БАҚҰЛ БОЛ, ҒАБДІЛБАРИ АТА!
Ақ Жайық жұртшылығы кеше көненің көзіндей болған соғыс және еңбек ардагері, өңірімізге сыйлы азамат-қариядан айырылып қалды. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» демекші, аға-ұрпаққа өнегелі өмір жолдарымен жарқын із қалдырған абыз ақсақал тоқсан жеті жасында жарық фәнимен қоштасты.
Ғабділбари Оразғалиұлы 1922 жылы 3 желтоқсанда Жымпиты ауданының Маркс ауылында туған. Жастық шағы Қаратөбе ауданында өткен. Елімізді жаудан азат ету үшін 1942 жылы мамыр айында соғысқа атанған. Алдымен әуе десанты бригадасында әзірліктен өтіп, Калинин облысында қоршауда қалған Кеңес жауынгерлерін және танкіге қарсы күресетін артиллерия сапында бөлімше командирі ретінде Ржев қаласын азат етуге қатысқан.
1943 жылы Пенза қаласындағы артиллерия училищесін 6 айда бітіріп, соғысқа біржолата аттанған жас жауынгер Карачев, Кричев, 1944 жылы Белоруссияның Могилев, Польшаның Белосток, Варшава, 1945 жылы Германияның Кенигсберг пен Берлин қалаларын азат етуге қатысқан. Ұрыс даласында үш рет ауыр жарақат алған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін екі рет Қызыл Жұлдыз, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен наградталған. Соғысты лейтенант шенінде аяқтап, елге 1946 жылы оралған. Бейбіт өмірді ел-жұртына сыйлаған Ғабділбари ағамыз бұдан соң білімін жетілдіріп, Алматыдағы банк қызметкерлерінің курсын тәмамдаған.
1948-52 жылдары Орда ауданында мемлекеттік банктің бастығы, 1952-62 жылдары Жәнібек ауданында аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы, кейін Фурманов ауданындағы аймақтық-ауылшаруашылық басқармасы басшысының экономика жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, 1955 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық қаржы институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірді. Өмірін ізденіс пен білімге арнаған атпал азамат 1963-65 жылдары облыстық жоспарлау бөлімінің бастығы, 1965-75 жылдары геология барлау мекемесінде жоспарлау бөлімінің бастығы, 1975-1986 жылдары су шаруашылығы құрылысының тресінде жоспарлау бөлімінің бастығы болып, абыройлы қызмет жасады. 1986 жылдан бері құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Майдан мен жау тылынан тайсалмаған, Ұлы Жеңіс пен Отанымыздың бостандығы үшін, бүгінгі тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен, еңбекпен есейген қайсар жан, парасатты тұлға Ғабділбари Оразғалиұлы Бөкейордасының тумасы Жұпар Бекесова апамызбен тағдырын тоғыстырып, бақ-қуатты өмір сүрді. Өнегелі отбасында бес бала, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Немерелер мен жиендер, шөберелер мен жиеншарлар, шөпшектер сүйіп, бақытқа бөленді. Құдай қосқан зайыбы Жұпар анамыз өмірден ерте кетсе де қажымай, жасымай, күні кешеге дейін балаларына қамқор әке болды. Жайық жұртшылығы қимай қоштасқан абыз ақсақалдың жарқын бейнесі және ерлікке толы өмірі ұрпақтарының, жерлестерінің жадында ұзақ сақтала бермек…
«Жақсының аты өлмейді» демекші, Ғабділбари Оразғалиұлының отбасына, ағайын-туыстарына қатты қайғырып көңіл айтамыз. Атайдың сүрген ғұмыр жасын ұрпақтарына, ағайын-туыстарына бұйыртсын дейміз. Жақсы жанның жатқан жері жарық, топырағы мамық болып, пейіште нұры шалқысын.
Батыс Қазақстан облысының ардагерлері мен зиялы қауымы және Бөкейорда, Жәнібек аудандарының бір топ тұрғындары
Версия для печати
Пікір үстеу