БҚО-ДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРУДЫҢ ЕКІ ЖАҒДАЙЫ ТІРКЕЛДІ
Бүгін, 10 сәуір күні Батыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған 2 адам тіркелді. Екеуі де Өзбекстан Республикасының азаматтары.
Коронавирус инфекциясы табылған екі азамат та жүк тасымалымен айналысатын 25 және 27 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы «Сырым» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандармен қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың бірінде дене қызуының көтерілуі анықталды. Аталған азаматтар іс-әрекет алгоритміне сай оқшауланып, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Осылайша, барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып, аталған азаматтар провизорлық стационарға жеткізіліп, коронавирус жұқпасына талдау жасалды.
ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі уақытта облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке бокстарға орналастырылып отыр. Сондай-ақ науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО бойынша филиалы дезинфекция орталығы мамандарымен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Айта кетейік, кешегі күні де БҚО-да екі өзбектің вирус жұқтырғаны тіркелген болатын. Жалпы бүгінгі күнге өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.
Версия для печати
Пікір үстеу