БҚО-ДА ҚҰТҚАРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесінде қызметтерінде қайсарлық танытқан құтқарушылар марапатталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.
– Бұл мереке батырлықтың, қайсарлықтың, абыройдың, ар-намыстың символы. Отанды қорғау – еліміздің әр азаматының парызы. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған қазақстандық батырлық танытып, өмірлерін қатерге тігіп, Отанымыздың бостандығы мен татулығын сақтап қалды. Біз жанқиярлық ерліктері мәңгі есте қалатын соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін мақтан тұтамыз. Бүгін өз республикамыздың тыныштығын қорғап, Тәуелсіз Қазақстанның күзетінде тұрған азаматтарға ерекше құрмет білдіреміз. Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болмасын бар күш-жігерін салып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген құтқарушылар мен осы сала ардагерлерінің жанұяларына амандық, Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау ісінде табыс, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау жолында жетістіктер тілеймін, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін Ішкі істер министрлігінің бұйрығы бойынша азаматтық қорғау подполковнигі Мәди Шәуенов «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» кеудесіне медаль тақты. Азаматтық қорғау старшинасы Асхат Қайыржанов, прапорщик Қуаныш Серікбаев төтенше жағдайлар комитетінің алғысхат-грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ биылғы жылы су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге белсене қатысқан жедел құтқару жасағының қызметкерлері Нұрмұхан Жұмағалиев, Назар Ізтілеуов, Алексей Еремеев, Қадырхан Жүсіпов, Қайсар Үбішов, Юрий Алексеевич, Айбар Салықов, Виталий Дягелов, Тимур Биғалиев, Бекжан Айтқалиев, Алдан Жұматұлы облыс әкімінің алғыс хатын иеленсе, бір топ еріктілер облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хатын алды.
Өткен жылы облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары өздеріне бекітілген су айдындарында 20 адамды құтқарды. Оның жетеуі – балалар. Жасақ қызметінің басым бағыттарының бірі – суда адамдардың көз жұмуының алдын алу. Көптеген қайғылы жағдайлар суға түсу маусымы кезеңінде болатыны белгілі. Төтеншеліктердің айтуынша, судағы қауіпті жағдайлар негізгі себептері – адамдардың рұқсат етілмеген орындарда шомылуынан, мас күйде суға түсуінен немесе жүзуді білмеуі. Былтыр жасақ қызметкерлері 42 оқу орынында судағы қауіпсіздік бойынша сабақтар жүргізген. Сондай-ақ лагерьлерде 1100-дей бала жүзуге үйретілді.
Жыл сайын құтқарушылар жергілікті полиция қызметі өкілдерімен, еріктілермен, «жасотандықтармен» бірге Жайық, Шаған өзендерінде «Суда өлімге жол жоқ» акциясымен рейдтер жүргізеді. Салтанатты іс-шара барысында осы акция бастау алып, апаттық-құтқару кезінде қолданылатын жабдықтар, жүзу құралдары көрсетілді. Сондай-ақ құтқарушылар резеңкелі қайықпен балық аулауға шыққан балықшыларды, қолдан жасалған салмен суға кеткен төрт жасөспірімді «құтқарды». Өңірде резеңкелі қайықпен балыққа шығатындар аз емес. Бірақ, мұндай қайықтар орнықты болмайтын көрінеді, сондықтан аса қауіпті. Осы орайда құтқарушылар суға шыққанда жүзу құралдары қауіпсіздігін тексеріп, құтқару кеудешелерін пайдалануды ескертеді.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу