8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
09 Сәуір 2021 2919 0
«Жайық үні» — 30 жыл

БИСАҒАНЫҢ 65-ШІ КӨКТЕМІ

«ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!»

Өмірі тұнған тарих пен шежіреге айналған Бисен ақсақалды көк байрағы көкте желбіреген кең байтақ еліміз жақсы біледі. Біліп қана қоймай, пір тұтады. Сексен сегіздің шынар тауына шыққан ел ағасын ардақтап, мақтан тұтады. Бұл шындық. Сұрапыл сұм соғысқа  жастық шағын қиып, атақты Ленинград қаласына жеңіс әперген жауынгер, Отан-анаға бейбітшіліктің ақ таңын сыйлаған ардагер «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Октябрь революциясы», үш рет «Еңбек қызыл ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.  Полковник, журналист, экономика ғылымдарының кандидаты. Шалтты заманның шаттығын көрген Бисен Жұмағалиев елге аман оралған соң қоғамның қауырт саласына білек сыбана кірісті. Сөйтіп, өмірінің отыз жылын Көкшетау өңірінде өткізіп, онда лауазымды қызмет атқарып, құрметті азаматы атанды. Қайда жүрсе де туған топырағы Тайпағын, жайсаң жері Жайығын жерге қаратпады. Қайта, осы өңірдің жаңғырып, гүлденіп,  нұрлануы жолында жан-тәнімен еңбек етті. Бүгінде елінің асқар таудай ағасына, абыз ақсақалына айналған  танымал тұлға бұйыртса, Ұлы Жеңістің 65 жылдық тойын  жұлдызы жарқыраған Мәскеу қаласында қарсы алмақ. Бұл әрине, Бисақаңа деген өскелең ұрпақтың шексіз құрметі. Риясыз ілтипаты.

«Соғыс!» деген жүрекжұтқыр бір ауыз сөз сонау Сайқұдық ауылына да жетіп келді. Келді-дағы он сегізге енді толған қарғадай жас жігіттің алаңсыз-қамсыз күндерін аласапыран ойға тіреді. Қос жанары ботадай мөлтілдеп, жүрегі іштей шайлықса да, ер жігіт емеспін бе деп намысын пышақтай қайрады. Бұл, тура қырық екінің қаңтары болатын. Тұла бойды шымшылаған аязы мен бораны, желі мен ызғары өңменіңнен итеріп, ызыңдаған сайын майдандағы азалы үн қаралы әуендей құлаққа естіле түсті.  Ауыл іші мұңға батқан, ойға шөккен. Әкесі Жұмағали ауылдағы Тілеген ақсақалмен бірге иесіз  далада күрке тігіп қой бағып отыр. Анасы Күнсүйген болса, қой фермасының меңгерушісі. Екеуінің ойында түк жоқ. Ал бозбала Бисеннің ойлайтыны «Ел басына күн туғанда, етігіммен су кешпесем» кім болғаным?! Ер жігіт үйде туып, түзде өлмей ме?!

– Әке, майданға барамын. Армияға жолдама алдым, міне! – деді Бисен бірде жанарында найзағайдай жасыл от ойнап.

Айнала сілтідей тына қалды. Анасы байғұс құлыншақтай құлдыраңдап кең даланың жусаны мен жуасын теріп,  еркін өскен ерке ұлын танымай қалғандай жалт қарады.

– Құлыным-ау, буынын қатпаған, жүгенің бос сәбисің ғой сен әлі.

– Апа, түк те ерте емес. Өзімдей жігіттер армияға сұранып жатқанда қатарымнан  қалмаймын. Барамын бірге солармен! – деп елінің қамын жеген қайсар ұл салмақпен тіл қатты.

Анасы қимастықпен көзінің жасын сүртіп қала берді. Қой қайтарып жүрген екі қарт аспан куә, жер куә дегендей маңдайынан сүйіп, ақ батамен қол жайып шығарып салды.

