БҚО-да биыл шөп шығымы төмен
Батыс Қазақстан облысында биыл шөп шығымы төмен болып, шаруалар мал азығын әзірлеуде қиындық көріп отыр. Әсіресе, оңтүстік аудандарда қысқы қордың тек 40-50 %-ы жиналған. Ал алда қоян жылының қысы қатты болады деп болжанып отыр.
Биыл өңірде шөп шығымы жылдағыдан төмен. Мамырда күн күрт суытып, көк көтерілмей қалды. Ал шілденің шіліңгір ыстығында жаңбыр жаумай, қуаңшылық жайлады. Әсіресе, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарында жағдай қиын.
Ордалық Саян Баетов қысқа қажет мал азығының тек үштен бірін жинаған. Қырда қылтанақтай көк жоқ. Малы көтерем. Сондықтан да қазірден бастап жем беруге көшкен.
Саян Баетов, шаруа:
Шабындықтан мың рулон жинап тұратын едік. Биыл техниканы жаңартқанның өзінде бар жинағанымыз 100 рулон. Әрі қарай шауып, ештеңе бітіре алмадық. Шөп жоқ. Көк тақыр. Өткен жылдан қалған 500 рулон бар.
Негізі құмда алты ай қыс болмайды. Жүз күндей ғана қар жатады. Шаруалар соның өзіне дайын емеспіз дейді.
Сағындық Сәрсенов, шаруа:
Шөп шығыны өте нашар. Жылда 3 мың рулон жинайтын едік. Үкімет енді мүмкіндік болса, қыс болмай тұрып көмектескені жақсы
Ал Жаңақала ауданындағы кей шаруалар мал азығын 200-300 шақырым жердегі Қызылоба ауылынан тасуға мәжбүр. Биыл бұл жаққа су жақсы келіп, шөбі шүйгін шықты. Шаруалар 50/50 есебімен шауып, тиеп әкетіп жатыр.Биыл облыс бойынша қыстаққа кіретін малға 2 млннан астам тонна шөп әзірлеу қажет. Қазір соның тек 72 пайызы жиналған.
Наурызбай Қарағойшин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Оңтүстік аудандарда табиғи шөптің өнімділігі әлдеқайда төмен. Көңілге медеу болатыны – өткен жылғы қыстың жайлы өтуіне байланысты мал азығының көп мөлшерде қалып, алдағы қыстақтан алып шығатын жоспар бар
Жәнібек ауданында қажет мал азығының тек 39 пайызы жиналған. Шаруалардың оны жүздеген шақырым жерден тасып, сатып алудан басқа амалы жоқ.
Ардақ Мұратқызы,
«qazaqstan.tv»
Версия для печати