БҚО-ДА 10 МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРДЕН КОРОНАВИРУС АНЫҚТАЛДЫ
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте айтылды.
Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлімдеуінше, кейінгі екі тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 жағдай тіркелді. Олардың 10-ы Ресейден келген азаматтар. «Сырым», «Тасқала»шекаралық өткізу бекеттеріндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандардың қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың денсаулыққа шағымдары болмаған. Алгоритмге сәйкес, СКП эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, карантиндік стационарға жатқызды. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен барлығында да COVID-19 диагнозы нақтыланып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. 10 жағдай медицина қызметкерлерінен анықталып отыр.
– Карантиндік және инфекциялық стационарда жұмыс жасайтын медициналық қызметкерлер үйлеріне жіберілмейді. Жатақханадан, қонақ үйден орын беріліп отыр. Жаңа коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлер ретінде аптасына екі рет оларға скринингтік тексеру жүргізіледі. Кеpекті тексеру қорытындысы бойынша 10 медициналық қызметкердің талдауы оң нәтиже көрсетті. Олармен байланыста болған 11 медицина қызметкері карантиндік стационарға жатқызылды, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Бүгінгі күнге 22 медициналық қызметкердің коронавирус жұқтырғаны тіркеліп отыр. Жалпы облыста тіркелген 146 оқиғаның 119 жағдайы Ресей Федерациясы мен Атырау облыстарынан келген азаматтардан, 26 жағдай науқастармен қарым-қатынаста болған облыс тұрғындарынан анықталды.
Айта кетейік, облыста коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайлары 29 наурызда тіркелді. 30 сәуір күнгі жағдай бойынша облысымызда COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған 146 адам анықталды. Тоғызы сауығып, үйіне шығарылды. Қалған 137 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. Провизорлық стационарда – 31, карантиндік стационарда – 85, үй оқшаулауында – 1958 адам дәрігерлер бақылауында.
Версия для печати
Пікір үстеу