Ақпанның 8-і. Жолда келе жатыр. Қасында егде тартқан, өзінен әлдеқайда жасы үлкен жігіттер. Қайткенде жаяулап қалың қарға омақаса құлап, соған қарамастан ширақ қимылдап бара жатқан ағалардан қалмау керек. Содан жетінші күн дегенде Оралға да жетті. Жан-жағынан жел гуілдеген вагонға түнеп, ертесіне күн бата Тұзтөбеге табан тіреді. (Соль-Илецк). Мұнда соғыс қимылдарын үйренді. Күн сайын жаттығу. Мылтық ату, окоп қазу, пластунша еңбектеу. Қасында Сейтім Хабжалелов деген жігіт бар. Екі бөлмелі шағын пәтерлі татардың үйінде тығылысып тұрып жатты. Қастарындағы Урайский деген татар ақыны сырнаймен сызылтып татардың әнін шырқап қояды. Күндізгі атыс-шабыстан шаршап келген Бисенде ес жоқ. Әскери ойыннан буыны босап ұйқының құшағына тығылады. Бір айдан кейін эшелонға отырғызып батысқа жөнелтті. Жүріп барады, жүріп барады. Жолшыбай Куйбышев, Пенза, Ярославь, Вологдадан өтті. Араға он бес күн салып бір көлдің жағасына эшелон да тоқтады-ау. Сөйтсе, бұл Ладога көлі екен. Күн ұясына кірген бойда көліктерге жайғастырып, көлдің үстімен алып кетті. Айнала көк су. Жылтыр мұздың бірі жоқ. Көліктің доңғалағы суды есіп келеді. Белшесінен суға батқан солдаттар қызыл фонармен жол көрсетіп қояды. Бомба түсіп, ойық болған жерлерге аңдаусызда көлік түсіп кетсе су түбіне біржолата батпақ. Енді қайтпек? «Тіршілік жолы» деп аталып кеткен бұл трассаны салушылар ерлепті қайта. Ал немістердің аэродромы осы жерден 30 шақырымда орналасқан екен. Бұл жолдан өткен-кеткеннің бәрі бомба мен зеңбірек оғына ұшырапты. Сондықтан немістер бұл жолдарды «өліктер дәлізі» деп атаған көрінеді. Жан-жағына үрке қарап бұл жолдан да аман өтті әйтеуір.

                                       

Жүрекке жалын берген жыр

Жас жауынгердің Ұлы Ленин қаласына келгеніне онша көп бола қойған жоқ. Айнала тыныштық, жүдеу тартып мұңайып тұр. Бұл көше бойымен жүріп келеді. Басында малақайы бар Жамбыл атаның ілулі тұрған суреті көзіне ыстық көрінді. «Балаларым, мен сендердің жеңіспен келулеріңді күтіп отырмын» дегендей ақын бейнесі, оның шабытты мына бір:

Анасындай даланың

Өзендердің алабын

Байқағанда байыптап,

Бейнесін көрем Неваның…

Ленин атты қаланың

Қорғап құрыш алабын,

Бұрқана түс, балаларым

Сәулеттім, сәнім-айбарым,деген қанатты жыр жолдары намысты жонып, жүрекке жалын бергендей.

Атағы әлемге әйгілі Пулкова обсерваториясы тұрған жотаның арғы етегіндегі алғы шепке орналастырды. Арасында Ақтөбе, Атырау және батыстың жігіттері де бар. Тіпті бір ауылдан түлеген  он-он бес жауынгер бірі әкесімен, бірі туған бауырымен осы жерден орын тапты. Бұл 1941 жылдың күзінде қалаға кіруге жанталаса ұмтылған фашистермен сұрапыл соғыс болған жер екен. Егер осы жотаны алғанда Ленинград қаласы түгелдай жаудың жұдырығы астында қалады екен. Қайта, Жаратқан Ием сақтапты. Көп шайқастың бірінде майдан қолбасшысы, маршал К.Ворошилов қолына винтовкасын ұстап жауынгерлерді атакаға өзі бастап, содан жау тойтарылып, Пулково биіктігінен әрі жарты шақырымға қарай ығысқан деседі.

Жамбыл атаның жырымен рухтанған Ленинград қаласы қазақ жауынгерлерін жатырқамады. Жылы шыраймен қарсы алып, бойға сенім ұялатты. Ротаның көбі қазақ болған соң М.Хасаншин деген татар, пысық жігіт командирлікке тағайындалды. Көзінен ұшқын лаулаған Бисен Жұмағалиұлын политруктың орынбасары етіп қойды. Енді Бисақаң бастаған алып жүректі жігіттер үгіт-насихат жұмыстарын қазақша жүргізбек ойда. Көп кешікпей бұлардың ротасына кіріп келген дивизияның комиссары тұшымды әңгіме айтты.

– Қадірлі жігіттер, – деді ол дауысына салмақ сала сөйлеп: – Ленинград майданына биыл өздерің секілді көптеген қазақ жауынгерлері келді. Олар жайдан-жай келген жоқ. Бұл күндері ерліктің озық үлгілерін танытып, қаһармандықпен соғысуда. Бұйрықты тез орындайды. Қағылез. Сондықтан командованиенің алғысына ие болып, сенімнен шығуда. Қазақстан Ленинградқа мықтап көмек беруде. Аштықтың нағыз ұлғайған шағында, яғни ақпанның ортасында Қазақстаннан 134 вагон азық-түлік тиеген делегация келіп кетті. Мұнымен қоса сіздердің ғана емес, біздің де бауырымызға айналған Жамбыл Жабаевтың екінші өлеңі келіп жетті.

Комиссардың әр сөзі төбелерін көкке бір көтеріп тастады. Қорғаныс үшін қазылған, іші шылқыған суға толы ордың ішінде түнеп, ызғарлы да ылғалы мол Ленинградтың ауасын жұтып, аш-жалаңаш жүрген жауынгерлер жаңағы комиссардың бір ауыз жылы сөзінен соң өздерін сабырға шақырды. Қиындық пен ауыр азапқа төзе білді. Қайткен күнде де фашистерді қалаға кіргізбеудің қамын ойлап, мықтап бекінді. Ұлы қаланың нағыз өкпе тұсында тұрған бұларға жауапкершілік жүгі артылды. Түн қараңғылығын жамылып барлауға шықты. Жасырынып жүріп жауды торыды. Бірақ қанша қорғанса да зұлмат соғыс бір үйдің баласындай болған жауынгерлер қатарын күннен-күнге сирете берді, сирете берді. Әсіресе ауылдан бірге қанат қаққан, дәмдес болған Қуаншалидың қазасы жүректі шарпып әкетті. Амал қанша? Ойда-жоқта бір ұшақ келіп бомба тастап, марқұм соның жарқыншағынан қансырап кете барыпты. Күн сайын тұтқиылдан төнетін жаудың оғы. Үміттен гөрі күдіктен хабар беретін жайттар.

Қолы қалт еткенде кешқұрым Бисен де қарап жатпай ауылды аңсап, хат жазады. Сағынышын ақ параққа түсіруге әсте ерінбейді. Көбіне қасындағы жолдастары өтініш айтады. Өйткені іштеріндегі сауаттысы өзі ғана. Олардың көңілін қалдырмай қолына және қалам алады. Тіпті бірде өзінің жерлесі, Тайпақтың Құрайлысай ауылында ұста болып істеген Мәтіштің артында қалған әйел-баласына былай деп хат жазғаны бар.

 

 «…Ленинградтың суық таңы. Мәтіш тұман торлаған далаға жіті қарауда. Көз алдына Жамалы мен Әбдіхадірі елестейді. Қандай халде. Сағынышы да бар. Оның үстіне кеше ротаның саяси жетекшісі келіп, жауынгерлерді қасына жинап, Петров деген әскердің елінен келген хатты баяндап бергелі Мәтіштен көңіл-күй кетті. Петровтың қайғысы қандай ауыр. Оның әйелін немістер әбден масқаралап, қос емшегін кескен. Бұл аздай үстіне керосин төгіп өртеген. Жауыздар Петровтың төрт жасар қызын аяғынан сүйреп, қазулы тұрған орға салып тірілей көмген. Қандай сұмдық. Жауыздық. Егер Мәтіш неміс хайуандарын өлтірмесе, олар Жамал мен Әбдіхадірді Петровтың семьясындай қорлауы мүмкін ғой.

… Күн шығып келеді. Немістер әзірге көрінбейді. Мәтіш дұшпан шебі жақтан көз жазбауда.

20 шілде. 1942 жыл»

Осылайша қаламы жүйрік қатардағы жауынгер алыстағы жерлестеріне жиі-жиі үшбу хат жолдайды. Бірде сондай хаты жергілікті газетке де басылды. Сол-ақ екен ел жақтан сары жапырақтай сағынышқа толы хаттар жаңбырдай жауды кеп… Майдандағы жылт еткен жақсылықты, жерлестердің хал-күйін ротада өзгелерге қарағанда сауаты мол Бисен жазудан жалықпайды. Күндіз жау-мен шайқасады. Түн ауа қолына қағаз, қаламын алады. Сөйтіп көп ұзамай майдандағы газет жұмысына шақырылды.

 

 Майдандағы газет тілшісі

Жаны елгезек жігіт киелі Ленинград қаласын дұшпанның оғынан, қара бұлтынан күн-түні қорғап жүрген замандастарының әр ісін ақ қағазға түсіріп, жақсылықтың жаршысына айналды. Тұманға оранған күндер тізбектеліп өтіп жатты. Байқайды, оң-солын  дұрыс танып, мынау кескілескен ұрыс даласына келгелі есейіп, қырағы құстай қанаттанып,  ширыға түскен. Осылайша талай айқас пен шайқаста, ұрыста бауырластарымен, замандастарымен бірге өріп, бірге жүрген ол 1942 жылы тамызда майдандағы әскери Советтің ұйғарымымен Ленинградта жаңадан ашылған әскери-саяси училищеге оқуға қабылданып, мұнда екі ай оқыды. Бірде осында әдейі іздеп келген полковник Максим Гордон шақырып алып: – Жаңа ғана мектеп бітірген жас бала секілдісің. Талдырмашсың. Өзің мерген екенсің. Отыздан артық немістерді жайратыпсың. Жарайсың! Жамбылдың Ленинград жөніндегі өлеңін қазақша айтып берші.  Еліңнің тарихын жақсы біледі екенсің. Сенің құжаттарыңмен  таныстық. Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси Басқармасы Ленинград майданында қазақ тілінде газет шығармақ. Соған өзіңдей алғыр, елгезек әрі жазуға икемі бар, сауаты мол, қабілетті жастарды іріктеуде. Қалай қарайсың? Қарсы емессің бе? – деді.

Сөйтіп, «На страже Родины» газетінің жанынан қазақ тілінде шығатын газетке сонау Тайпақтың Сайқұдығынан келген титтей қара жігіт тілшілік жұмысқа алынды. Қай кезде де газет жұмысы оңай болып па? Талап та, міндет те, жүк те бәрі осында. Бұлар үшеу еді. Қасында Түймебай Әшімбаев, Ақмұқан Сыздықбеков және Бисақаңның өзі. Содан Жаңа жылға таман аға политрук Абдолла Мадалиев деген бастық болып келді. Қаламы ұшталған жас журналист Бисақаң да шабытты. Мақаланың бәрін бұрынғыдай орысшадан аудармай-ақ өздері өңдеп басады. Майданның саяси басқармасының сеніміне ие. Әріптесі Түймебай да пысық. Кешікпей «Туған Қазақстанда» деген бөлімді ашты. Қазақ жауынгерлерінің өмірін жан-жақты көрсетуге тырысты. 1943 жылдың көктемінде барлық газеттерде қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты жарияланды. Сұрапыл соғысқа қарамастан тоғыз майданда қазақ тілінде әскери газеттер үзбей жарық  көрді. Бірде Ленинградтың «Отанды қорғауда» газетіне «Социалистік Қазақстан» басылымы байыпты шолу беріп, жоғары деңгейде бағалады. Әсіресе онда «Қаламының желі, сөздерінің уыты, ыстық лебізі бар Т.Әшімбаев, Б.Жұмағалиев, А.Сыздықбеков сияқты қызметкерлер бар» деген сөздер құлаққа жағымды естілді. Көп кешікпей үшеуі де кеуделеріне жарқыратып «Қызыл жұлдыз» орденін тақты. Осылайша қолынан қаламсабы кетпеген жауынгерлер жеңісті де жақындатты. Бисақаң елге барып мауқын басып қайтты. Тура төрт жыл көрмеген анасын, бауырларын көрді. Тек, бір әттеген-айы алақан жайып ақ бата берген әкесін көре алмады. Елу жасында армияға алынып, содан ұшты-күйлі хабарсыз кетіпті. Бір қуаныш, бір өкініш көңіліне көлеңке түсірсе де мойымай үйреншікті жеріне қайта оралды.

 

Ұзаққа бармаған қуаныш

Келсе пәлендей күтіп тұрған тосын сый жоқ екен. Сырлас, дәмдес, қаламдас жігіттердің біреуі көрінбейді. Содан шыдамы таусылып Ақмұқанға барсын. Сөйтсе, Түймебай, Кәрім мен Асылхан үшеуі тұтқынға түсіп қалыпты. Кейін бәрін ұқты. Иненің көзінен өтетін бір жылпос қара чемоданмен кіріп-шығып жүретін. Ақыры газеттің бірінші бетінде саяси бюроның мүшесі А.Андреевтің фамилиясынан қасақана «Анрдеев» деп қате жіберткізіп, «қазақ ұлтшылдарының ұйымы құрылған, оны басқарушы үштік бар» деген желеумен редакция қызметкерлерін жазықсыздан-жазықсыз түрмеге жапқан. Сонымен үш жыл бойы үзбей шығып, талай жауынгерлердің ерлігін елге паш еткен майдандағы жалғыз  қазақ газеті 1945 жылдың аяғында жабылып тынды. Арыстай үш жігіт жеті жылға сотталып, айдауға кетті. Көп ұзамай Ақмұқан армиядан босап, Павлодарға жол тартты.  1947 жылдың мамырында Бисақаң аман-есен Оралына оралды.

 

Жайық пен Көкшенің төл тумасы

Тұла бойы тұнған шежіре Бисақаң өзінің сұлу Жайығына келген соң бірден облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне алынды. Бұл жұмысты екі жыл атқарып, 29 жасында  облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің редакторы болды. Майданда газет шығарып, ысылған ол бұл саланы дөңгелентіп әкетті. Орда бұзар отызында салиқалы санамен Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды. Келешегінен үміт күттірген ол Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітірді. Бұдан соң облыстық партия комитетінің хатшылық қызметін қолға алды. Кемел парасаты толыққан азамат қыруар іске белсене араласып, Орал қаласының 350 жылдығын, Оралдағы қаһармандық қорғанысының 50 жылдығын (1969ж.) сондай-ақ облыстық орыс театрының 100 жылдығын, облыстық баспахананың 100 жылдығын атап өтуде айтарлықтай із қалдырды.

– Баспаханаға татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың атын бергіздік. Бұдан басқа да үлкен шаралар өткіздік, –дейді ақсақал жүріп өткен жолдарына шолу жасап.

1971 жылы Бисен Жұмағалиұлы көрікті Көкшетау облысына хатшы болып барды. Кешікпей айдынынан аққу ұшқан Орал мен керім Көкшенің арасын жалғап, төл тумасына айналды. Көкшетау жерінің өсіп-өркендеуі, гүлденуі ардақты аға есімімен тығыз байланысты. 1971-85 жылдар аралығында Шоқан мен Біржан салдың атамекенінде  мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің дамуына кең мүмкіндіктер ашылса, осынау ұлы істің ұлағатты қозғаушысы және жетекшісі болған Бисақаңның еңбегі ұшан-теңіз. Осы өңірде 15 жыл тапжылмастан еңбек еткен аға туралы  ҚР еңбек сіңірген фармацевт-дәрігер Маргарита Воронова сынды қарапайым халықтың жылы лебізі, ой-пікірі бір дүниеге татиды. Аузы дуалы ел ағасы жетпістің бесеуіне жасымай жеткенде көкшетаулықтар атынан ақын Иран Ильяшев  былай деп жырлады:

Жайдары, жарқын жүзі бар,

Еңбекте үлгі ізі бар,

Ардагері соғыстың,

Көңілде қатқан мұзы бар.

Құттықтаймыз Бейсеаға!

 Азамат асыл нұры бар!

Ақжайықтан  ұшқан қаз,

Қонған Көкше көліне,

Әсем мекен құт болып,

Айналдың ерен еріне.

Біте қайнап еңбекпен,

Көтерілдің төріне.

Бас иеміз, Бейсе-аға,

Өзіңдей елдің еріне!

Міне, әз ағаны көкшетаулықтар төбесіне көтере білді. Әлі де солай. Әр мейрам сайын келіп жететін құттықтаулар қаншама. Бұдан артық не айтуға болады?

 

Жауынгер достарын ұмытқан жоқ

Сонымен 1956 жылдың жазында Түймебайдан хат алды. Майдандас досы түрмеден құтылып, елге келіпті. Қазір ғылым докторы, академик дәрежесіне дейін жеткен. Ал Ақмұқан да беделден құр қалмай көп жыл совхоз парткомын басқарған. Өкінішке орай, Кәрім мен Асылхан лагерьдің азабына шыдай алмай сол жақта көз жұмған.

Бірде Көкшетауда жүргенде Ленинград жақтан бір открытка келді. Онда: «Мүмкін сіз басқа Жұмағалиев боларсыз. Ендеше кешіріңіз. Маған керек Бисен Жұмағалиев. Ленинград майданында шығып тұрған қазақ газетінің  қызметкері. М.И.Гордоннан» делінген. Бұл алғашқы газетте істеген редакторының қолтаңбасы болатын. Кейін 1975 жылы Ленинградқа жол түсіп, көптен іздеумен жүрген Максим Ильич Гордонмен де кездесті. Майдангер достар шүйіркелесіп біраз сырдың тиегін ағытты. Әлі де солай. Ұлы Жеңістің жеткеніне 65 жыл толса да Бисақаң көзі тірі майдандастарымен үзбей хабарласып тұрады. Тіпті адамгершілік парыз ретінде «Қазақтар Ленинград майданында» деген кітап жазды. Сұм соғыста ерлік көрсетіп, қыршынынан қиылған жауынгерлердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталған кітап көңілге мұң ұялатады. Көз жасы мен қасықтай қаны қатар төгілген қайран боздақтардың жансыз бейнесін жылдар бойы жоғалтпай сақтап, солар жайлы ұрпаққа сыр шерткен Бисен аға жауынгер достары, жерлестері Николай Тәжиев, Сәлекеш Нұрмағамбетов, Ибат Құбашев тағы басқалар жайлы жазуды да ұмытпапты.

 

Ақталған үміт, өтелген парыз

Иә, Бисен аға жайлы бір ғана мақаламен шектелу мүмкін емес. Өмірін оқытушы болып бастаған ақылшы ұстаз, тәлімгер аға жайлы ұзақ-ұзақ толғауға болады. Қан майданда етігімен су кешіп, оқ пен оттың ортасында бір қолына пулеметін, бір қолына қаламын ұстаған қайсар жанның тұңғиығы терең жанарында бір сыр тұнып тұрғандай көрінеді кейде. Жүріп өткен жолынан ұрпағы адаспай тәлім аларлық Бисен аға осы кезге дейін біраз танымал тұлғалармен сырлас, дәмдес болды. Идеология саласында жүріп көптеген зиялы қауыммен, қарапайым адамдармен араласты. Ленинградта жүргенде орыстың атақты жазушылары Николай Тихонов, Всеволод Вишневский, Михаил Дудин, Ольга Вергкольц және басқа да қаламгерлермен қарым-қатынасын үзген жоқ. Ал қазақ классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиевтермен достық лебізбен араласып тұрды. Олар жайлы естеліктер жазды. Көзі тірісінде сүйікті жазушысы Михаил Шолоховпен қоян-қолтық араласып, дос болды. Ол жөнінде «Шолохов Қазақстанда» деген орыс, қазақ тілдерінде тұшымды кітап шығарды.

Қазір заманның тыныштығын елмен бірге көріп, бейбіт күннің шұғыласына бөленген   Бисен аға шынымен-ақ бақытты қария. Алпыс жыл Нағима апаймен отасып, Нұрлан, Лилиян, Баян есімді үш бала өсіріп, төрт немере сүйген жарасымды жұп болды. Сексен үш жыл өмір сүрген марқұм Нағима Дәулешқызы да тегін емес-ті. Ол білікті заңгер, аяулы ана, сүйікті жар бола білді. Бүгінде Бисақаң сексен сегіз деген дария-ғұмырдың балдай тәтті дәмін татып, әрбір арайлап атқан таңның шапағатын көріп келеді.

– Кім-кімде де арман көп шығар. Бірақ мен халқымның, ел-жұртымның алдында адамдық парызымды өтедім деп айта аламын. Жастайымнан еңбегімді бағалап, қолтығымнан демеп, менің болашағыма сенген жора-жолдастарға, жерлестеріме, Көкшетау мен Оралдағы барша бауырларыма ризамын. Қайда барсам да алдымнан құрақ ұшып қарсы алып, табанымды жерге тигізбей  ақ киізге көтеріп, қошеметін көрсетумен келеді. Біз көрген соғысты, қиындықты ұрпақтарым көрмесін. Ылайым ашық аспан аясында көгімізден ақ көгершінді ұшырып, шалтты заманның шапағатына бөленсін елім, халқым, жұртым менің! – деп тебіренеді абыз ақсақал.

Келешекке бұралаңы көп жолдардан айшықты із қалдырып, ел төрінде еңбек етіп, сегіз қырлы, бір сырлы қадір-қасиетімен игі-жақсылардың бірі ғана емес, бірегейіне айналған Бисен аға перзенттік борышын, азаматтық парызын халқының көз алдында өтеумен келеді.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

2010 жыл   

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Келіндерге ақшалай сыйақы берілді
22 Қараша 2024
331 0
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
305 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
621 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
1093 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1465 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1293 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1824 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2445 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2608 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2613 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2666 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2672 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
2208 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
3147 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
3200 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
3192 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3814 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3776 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3769 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3742 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3903 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»