БАС МҮФТИ СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ:«БІР МӘЗҺАБ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚҚА БАСТАЙДЫ»
Бүгін, 27 қыркүйек күні Орал қаласында «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» тақырыбында халықаралық форум өтті.
Радикализмге қарсы күрестің құқықтық және психологиялық аспектілерін қарастыру, діни қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын және дін саласындағы құқықтық реттеудің маңыздылығын арттыруға бағытталған форум жұмысына облыс әкімі А.Көлгінов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі С.Ораз, көршілес елдер мен отандық дін мамандары, теологтар, дін саласындағы ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері, құқық қорғау органдары қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дінтану пәні мұғалімдері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз «Жаңа замандағы Ислам: өзара ықпалдастық пен діни тұрақтылық» тақырыбында баяндама жасап, зайырлылық ұстанымын жалпы қоғамға түсіндіру дін қызметкерлері, түрлі сала жетекшілері мен мамандарының міндеті екенін атап өтті.
– Халқымызда «Отан үшін күрес – ерлге тиген үлес» деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та білім менен бірлікте. Мұхаммед пайғамбар «білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы. Қай жерден тапса да, иемденіп алсын» деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе, елге қосқан үлесі осы болмақ. Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез» деп үш қайтара жауап берген. Өзі де «бұл ғаламда көркем мінезді кеміліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазіргі заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы көркем мінез екенін айтуда. Қазіргі қоғамға қажет мінездердің бірі – әділеттілік, адамгершілік, татулық пен бауырмашылдық. Алла тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» деп бұйырады. Мына заманда біз үшін – мұсылман үмметі үшін діни таным-ұстанымымыздағы бірізділік аса маңызды. Атап айтқанда, мәзһабтағы бірлік. Бір мәзһаб – бірлік пен ынтымаққа бастайды, – деген бас мүфти форум тақырыбына орай ұсыныстарын ортаға салды.
– Қазір кейбір азаматтар түсінбеушіліктен болар зайырлылықты атеизм ретінде қабылдайды, исламға жат не оған қасы құбылыс ретінде көрсетеді. Кейбір жастарымыз зайырлылықты кешегі өткен коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстырғысы келеді. Негізі кешегі кезеңдегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным, ғылым, өнер, әдебиет пен тарих, пәлсапа да сол идеологияға қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет болды. Ислам әлеміне танымал ойшыл Әбу насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары азаматтық қоғам және дін кітабы» деп аталатын һиссанамаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы дінді жоққа шығару емес. Керісінше адамның ар-ожданы, бостандығы, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Яғни, зайырлылық ұғымы ар-ождан бостандығы, төзімділік ұғымымен және түсініктерімен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екенін танытады. Зайырлылық ұстанымы – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандайда бір дінге сену немесе сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатысты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді. Белгілі профессор Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтама көп. Солардың бірі – барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылыққа тәуелсіз және кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп. Ал құдай түсінігі бір. Адамдардың құдай түсінігі ортақ болғанымен, олардың танымы, сенімі, құлшылығы және мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері әр түрлі. Сондықтан мемлекет өзінің тұрғындарының діни сеніміне араласпайды. Құрметтейді және бейтарап ұстанымда болады. Екіншіден, мемлекет діни басшылыққа, яғни діни билікке тәуелсіз. Келесісі мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында зайырлылықты – біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалайды. Зайырлылық ұстанымы – мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік. Қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық болып табылады. Зайырлылық ұстанымы – сіз бен біздің құқықтарымыздың қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ең басты шарт болғандықтан, саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы саланы бөледі. Біз дін саласының қызметкерлері, түрлі саланың жетекшілер мен мамандары мемлекет пен діннің қарым қатынасындағы нәзік әрі терең мәселені жастарға, жалып қоғамға түсіндіруден жалықпауымыз керек, – деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу