаты болса да жүрегі батырлыққа толы еді. Бірде Жаңақаланың Қамыссамар деген жерінде Қошан апайды қасқырлар қоршап алады. Сонда ат арбасына тиеген шөпті сіріңкемен жағып, қасқырларға лақтыра беріпті, лақтыра беріпті. Сөйтіп өзін қасқырдан қорғап қалады. Екеуі де бір-біріне лайықты жандар еді. Бауырмал еді. Біз оларды сағынышпен еске аламыз дейді жақсының көзіндей болған Қарасай аға.

«Туған әкемдей қадірлеймін»

     Бұл сөзді туған күйеу баласы, өңірімізге танымал хирург Мақсот Қайрошұлы Исалиев айтқан-тұғын.

– Әлі есімде. 1959 жылы Оралға жұмысқа келген бетім. Қоян жылы болатын. Қыс қатты. Күн суық. Қалың қар тым ерте  түсті. Далада жиналмай қалған үйілген шөптерді қардан аршу үшін әкем біраз тер төкті. Сол еңбегі елеусіз қалмады. Халықтың алғысын алып, кеудесіне орден тақты. Тағы бір естелік айтайын. Көшім каналының салынып жатқан кезі-ау деймін. Түрмеде жатқан сотталушылар қара жұмысқа шықпай, әлденені сылтауратса  керек. Содан бірнеше адамдар барып әлгілерді жұмысқа шығара алмаған. Бұл жағдайды естіген әкем қарап қалмады. Дереу Көшімге барып, сотталғандармен сөйлесіп, жағдайларын сұрап, талап-шағымдарына құлағын түрді.  Кешікпей Көшімнің каналы іске қосылды. Мұнда да әкемнің қарапайымдылығы, қандай ма адамдармен тіл табыса алатындығы тоқтап тұрған өндірістің қайтадан қолға алынуына септігін тигізді.

Әкемнің басынан қиын сәттер де өтті. Тағынан тайдырмақ оймен үстінен домалақ арыз жазғандар да болды. Сонда да күйзеліске ұшырамай  белін бекем буды. Өмірдің ақ, қарасы қатар жүрмей ме.  Қонаевқа хат жазып, елін гүлдендіруге асықты. Кейін қызметіне қайта оралып, алма бағын өсірді. Шөп шықпаған жерге шөп шығарды. Талантты агроном топырақтың құнарлылығын алыстан байқап, болжайтын. Асыл жарым Розаның отағасы болсам да атам мені туған ұлындай тәуір көрді. Анамыз Қошан Көбенқызының да тәрбиесін көп көрдім. Туған әкемдей болған атамның алдын кеспей, жолын бөгемей қадірледім. Көзімізден бұл-бұл ұшса да ол кісінің қандай азамат болғанын ұл-қыздарымның балаларына айтып отырамын. Олар Есбол аталары жайлы әңгімемді ертегідей ұйып тыңдайды,–дейді облыстық клиникалық ауруханада ұзақ жылдар дәрігер болған білікті хирург Мақсот Қайрошұлы.

Ұрпақтарының өзі бір төбе  

А- Әкем Есбол мен анам Қошан 1933 жылдары дәм-тұздары жарасып қосылыпты. Ол кезде папам он тоғызда, шешем он жеті де болса керек. Заманның ағымы шығар. Әкем майданға өзі сұранып кеткенде есімді еміс-еміс білемін. Марқұм анамыз да өжет еді. Екеуі бір-біріне жарасымды жұп болатын. Соғыс уақытында анам «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өзінің ықпалымен тігін цехын ашты. Ауылдың қыз-келіншектерін жинап, жұмысқа тартты. Түнімен майдандағы жауынгерлерге жылы тон мен байтақ бастырып, шұлқи тоқып отыратын. Өте пысық, шымыр еді. Әкем екеуі бірүйлі жанды асырап, бақты. Елге келген соң да әкеммен бірге дала да жүрді. Қырманда орақпен шөп шапты. Бір минөт тыныш отырмайтын, іш пен сыртқа бірдей жүретін. Тек өкініштісі, анам алпыс бес жасында көз жұмды. Алты айдан соң әкем де о дүниеге аттанды. Ата-анамыз өмірден өткенде бір қабырғамыз құлап, ортамыз ойсырап қалды,– деп мұңайған Роза Абдушева терең күрсінді. – Мен осы шаңырақтың ең үлкенімін. Менен кейін  Сайын, Ляна деген бауырларым бар. Света сіңілім Прибалтикада дүниеге келді. Өзім де Ригадағы мединститутта оқыдым. Өйткені әкеміз сол жақта біраз жыл болды ғой. Кейін бәріміз туған жерге қайттық. Қазір осы Орал түгіл Жалпақтал мен Қазталовкі жұртшылығы Мақсот екеумізді көптен біледі, таниды. Әкеміздің қандай азамат болғаны да елге аян. Тек мынау немерелері мен шөберелеріне аталарының басқан ізі, жүрген жолы, жасаған жақсылығы мен өлшеусіз еңбегі жұғысты болса екен дейміз. Немерелерім атамыздай боламыз деп армандайды. Айнаға қарап, бешпеттерінің төсін жұлдыздарға толтырып қояды. Олар үшін Есбол аталары қайталанбайтын бөлек тұлға,  мақтаныш,– деп үй толы немерелерін сырттай таныстырған Роза апамыз көзіне ыстық жас алды.

Қырық жылдай «Зенит» зауытының жанындағы емхананы басқарып, «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған танымал медицина майталманы Роза Есболқызы қазір зейнеткерлік демалыста. Елге шапағаты тиген Мақсот аға мен Роза апайдың әулетін оралдықтар «дәрігерлер жанұясы» деп атайды. Өйткені, Алматыда тұратын тұңғыштары Асқар хирург. Оның зайыбы Ғалия да хирург. Айгүл Мақсотқызы да қаладағы кардиологиялық орталықтың сыйлы дәрігері. Ардагер ұстаз Бәтима әжейдің сүйікті келіні Нұргүл тарихшы болғанмен оның отағасы Ғалымжан Айтбаев та хирург. Атасы Мақсотпен бір ауруханада ұзақ жылдар жұмыс істеп, талай жанның алғысын алған жоғары санатты дәрігер.  Асқардың ұлы Айдар дәл осы мамандықты меңгерсе, оның қызы Ажар да ата-әжесінің жолын қуып, медицина институтында білім алуда. Тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалған Есбол атайдың біраз ұрпағы осылайша халықтың денсаулығын күйттеп, Гиппократ антына адалдық танытуда.

Есбол ағаның ұлы Сайын да қалада тұрады. Оның баласы Рүстем инженер-механик. Ғылым кандидаты. Жақсылардың жалғасына айналған Руслан, Елиана, Армат та  егеменді елдің бір кәдесіне жарап, еңбек етуде.

Сонымен, өнегелі ұядан көрген ізгілік пен тәлім-тәрбиенің алтын көпірін жалғап, Есбол Мамайұлының атына кір келтірмей, тал бесікте тербеліп, бәйшешектей бүр жарып, гүл атқан ұрпақтардың «Батыр» аталарындай елін  жаудан қорғап,  жамандық атаулыдан  аулақ жүреріне ел-жұрты бек сенімді.

          «Алдымда асқар тау боп сен тұрасың» 

 

Жан әке, шертіп сезім домбырасын,

Кеудемді қуанышқа толтырасың.

Арманның асқарына құлаш ұрсам,

Алдымда асқар тау боп сен тұрасың,– деп шырқайды кеуделері сағынышқа толы жандар.

«Бауырым еді, базарым еді» деп еске алады бір кіндіктен жаратылған ағасын аңсағанда көңілінің сазы күздің сарғайған жапырағындай сыр шертетін  Мәриям Мамайқызы.

Мен де осы тұста тектілік деген ұғымға ой жүгіртемін кеп… «Тектілік. Асылдың сынығындай, жақсының көзіндей» деген халқымыздың теңеулері тектен тек айтылмаған-ау, сірә. Талай ғалымға да, ақынға да, қоғам қайраткеріне де білімнің нұрын төккен Мамайдың қызы Мәриям болса, сұрапыл сұм соғыста бойындағы ерлігін паш етіп, гвардия подполковнигі атанып, тіпті Латвияның Венспилц қалалық кеңесінің депутаты да Мамайдың ұлы Есбол болғанына тамсанып, таңдаңбай көр?! Мұнда, ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Мұнда, алтын бесік ауылдың ізгілікке толы бекзаттары тұнып тұр. Сондай-ақ  Есболдай елге сыйлы есті әкенің ізін жалғастырған атақты дәрігер Роза апайдың өзі неге тұрады?! Сайыны мен Светасы, Лянасы бір төбе болса, Розасы тағы бір төбе. Жаны да, жүрегі де адал жандардан жаратылған перзенттерден өрбіген ұрпақ та айналаға шуағын шашып, өсіп, өркендеп келеді.

Иә, сұм соғыстың өткеніне алпыс жеті жыл болды. Ғасырдан ғасыр жылжып, уақыттар жарысса да, ай мен күн табысса да Есбол Мамайұлындай хас  батырдың бейнесі көкжиектен көрініп тұра бермек. Ол бейнені жаздың жаңбыры да, қыстың қары да жуып-шаймайды. Ер есемі-ел есінен ешқашан жоғалмайды. «Батыр ағаның»  мәңгі бейнесі ескірмейтін ескерткіштей жүректер мен көңілдер де ұзақ сақталады, сақтала береді…

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

2012 жыл    

 Бисен Жұмағалиев, соғыс және еңбек ардагері:

– Егер Есбол тірі тұрса, жүз жасын да тойлар едік. Бүгінде жүз жасаған қариялар арамызда бар. Ол кісі туралы 90 жылдығында мақала жаздым. Біздің ара-қатынасымыз өте жақсы болды. Үй ішімізбен мидай араласып тұрдық. Кейде маған күйеу бала деп қалжыңдайтын.

Есақаң соғысқа дейін ауылшаруашылығын басқарып, қолынан іс келетінін дәлелдеді. Әскерде жүріп те партия комиссиясының төрағасы болды. Есболдай офицерге бір ауданның халқына жетерліктей дивизияны басқару оңай шаруа емес. 1953 жылы қыркүйекте Орталық партия комитетінің пленумы болды. Сонда  ауылшаруашылығын  өркендету мәселесі қаралып, Есақаң осы саланы қолға алу үшін елге сұранды. Әйтпесе оны әскери қызметтен ешкімде босатпайтын еді. Келген соң облыстық партия комитетінің аппаратында жұмыс істеді. Өзі әскерде шыңдалған, талабы да күшті, мінезі де жұмсақ, жылы жүзді адам еді. Фурманов ауданын екі жылдай басқарды. Оның іскерлігі, адамгершілігі, кадрларға оң көзімен қарайтын қабілеті, адамның жанын түсінуге тырысып тұратыны  беделін одан сайын өсірді. Облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Бұл үлкен жоғарылау болып есептеледі. Содан Мамайұлының орнына мен тағайындалдым. Фурманов ауданының І хатшысы болып, Есақаңның халыққа жасаған жақсылығын жалғастыруға тырыстым. Оның іскерлігін, адамгершілік қасиетін үлгі тұттым. Сол кісінің ізімен жүргім келді. Өйткені, Есақаң Фурманов ауданын экономика, мәдениет жағынан көтеріп кеткен болатын. Бұдан әрі аудан жыл сайын дамып, алға қарай қарыштап өсе берді. Зор табыстарға ие болды.

Есақанның жеке басына тоқталсам, сол кездегі басшылардың ішінен оның тазалығы, ұқыптылығы асып түсетін. Қошан жеңгемізді жұрттың бәрі Катя, Катюша дейтін. Есақаң халыққа сыйлы еді. Ешкімді өңменінен итермей, өзіне тартып тұратын. Үлкен қызметтер атқарған ордалық азамат Мұзафар Дайыровпен құда болды. Ұлы Сайын Мұзафардың қызы Кәкимаға үйленді. Қос құданың татулығы да бөлек әңгіме. Бүгінде құдасы да бұл фәниде жоқ. Бәрі де марқұм болды. Қошан жеңгей ағамыздан сәл ертерек кетті. Мен ол кезде Көкшетауда едім. Абдушевтар отбасының қайғысына ортақтасып қаралы телеграмма жібердім. Уақыт бәрін емдейді. Өзімнен он жас үлкендігі болса да Есақаңды әрі аға, жақсы жолдас санаймын әманда.

Энгельс Ғаббасов, жазушы:

Есбол Мамайұлын Фурманда  қызмет жасаған кезінен жақсы білемін.  Ол кезде аты да, даңқы да дүркіреп тұрды. Сырт бітімі толықтау келген қайратты, сүйкімді азамат болатын. Спортты өте сүйетін. Гір тасын  көтерумен үзбей айналысатын. Өзінің де, өзгенің де баласын жақсы көретін. Ұл-қыздарына жоғары білім әперді.  Әкесіне тартқан өте белсенді қызы Роза Абдушева медициналық институтты тәмамдаса, Света мен Лянасы педагогикалық білім алды. Ұлы Сайын  СХИ-ды бітірді. Қазір бәрі де немере-жиен сүйген  үлкен жанұя.

    Есақаңа адал жар болған Қошан жеңгей  де  пысық  болатын. Оралда бір емес, екі кинотеатрды басқарды. Есбол  мінезге бай жігіт еді. Көңілі ашық жүретін. Адамдарды түсінуге тырысатын. Қай саланы басқарса да қарамағындағыларға қарап, «жұмыс қиын, білемін, кемшілікті де көріп тұрмын. Ал қандай көмек керек, не жетпейді, не қажет» деп, мәселені шешіп отыратын. Ал соғыстағы ерлігі қазіргі жастарға өте қажет деп ойлаймын. Өйткені Батыс жағалауында екі күн бойы керім соғыс жүріп жатты. Сонда жаудың бетін қайтарған Есбол Мамайұлына Батыр атағын берді. Бірақ, оны ала-алмады. Дегенмен жазушы Сурков осы жеңісімен Есболды құттықтап, газеттерге жазды. Есбол Абдушевтің ерлігін, атқарған қызметін қазіргі буын біліп, оған тағзым етуі тиіс. Себебі, мұндай ардагерлер арамызда сиреп барады.

Нұрлан Ізтелеуов, Д.Қонаев атындағы қоғамдық қордың төрағасы:

– Екі жылдай Есақаңның  қарауында қызмет еттім. Менің атымды тіке атамай, ылғи да Нұрланжан дейтін. Өмірдің шын мәнінде ащы-тұщысын көп көрген, сұрапыл соғысты бастан аяқ өткізіп, үлкен абыроймен елге оралып, елдегі қиындық пен халықтың күйзелісін көріп, оны жеңу жолында бар қабілетін жұмсаған, нәтижелі еңбек еткен азамат еді.  Өмірдегі кездесетін жәйттерге, өзінің табиғи қасиетіне сай салиқалы ой түйіндеп, тек өзіне тән бағыт-бағдар ұстанды.  Бұл жұмыс ол кісінің қабілетіне сай болғанмен, партия жұмсаған жерге бару керек, қызмет ету  керек болды. Оншақты жыл туған топырағы Орал жерінен жырақта жүріп қалған кезі еді. Кейін өзінің бір айтқаны бар-ды: Нұрланжан, біздің дәуіріміз өтті. Не істеп, не тындырғанымызды бір құдайдың өзі біледі. Енді, қарақтарым, заман сіздердікі, оның үстіне білімдісіңдер. Кеңес үкіметі оқып, білім аламын дегендерге  мол мүмкіндік жасады, бұл – басты байлық. Енді елдің жүгін көтеретін, халықтың тұрмысын жақсартатын, мәдениетін өсіретін сіздердің ұрпақтарыңыз  деп жастарға сенім арта сөйлеп еді. Есақаң арамыздан кетсе де оның елге жасаған жақсылығы, үлкен-кішіге тигізген шапағаты ұмытылмайды.

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
54 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
272 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
764 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1140 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1072 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1499 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2117 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2284 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2291 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2339 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2345 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
1987 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2823 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2880 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2874 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3483 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3456 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3442 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3420 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3584 0
Бәрекелді!
АҚЖАЙЫҚТА ӘДЕБИЕТШІЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ
10 Қазан 2024
3630 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»