ЕРЛАН ТОҚСАНОВ: «ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУ ТЕГІН ЕМДЕЛЕДІ»
Бүгінде әлем бойынша қатерлі ісікке шалдығушылар саны артып отыр. Өткен жылы елімізде 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. 14 мыңнан аса отандасымыз көз жұмыпты. Оның артында қанша отбасының тағдыры, қасіреті бар. Бұл әркімді де ойландырары сөзсіз. Онкологиялық аурулармен жолымыз түйіспес үшін не істеу керек, Батыс Қазақстан облысындағы ахуал қандай және облыстық диспансердің науқастарды емдеудегі мүмкіндігі туралы сауалдарымызға диспансер директоры, жоғары санатты дәрігер Ерлан Тоқсанов жауап берді.
– Ерлан Виленұлы, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов онкологиялық науқастардың 5 жылдық өміршеңдігін 60 пайызға дейін ұлғайту көзделгенін мәлім етті. Осы орайда алғашқы сауалды біздің облыстағы ахуалдан бастасақ.
– Дұрыс айтасыз, «Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарды» іске асыру нәтижесінде, яғни 2022 жылға дейін онкологиялық науқастардың 5 жылдық өміршеңдігін 60 пайызға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Ал қазіргі меже – 50,9 пайыз. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша бес жылдық өміршеңдік – 51,7 пайызды құрап отыр. Демек, біз қазіргі межеге толық жетіп отырмыз. Үш жыл ішінде 60 пайызға көтеру оңай болмайтыны анық. Ол үшін бірінші кезекте ауруды ерте сатысында анықтау маңызды. Обыр ауруын неғұрлым ерте анықтап, емдеуді бастасақ, сырқаттың жазылып кетуіне мүмкіндік те жоғары. Мәселен, қазір белең алып тұрған сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады.
Бүгінде 7000-нан астам батысқазақстандық обыр ауруымен есепте тұр. Жасқа байланысты айтар болсам, 59 бен 65-тің аралығындағыларда аурушаңдық жоғары. Аурудың құрылымы бойынша сүт безі обырына шалдыққандар көп. Өткен жылы 218 адамнан аурудың жаңа жағдайы анықталды. Екінші орында – өкпе қатерлі ісігі. Былтыр 148 адамнан жаңа жағдай расталды. Тік ішек қатерлі ісігі 134 адамнан, асқазан обыры – 117 адамнан, жатыр мойны қатерлі ісігі – 94 адамнан анықталды.
– Күйзеліс, қоршаған ортаның экологиясы аурудың дамуына себеп бола ма?
– Сөз жоқ. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды сынды өнеркәсіп орындары көп шоғырланған аумақтарда ауру көрсеткіші жоғары.
Жүргізілген зерттеулер жүйкеге түскен күш онкологияның дамуында механизмнің іске қосылуына себепші болатынын көрсеткен. Бұл жұмыстың қиындығымен, отбасындағы жағдайлар және күнделікті күйбең тірліктің жүйкеге салмақ салуымен байланысты болады. Қатты күйзеліс көптеген ауруларды өршітуі мүмкін. Соның ішінде қатерлі ісік ауруларының пайда болу ықтималдылығы да бар. Мысал ретінде айта кетейін, сотталғандар арасында обыр ауруына шалдығушылар жиі кездеседі. Ал қамауда отырған адамның күйзеліске түсуі оңай-ақ. Сол сияқты мұғалімдер арасында науқастар жиі кездеседі. Бұл олардың жұмыс жүктемесінің ауырлығына байланысты деп топшылауға болады. Тағы бір фактор – кеудені қысып тұратын киім кию. Ол қан айналымын қиындатып, сүт безі обырының дамуына әкеледі.
– Өз сөзіңізде сүт безі обырымен есепке алынғандардың көптігін тілге тиек еттіңіз. Оның алдын алу жолдары қандай?
– Қандай болмасын аурудың алдын алудың ең маңызды және ең басты жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Әр адам зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауы керек. Сүт безі қатерлі ісігі гормондық бұзылыстардан болуы мүмкін. Сол себепті әйел адам уақытылы тұрмысқа шығып, уақытында дүниеге бала әкелуі керек. Гормондық бұзылыстар әсерінен фиброаденомалардың пайда болуы уақыт өте қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.
Ауруды ерте сатысында анықтау – сүт безі обырынан қорғанудың ең үздік әдісі. Ол үшін 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге скрининг бар. Бұл медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін көрсетіледі. Ауруға ерте диагностика, жасалса толық жазылуға мүмкіндік жоғары. Сондықтан әйелдер әр екі жыл сайын маммографиялық тексеруден өтуі керек.
Скринингтен бөлек әйел адам айнаға қараған кезде омырау бездері асимметриясының айырмашылығын байқаса, дереу маммологқа жүгініп, себебін анықтау керек.
– Әйелдер арасындағы обыр ауруларын айтқан кезде жатыр мойны қатерлі ісігі ойға оралады. Бұл аурудан сақтану жолына тоқталсаңыз. Бұған дейін жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін вакцина қолданылатыны туралы айтылған болатын.
– Жатыр мойны қатерлі ісігі – адамның папиллома вирусының таралуынан болатын сырқат. Бейберекет жыныстық қатынас немесе серіктесті жиі ауыстыру – аурудың пайда болуының басты себебі.
Адам паппилома вирусы ауруы жұқтырылған кезде бірден білінбей, симптомсыз өтеді. Ол тек жұғынды алып, талдаудан өткізген кезде ғана анықталады. Облысымызда жыл сайын 80-90 адамнан жаңадан анықталып, тіркелуде. Әлем бойынша жылына 500 мыңнан аса әйелден осы ауру анықталады екен. Олардың 288 мыңы өмірден озуда. Ауруға шалдығатындардың басым көбі 30 бен 40 жас аралығындағы қыз-келіншектер.
Жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау қазіргі уақытта елімізде жасалып жатқан жоқ. Бұған дейін тәжірибе ретінде бірнеше облыста қолданылды. Бірақ, екпе алғандардың кейбірінде кері әсерлердің болуына байланысты тоқтатылды. Негізінен бұл вакцина жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алу мақсатында 11-12 жасқа толған қыздарға жасалады. Алдағы уақытта вакцинаны енгізу жоспарлануда.
– Обырдан құлан-таза айығып кетудің шамасы қандай?
– Біз науқастарымызды 5 жылдан кейін есептен шығарамыз. Егер одан кейін рецидив болса, қайтадан тексеруден өтіп қаралады. Нақты санын айта алмаймын, дегенмен 10 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатқандар да бар.
– Облыстық онкологиялық диспансерде емделушілер үшін толық жағдай жасалған ба?
– Диспансер жарық, жылы. Емделушілер үшін мүмкіндігіне қарай барлық жағдай жасалуда. Палаталар екі адамға лайықталған. Науқастарымыздың ем алуы үшін 150 кереует бар және бұл жеткілікті. Хирургиялық, химиятерапиялық, радиология, оңалту және паллиативтік көмек көрсету сынды төрт клиникалық бөлімше жұмыс жасайды.
Паллиативтік оңалту бөлімшесінде көбіне жағдайлары ауыр, аурудың 3 немесе,4-ші сатысындағыларға көмек көрсетіледі. Химиялық препараттар адам ағзасына өте ауыр. Бірақ, онсыз емделмесе болмайды. Химиятерапиядан шыққандарды келесі курстық еміне дейін әлдендіру үшін оңалту бөліміне орналастырамыз.
Химиятерапия бөлімшесі, аты айтып тұрғандай-ақ науқастарға химиялық ем жүргізуге арналған. Бірқатар мемлекеттермен салыстырғанда біздің елімізде обырға шалдыққандарды емдеуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның ішінде өте қымбат тұратын химиялық препараттардың тегін берілетінін атап өту керек. Кейбір уақытта бір ауруды толық емдеу кезінде 6-10 млн. теңгедей қаржы жұмсалады. Химиялық емдеу стационарлық және амбулаториялық үлгіде де жүргізіледі.
Біздің диспансердегі хирургия бөлімшесінің жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Ол бірінші кезекте хирург мамандардың деңгейімен байланысты. Осы орайда айта кетейін, өңешке жасалатын ота – ең күрделі ота саналады. 2018 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының профессорлар құрамы 45 ота жасаған. Біздер 39 отаны сәтті алып шықтық. Бізден кейін 32 ота жасаған Қарағанды облысы – үшінші орында. Бұл біздің мақтанышпен айтар көрсеткішіміз деп айта аламыз.
Бұл бөлімшелерден басқа жан сақтау бөлімшесі, лабораторияларымыз бар. Цитологиялық лабораторияда аудандық аурухана, емханалар жолдаған жұқпа зерттеліп, қорытынды диагноз қойылады. Обыр болған жағдайдағы сатысы да осында анықталады. Екіншісі – иммуногистохимиялық лаборатория. Бұл обыр ауруы расталғаннан кейін оны қандай химиялық препаратпен емдеудің тиімділігі жоғары және ісіктің қандай препаратқа әсері бар екенін анықтайды. Лабораторияның артықшылығы – осы. Мұндай лаборатория кейбір облыстарда жоқ.
Біздегі негізгі мәселе – онкологиялық ауруларды желілік жеделдеткіш-сәулелік терапиямен емдеу. Негізінен радиология бөлімшесінде желілік жеделдеткіш жабдығы бар. Бұл құрылғының алынғанына біраз болды және оның ақауы шығып, сынып тұр. Оны жөндеуге қыруар қаржы қажет. Сол себепті науқастарымызды ем алуы үшін Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстарына жолдап отырмыз. Бірақ, биыл облыс әкімі қолдау көрсетіп, осы жабдықты алуға ықпал ететінін айтты. Яғни , бұл мәселе де шешіледі. Сонымен қатар диспансерде консультативтік-диагностикалық емхана жұмыс жасайды.
– Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы онкологиялық ауруды емдеу үшін қаржы жинау жөніндегі өтініш-хабарламалар көбейді. Науқастарды емдеу тегін жүргізіледі ме, қандай қызмет ақылы?
– Ел азаматтарын онкологиялық аурулардан емдеу тегін жүргізіледі. Науқас шетел азаматы болған жағдайда ғана оның еміне мемлекет шығындалмайды. Қазіргі уақытта біздерге өзге елдерден келіп ем алатындар бар. Ал ақша жинайтындар, бәлкім, басқа елдерге апарып емдетуді мақсат еткендер болуы мүмкін.
– 2018-2020 жылдарды қамтитын «онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың» бір бағыты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмімен жаңа жабдықтар алу. Бұл механизм бойынша өңірде жоспарланған жобалар туралы айтып берсеңіз.
– Жабдықтар алу жоспары бар. Бірінші кезекте Рентген құрылғысы қажет. Ол 2018-2020 жылдар аралығында алынады деп күтілуде. Бірақ, қаржының ретіне қарай шешілетіні өздеріңізге де белгілі. Екіншіден, интероперациялық сәулелендіргіш жабдығын алуды жоспарладық. Одан кейін электрохимиятерапиялық аппарат алу көзделіп отыр.
– Алдағы мақсат-жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Біздің негізгі мақсатымыз – онкологиялық ауруларды азайту. Жоғарыда атап өткендей, 5 жылдық өміршеңдікті арттыру. Министрлікпен бекітілген кешенді жоспар аясында көптеген бағыттар айқындалды. Біз де сол жоспарға байланысты іс-шараларымызды белгіледік. Соның бірі – паллиативтік көмек көрсету бойынша мобилді топтар құру. Бұл топ аурудың 4-ші сатысында жатқан науқастарға көмек көрсетуге жұмылдыралады. Ол үшін дәрігерлерді оқытпақпыз.
Диспансерде маман тапшылығын азайту шешіліп келеді. Хирургтар бар. Онкоцитолог маман біреу ғана болған болса, былтыр Ақтөбеден екінші маманды алдырттық. Биыл резидентура бітірген төрт маман жұмысқа кірісті. Екі жас дәрігер Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында резидентурада білімдерін жетілдіруде.
Ең басты мәселе – әр адамның өз денсаулығына ынтымақты жауапкершілігі болуы керек. Адамдар ауырған жағдайда барлық жауапкершілікті дәрігерге жүктейді. Бұл жөнсіз. Мәселен, өмір бойы темекі шеккен адам өкпенің қатерлі ісігіне шалдығады. Ауру асқынғандықтан, ем бірден нәтиже бермеуі мүмкін. Мұндайда «дәрігерлер емдемейді» деп кінә артатындар бар. Сол сияқты медицина қызметкерлері тарапынан ауруды анықтау мақсатында скринингтен өту қажеттігі ескертілгенімен, көпшілік тексерілуге бармайды. Тегін тексеріліп, дер кезінде ем алуға мемлекет жағдай жасауда. Халық соны пайдалана білуі керек. Ал ауруды өткізіп алғаннан кейін оны емдеу, науқастың өзіне де, мемлекетке оңай болмасы анық. Әрі бір адамды емдеп-жазуға миллиондаған қаржы жұмсалады.
Осы орайда қазір азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттырудың түрлі механизмдері қарастырылуда. Менің ойымша, коммуналдық төлемдерді төлемегендерге шекарадан өтуге тыйым салғандай, скринингтік тексерілуден өтпегендер үшін де заң аясында бекітіп, шара қолдану керек.
Сұқбаттасқан Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу