БҚО-ДА «ТАЗА ЖАҒАЛАУ» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ
Су объектілерінің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық «Таза жағалау» акциясы өткізіліп келеді. Биыл алтыншы мәрте өтетін акция 27 шілдеде ұйымдастырылмақ. БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс тұрғындарын акцияға қатысуға шақырды.
Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі – Жайық өзенінің бассейні. Облыс халқының 75 пайызы тұратын 87 елдімекен осы өзеннің бассейнінде орналасқан. Жайық күніне орайластырылған аталмыш акцияға мемлекеттік мекемелер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы, кәсіпорындар, балық шаруашылығы субъектілері, оқу орындары, жастар қатысады. Акция аясында Жайық өзенінің жағалауымен қоса аудандардағы Кіші және Үлкен Өзен, Шаған, Деркөл, Елек, Утва өзендері мен Шалқар, Еділсор, Рыбный Сокрыл көлдерінің және басқа да су айдындарының жағалаулары қоқыстан және тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылады.
Ал Орал қаласының маңындағы су айдындарының жағалаулары 13 учаскеге бөлінді. Қатысушылар осы учаскелер бойынша топтанып тазалық шараларын жүргізеді. Атап айтқанда, Чапай атындағы бөгеуден Металлист зауыты аумағындағы жағажайға дейін, Металлист зауыты аумағындағы жағажайдан қолданыстағы жағалау насостық станциясына дейін, қолданыстағы жағалау насостық станциясынан автомобильдік көпірге дейін, автомобильдік көпірден 8-мектеп ауданына дейін, 8-мектеп ауданынан Стелаға дейін, Стеладан Соборға дейін, Собордан Хан тоғайына дейін, Хан тоғайындағы жағажайдан Шаған өзенінің сағасына дейін, Коминтерн ауылындағы Жайық өзенінің жағасы, Шаған өзенінің жағасы (монументтен гидроторапқа дейін), Шаған гидроторабының төменгі бьефі, Деркөл өзенінің бөлігі Селекционный ауылы.
Басқарма басшысы Ринат Шәуеновтың айтуынша, өткен жылы «Таза жағалау» акциясына 18 650 адам қатысып, 360 бірлік техника жұмылдырылып, 968 тонна қоқыс шығарылған. Соның ішінде Орал қаласы бойынша 530 адам қатысып, 6 бірлік техника жұмылдырылды және қалалық полигонға 38 тонна қоқыс шығарылды.
– Экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлесін қосқысы келген кез-келген ниет білдірген адам акцияға қатыса алды, өйткені облыс тұрғындарына алдын-ала хабарлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық акцияларын өткізіп тұру қажет деп есептейміз. Өйткені тұрғындардың назарын қоршаған ортаның ахуалына, соның ішінде су айдындары жағалауларының тазалығына көңіл аударту қажет. Осындай жиі және ауқымды өткізілетін тазалық акциялардың арқасында жауапты табиғат пайдаланушыны тәрбиелеуге болады, – дейді Ринат Сатымұлы.
Су айдындарының жағалауларын күл-қоқыстан тазаруымен қатар, әрбір азаматтың экологиялық мәдениеттілігі жоғарлап, қоршаған ортаға деген қамқорлығы молая түседі. Табиғат игілігі үшін бірнеше сағат ғана жүргізілген тазалау жұмыстарының арқасында туған өлкемізге пайдалы іс болды деп сенеміз.
Версия для печати
Пікір үстеу