ДЕРКӨЛДЕ АТҚАРЫЛАР ІС АУҚЫМДЫ
Кент,село әкімдерінің есептік кездесуі Деркөл кентінде жалғасты.
Алдымен кент әкімі Жұбан Жұмағалиев өткен жылда атқарылған жұмыстардың есебін берді.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап Деркөл кенті бойынша инвестициялық жобалар негізінде 10 нысанның құрылысы басталып, 6 нысан іске қосылған. Оның ішінде арнайы техникаларға арналған сервистік орталық, кафе, шағын маркет пен дүкендер пайдалануға берілген. Деркөл кенті тұрғындарының көп көтеретін мәселелердің бірі – балалар ойын алаңдарын салу. Өткен жылы балалар ойын алаңын орнату жұмыстары Тихая мен Строителей көшесі мен Маштаков ауылында балалар ойын алаңы салынды.Сонымен қатар Ы.Алтынсарин көшесі,16 мекенжайы бойынша кешенді спорт және балалар ойын алаңының құрылысы аяқталды.
Кент аумағы жылдан жылға ұлғайып, тұрғындар саны артып жатқаны белгілі. Осыған орай санитарлық тазалық мәселесіне қатысты өткен жылы жаңа 16 дана қоқыс контейнерлер алаңдары орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 34 дана қоқыс контейнерлері сатып алынған. Кентте былтыр 23 аялдама павильондары орнатылған. Аялдамалар орнату жұмыстары биыл Сарыарқа шағынауданы бойынша өз жалғасын табатынын жеткізді.
Осыған дейін атқарған жұмыстарына тоқталған кент әкімі алдағы уақытта орындалатын істерді атады. Кент халқынан түскен ұсыныс-пікірлерді есепке ала отырып, көлік және жаяу жүргіншілер жолын салу, көшелерді жарықтандыру, Ветелки ауылында балалар лагерін ұйымдастыру, Сарыарқа шағынауданына комьюнити орталығын ашу, кент аумағында қосымша аялдама павильондарын орнату, контейнер алаңдарын орнату,көшеттер отырғызу жұмыстарының жалғасатынын сөзіне арқау етті.
Есептік кездесуде кент тұрғындары қала мен кент әкіміне Сарыарқа шағынауданынан дәрігерлік амбулатория ашу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жиында тұрғындар жарықтың жиі өшуі мен қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесін дұрыс сақтамайтынын алға тартты. Бұдан өзге, қаңғыбас иттер мәселесі,кітапхана және балабақша ашу, саябақты абаттандыруға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Деркөл кенті тұрғындары тарапынан туындаған сауалдарға қала және кент әкімі жауап беріп, тұрғындар тілегі қашанда басты назарда екендігін атап өтті.
–Деркөл кенті— инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аумақ. Аумақты индустриалды орынға айналдыруға бағытталған жобалар жасақтауымыз қажет. Бұл кенттің одан әрі дамуына үлкен мүмкіндік береді. Мұнда инвестициялық жобаларды әкелмейінше,кенттің даму болашағы төмен болады. Деркөл – инсвестициялық жобаларды жүзеге асыратын тартымды аумаққа айналуы тиіс. Сондай-ақ жылдың аяғына дейін кент аумағында көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылады. Тағы бір мәселе, 30 мың халқы бар Деркөл кенті үшін орталық саябақ жанданып, жаңғырып тұрғындардың жайлы орынына айналуы тиіс. Сәйкесінше, соған қарап болашақта Көкжиек пен Сарыарқада да жақсы демалыс орындарын ашу жұмыстарын жүргізу керек. Кент аумағында тұрғындар саны көбейген сайын сұраныстың да артары анық. Сондықтан тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар бұл жылы да қарқынды түрде жалғасын табатын болады, –деді кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы Абат Шыныбеков.
Ақарыс ӘЙІПТЕГІ
Версия для печати
Пікір үстеу