БҚО-ДА СУ ТАСҚЫНЫ БОЛУЫ ЫҚТИМАЛ
Ұзақ жылдық мониторинг көрсеткендей, көктемгі су тасқыны кезеңінде Батыс Қазақстан облысындағы 88 елдімекенді су басу қаупі бар. Бұл елдімекендерде жалпы 36 мыңнан астам адам тұрады. Орал қаласы, Тасқала, Қазталов, Бәйтерек аудандары елдімекендеріне қатер басымырақ. Бүгін БҚО әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында облысымызда, соның ішінде осы аталған аудандардағы су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейлері пысықталып, тиісінше тапсырмалар берілді.
Биыл қар мол түсті. 10 ақпанға дейінгі есеппен республика бойынша 3 млн. тонна көлемінде қар шығарылған болса, соның 650 мың тоннасы Батыс Қазақстан облысы бойынша шығарылған. Әлі де қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мәселен, Орал қаласы бойынша қар төгілген «Асан» карьері ұлпаға толық, «Балауса» да қарға толуға тәмам. Ал қалада әлі де жеке тұрғын-үй секторлары мен қар шығарылмаған көшелер баршылық. Сол себепті Орал қаласы әкімдігі қосымша үш орынды анықтап қала ішіндегі қарды сол орындарға шығаруда.
«Қазгидромет» БҚО филиалының директоры Нұржан Шияп ұсынған гидрометеорологиялық ақпаратқа сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Жәнібек аудандарында қар айтарлықтай көп. Жәнібек ауданында негізгі шама 17 см. болса, қазіргі қардың қалыңдығы 33 см, Орал қаласындағы шама 22 см., болғанымен қардың қалыңдығы 50 см. Тасқала ауданында 56 см. Тағы бір маңызды фактор – қардағы ылғал қоры. Ақпанның бірінші онкүндігіндегі көрсеткіш бойынша Тасқала ауданындағы қардың ылғалдылық мөлшері 134 мм-ді құрап, қалыпты шамадан 70 пайызға асып түскен. Оралдағы қар ылғалы негізгі шамадан екі есеге артып, 125 мм-ге жетіп отыр. Бәйтерек ауданының Январцев ауылында және Жәнібек ауданында да негізгі шамадан екі есеге артық.
Облыста 200-дей орташа және кіші өзен-көлдер бар, 58 гидротехникалық құрылым және Жайық, Шаған, Деркөл сынды трансшекаралық өзендер бар. Көктемгі су тасқыны кезеңінде бұл трансшекаралық өзендер бойынша ағымды көлемі Ресей аумағында қалыптасады. Самара қаласындағы гидрометеорологиялық басқармасының мәліметінше, Жайық өзені бассейнінде Ресей маңындағы қардың ылғал қоры 69-96 мм аралығында. Қараөзен Сарыөзен бассейндерінде 163 мм-ді құрайды. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш. Тоңның қатуы жылдағыдан төмен. Орал қаласында топырақ қату тереңдігі 37 см. Бұл өткен жылғыдан 3 есеге кем. Өзендердегі мұздың қатуы 7-87 см. аралығында.
«Қазгидрометтің» бірнеше жылдық бақылауы бойынша ақпан, наурыз, сәуір айларында бір тәулік ішінде бір айлық шамадағы жауын-шашынның түсу ықтималдылығы бар. Еліміздегі кіші өзендерде судың тасуы наурыздың үшінші онкүндігінен бастап сәуірдің үшінші онкүндігі аралығында байқалады.
БҚО ТЖД бастығы Ж.Жұмашевтың айтуынша, биыл облысымызда су тасқыны кезеңі қауіпті өтуі мүмкін.
– Орал қаласы бойынша өткен жылы 100 мың текше метрден аса қар шығарылды. Ал биыл қыс әлі аяқталмаса да 700 мың текше метр қарды шығардық. Соның өзінде тазаланбаған аумақтар бар. Ауыл-аймақтарда да қарды шығару маңызды. Арықтарды тазалап, ағып жатқан судың өтуіне жағдай жасалуы тиіс, – деген департамент бастығы осы ретте бекітілген жоспарға сәйкес кешенді шаралар туралы баяндады.
Су тасқынына дайындық шараларына 153 млн. теңге қаралған. 156 тонна ЖЖМ, 135 мың тонна ыдыс-қап, 18 мың тонна инертті материалдар, 173 бірлік мотопомпа дайындалған. Оған қоса тағы 27 мотопомпа алынбақ. Су тасқыны орын алған жағдайда жеке құрамнан 2 443 адам тартылады. 707 техника дайын.
Тасқын кезінде Орал қаласы бойынша Деркөл, Шаған, Жайық өзендерін бойлай орналасқан саяжай қауымдастықтарына қауіп жоғары. Басқарма басшысының айтуынша, жылдан жылға саяжайға қоныстанушылар артып келеді. 2016 жылы саяжайлардағы халық саны – 11 мыңға есептелсе, 2017 жылы – 12 мыңдай болды. Қазіргі уақытта осы 75 саяжайда 14 мыңдай тұрғын бар. Олардың 5 мыңнан астамы мектеп жасындағы балалар.
– Орал қаласы әкімдігімен уақытша орналастыру орындарын анықтадық, тамақ және бірінші маңыздағы заттармен қамтылатын болады, – деді Жасұлан Қыдырғожаұлы.
Сондай-ақ Орал қаласы бойынша Ет комбинаты, Жұлдыз, Старый Аэропорт аудандары, Лесозащитная көшесі, Курени, 2-ші жұмысшылар аймағы, Деркөлдегі Маштаков пен Ветелки қауіпті аймақтар қатарына жатады. Тәулік бойы үзіліссіз қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, ағын сулардан қауіп болуы мүмкін аудандар әлі тазаланып үлгермеген. Сондықтан мекемелерді, жастарды, Ұлттық ұлан сарбаздарын жұмылдырып, көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша сенбіліктер ұйымдастыру керек. Уақытылы қардың тазаланбауынан шатырлардың опырылуы да жиілеуде. Осы ретте ПИК-тардың кондоминиумға сәйкес аулаларды, шатырларды, арықтарды тазалауын бақылауда ұстау маңызды.
Бәйтерек ауданы бойынша ұзақ жылғы мониторинг 20-дан аса, Қазталов ауданы бойынша 17 елдімекеннің суға кету қаупі басым екенін көрсетті. Ал Тасқала ауданы бойынша аудан орталығы, Бірлік, Шежін-1, Шежін-2, Атамекен, Амангелді ауылдарына қауіп бар.
Жиын барысында Орал қаласы, Қазталов, Тасқала, Бәйтерек, Бөрлі аудандарының басшылары су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары туралы баяндама жасап, жиынды облыс әкімі қорытындылады.
– Су тасқыны кезінде су басу қаупі жоғары аймақтарды анықтадық. Тиісті техниканы жұмылдырып, бүгіннен бастап күшейтілген жұмыс тәртібіне көшу керек. Әр ауданда жеке кәсіпорындармен бірге жұмыстану қажет. Әсіресе облыс орталығында қарды шығару, арықтарды тазалауға мән беру керек, – деді Алтай Сейдірұлы.
Версия для печати
Пікір үстеу