БАУЫРЖАН – «АБАЙ ОҚУЛАРЫ» ЖЕҢІМПАЗЫ
Жастар жылы аясында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Шараны ашқан қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ашып, көркемсөз өнерін кемелдендіру, өлең сөздің қоғамдық қызметін көтеру ұлы Абайдың үлесіне тигенін тілге тиек етіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алдымен жиналғандар «Сәкен жырдың сарқылмас дариясы», «Бейімбет Майлин – қазақ әңгімесінің хас шебері», «Жыр жұлдызы – Фариза», «Сәбит Дөнентаев – сатирикалық өнердің шебері» тақырыбындағы көрмелерді тамашалады.
Талантты жастарды айқындауды көздеген байқау екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде жастар Б.Майлин мен С.Сейфуллиннің прозалық шығармаларынан үзінділер оқыса, екінші кезеңде С.Дөнентаев, І.Жансүгіров және Ф.Оңғарсынованың поэзиясымен сусындатты. Ақын Айтқали Нәріков бастаған әділқазылар сұлу сөздің қадірін түсінгендерді іріктеді.
Байқау нәтижесінде Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті Райымбек Мұхамбетов «Көрермендер көзайымы» атанса, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің өндірістік оқыту шебері Айдос Шайжанов үшінші орынды иеленді. Екінші орын М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Жанар Елемесоваға бұйырды. Ал Серебряков орта мектебінің жас ұстазы Бауыржан Зинешов бас жүлдесін қанжығалады.
Нұрлан ЕДІГЕНОВ
Версия для печати
Пікір үстеу