БІЛІМ САЛАСЫНДА БИЫЛ ДА ӨЗГЕРІС КӨП
Бұдан былай мектептерде ақылы олимпиада ұйымдастырылмайды. «Жеңіл портфель» жобасы аясында оқушылар оқулықтарын мектепте қалдырып, үй тапсырмаларын министрліктің сайтынан жүктелген электронды оқулықтар арқылы оқи алады. Оқушылардың әр деңгейдегі жетістіктері ескерілмей-ақ түрлі олимпиадаларға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен облыстық білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясында айтылды. Конференция жұмысына облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова қатысты.
Конференция аясында жиналғандар алдымен «Негізгі стратегиялық бағдар тұрғысында білім беру жүйесін дамыту: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбындағы көрмені тамашалады. «BILIM JÁNE ǴYLYM» облыстық білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясын ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова ұстаздарды білім саласындағы жаңалықтар, тың пікірлермен ой алмасуға шақырды. Өз сөзінде облыстық білім басқармасының басшысы өңір педагогтарының Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың республикалық Тамыз конференциясындағы білім саласын дамытуға байланысты айтқан сөздерін зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді. – Ел Президенті білім саласын одан әрі дамыту мәселелерін қозғап, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Білім саласын одан әрі дамытудың негізгі векторлары Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында, жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда, бағдарламалық мақалаларында белгіленген. Бүгінгі конференция барысында білім саласындағы жаңалықтар мен тың пікірлер айтылады деп сенемін. Бірқатар маңызды мәселелер қамтылып, білім саласы қызметкерлерінің алдағы жұмысының басым бағыттары белгіленетін болады, – деді Айымгүл Мақсотқызы.
– Еліміздің жас ұрпағына білім мен тәрбие беретін ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, негізгі мәселелер жөнінде пікір алысуға мүмкіндік және жаңа оқу жылын бастауға бағыт-бағдар беретін дәстүрлі тамыз конференциясының маңызы ерекше. Өздеріңіз білесіздер, 16 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президентінің қатысуымен республикалық тамыз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөйлеген сөзінде білім саласы бойынша келер жылдары шешетін міндеттерді анықтап берді. Бұл міндеттерді өңірімізде орындау бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткіземін. Ұстаздардың жалақысы екі есе өсетін болады. Сынып жетекшісіне қосымша ақша төленеді, педагогтардың жүктемесі азаяды. Бұған қоса мұғалімдердің демалыс уақыты ұзартылады. Мектептердің бескүндік жұмысқа көшуі ұстаздардың демалыста қалаған ісімен айналысуына мүмкіндік береді. Білім басқармасы бұл әрекетті қатаң бақылауы қажет. Ал педагогтар аталмыш ереже бұзылған жағдайда әлеуметтік желі арқылы тікелей өзіммен байланысқа шыға алады. ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында енгізілетін жаңа бастамаларды әзірледі. Сондай жаңашылдықтың бірі – енді біздің оқушыларымыз әр деңгейдегі жетістіктеріне қарамастан, түрлі олимпиадаларға қатыса алады. Бұл бастамалар елімізді 30 дамыған елдің қатарына енгізу мақсатын көздейді. Біздің өңірімізде бұл тұрғыда қандай жұмыстар жасалуда? Біріншіден, облыстың білім беру саласының бюджеті қазіргі таңда 72,2 млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 млрд. теңгеге артық және облыстық бюджеттің 37 пайызы болып табылады. Бұл бюджет өсімінің 60 пайызы өңір педагогтарының еңбекақысының көтерілуін құрайды. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және білім саласындағы жаңа жобаларға бұл қаржының 40 пайызы бағытталған. Жалпы айта кету керек, облысымыздағы 11 мыңнан астам педагогтар жаңартылған білім беру мазмұнында сабақ бергені үшін еңбекақыларына 30 пайыз үстеме ақы алуда, аттестациядан кейін жеті мың педагог жалақыларына қосымша ақы төленеді. Екіншіден, 2018-2019 жылдары жаңа құрылыс есебінен сегіз білім нысаны пайдалануға берілді. Мектептердің апаттылығын және үш ауысымдылықты жою мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен Ақжайық ауданындағы 100 орындық интернатымен 300 орынға арналған Абай мектеп гимназиясының және Орал қаласында 900 орындық №51 мектебінің құрылысы жүруде. Қазталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы орта мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар Орал қаласында 900 орындық №52 және 300 орындық №33 орта мектептерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Өңіріміздегі 5 мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Алайда, облыс орталығы Орал қаласына халықтың қоныс аударуы себебінен үш ауысымды мектептер саны азаймай отыр. Орал қаласының №10,18,20,47 және эстетикалық бағыттағы мектеп үш ауысымды болса, №31, 33 орта мектептер, Ақжайық ауданы Абай ат.гимназиясы және М.Өтемісов ат. орта мектеп, Қазталов ауданы А.Оразбаева ат. орта мектеп, Сарықұдық негізгі мектебі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебі апатты жағдайда. Аудан, қала әкімдеріне біріншіден, апаттық жағдайға жеткізбей күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді дер кезінде анықтап, құжаттамаларын әзірлеп, бес жылдық даму жоспарға кезең-кезеңмен енгізу қажет. Екіншіден, жаңа мектеп жобалық қуатын жоспарлауда елді-мекеннің миграциялық және демографиялық жағдайын ескеру керек. Үшіншіден, үш ауысымды мектептер проблемасын шешуде тек мемлекет қаржысы есебінен емес, жеке инвестицияны тартуға жұмыстанған дұрыс. Әсіресе, Орал қаласында бұл мүмкіндік жоғары, – деген өңір басшысы Ғали Есқалиев өңіріміздегі 507 мектепке дейінгі ұйымның 60-ы жеке екенін алға тартып, біртіндеп мектептерді жекешелендіру керегін атап өтті. Бұл орайда облыстық білім басқармасы басшысына жыл соңына дейін кем дегенде бір-екі мектепті сенімгерлікке басқаруға беру туралы келісімшартқа қол қоюы керегін тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі таңда баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз етем, білім, тәрбие беру – мектептің ісі деп түсінетін ата-аналар да кездеседі. Сондықтан да ата-аналар бала тәрбиесіндегі отбасының басым рөлін мойындап, мектеппен бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жасағанда ғана нәтиже болары сөзсіз. Ағымдағы жылы екі жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысса, үшеуі осындай әрекетке барғысы келген. Осы орайда ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Жиында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова министрлік жаңа оқу жылындағы жаңа міндеттерді айқындау мақсатында қажетті ұсынымдарды жинақтағанын айтып өтті. – Елбасының тапсырмасына сәйкес жаңа оқу жылында әлеуметтік және өз бетінше оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Балаларды ерте жастан дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру басталады. Балаларды мектепке алты жастан қабылдау нормасы қабылданды. Алайда соңғы шешімді ата-ана қабылдайды. Дегенмен баланы алты жастан оқытудың артықшылығын ата-аналарға педагогтар жан-жақты түсіндіруі тиіс, – деген Гүлнәш Хамитқызы бұл әлемдік білім жүйесінің тәжірибесіне сай жасақталғанын жеткізді. Мектепке дейінгі ұйымдарға бүлдіршіндерді қабылдауда ашықтықты, тең құқықты қамтамасыз ету мақсатында барлық қызмет автоматтандырылуы тиіс. Балабақшалардағы заңсыз әрекеттерге жол берілмей, қоғамдық бақылауды күшейту қажет. 2021 жылдан бастап мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу жұмыстары басталады. Мектептің инфрақұрылымын, бағдарламасын «5+5+2» сызбасына көшіру жоспарлануда. Соған сәйкес министрлік нормативтік-педагогикалық база дайындайды, ал білім ошақтарының жаңа нормаға сәйкес материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті атқарушы органдар жұмыла күш салуы керек. Министрлік өкілі айтып өткендей, бұдан былай мектептерде ақылы олимпиада ұйымдастырылмайды. «Жеңіл портфель» жобасы аясында оқушылар оқулықтарын мектепте қалдырып, үй тапсырмаларын министрліктің сайтынан жүктелген электронды оқулықтар арқылы оқи алады.
Шара барысында сондай-ақ «Оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу: іс-әрекет және нәтиже» тақырыбында М.Ықсанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Азима Ғұбашева, «Жаңашылдық пен ізденіс кәсіби өсудің шарттары» тақырыбында Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самат Байболатов баяндама жасады. Конференция барысында дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешені «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанса, мектепке дейінгі ұйымдар арасында Теректі ауданы «Бәйтерек» бөбекжайының әдіскері Ризвангүл Құспанова, ал орта білім беретін ұйымдар арасында дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақерке Байжиенова, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Айгүл Искалиева «Үздік педагог» атанды. Жылдың үздік педагог-ұстаздарына ҚР Білім және ғылым Министрлігінің наградалары, БҚО әкімінің марапаттары, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының марапаттары табысталды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу