БЕЛГІСІЗ ЗАТТАН УЛАНДЫ
Бүгін Орал қаласындағы №40 орта мектепте оқушылар белгісіз заттың әсерінен уланып, ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақбосынованың мәліметінше, жәдел жәрдем қызметіне сағат 11.24-те №40 орта мектептен шақырту түсіп, үш оқушының өздерін әлсіз сезінгендерін хабарлаған. Сағат 11.30-да алғашқы жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен. Одан кейін қосымша 4 бригада барып, облыстық балалар ауруханасына тағы да 12 оқушыны жеткізген. Бір мұғалім қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Зардап шегушілерге «белгісіз химиялық заттан жеңіл түрде улану» диагнозы қойылған.
– Барлық 15 оқушы бірнеше сағат дәрігерлердің бақылауында болды. Бұдан соң, балалардың өмірлеріне және денсаулықтарына ешқандай қауіп жоқтығын және жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде екеніне көз жеткізген ақ халаттылар оларды үйлеріне жібере бастады. Ал мұғалім уланудан бөлек, жеңіл түрдегі күйзеліс алғандықтан, оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданды, – деді Айнагүл Сақбосынова.
Оқиға туралы хабарлама БҚО ІІД-не сағат 11.53-те түскен. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары білім беру ұйымында болған оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауда.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу