БҮГІН – ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ
ТӘРТІП САҚТАУ КҮЗЕТІНДЕ
генерал-майор Әлібек Серәлиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған 27 жыл ішінде ғасырларға бергісіз даму жолынан өтті. Ата Заңымыз қабылданып, ұлттық теңгеміз енгізілді. Тәуелсіздіктің қорғаны – Қарулы күштер құрылып, барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекарамыз берік шегенделді.
Елбасымыздың жүргізген ұлтаралық татулық пен діни келісімге негізделген сарабдал саясатының арқасында көпұлтты қазақстандықтар арасында береке-бірлік орнады. Саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы ойдағыдай орындалуда.
Ата-бабамыз құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр қазақ даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғай отырып, бізге аманат ретінде қалдырды. Сондықтан бабаларымыздың аманатын Тәуелсіздігіміздің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіріп, оны көздің қарашығындай қорғауға міндеттіміз.
Еліміз егемендігін алған уақытта құрылған әскеріміз тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетімізбен бірге есейіп, өздеріне артылған зор сенімді абыроймен ақтап келеді. 27 жыл ішінде әскер Ұлттық ұлан мәртебесін иелік етіп, ең алдымен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде ағаттық жіберген емес.
1992 жылдың 10–қаңтар күні Ұлттық ұланының әскери қызметшілері үшін, елеулі күн. Ұлттық ұланының тарихы, еліміздің тарихымен тығыз байланысты және елдің берік қорғаны болу жолындағы даңқты дәстүрін жалғастыруда.
Осы орайда жыл сайын, біз кәсіби мерекеміз Ішкі әскердің қазіргі Ұлттық ұланның құрылған күнін тойлаймыз.
Сол кезден бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметіміз тек қана құқықтық шеңберде іске асып келеді. Еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне кіретін кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан жеке құрамы өздері жүріп өткен 27 жыл ішінде заман талаптарына сай толық, жан-жақты қалыптасып болды,- деп айтуға әбден негіз бар.
Ұлттық ұлан тарихында Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қамтамасыз еткен әскери қызметшілердің ерлігі, батырлығы және адалдығы туралы куәландыратын мысалдар көп.
Біздің әскери қызметшілер алдағы уақытта да әскери жолды қасиетті қорғауға және көбейтуге, әскери әзірліктерін және кәсіби шеберліктерін арттыратынына сенімдімін.
Құқықтық тәртіп әскері үшін өткен жылдар үздіксіз оқу, кадрлық жаңарулар, жауынгерлік дайындықты қазіргі жағдайға бейімдеу жылдары болды. Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша 1994 жылы Ішкі әскерде ірі құрылымдық қайта құру жүргізілді. Әскерді басқаруды жоғарлату мақсатында бригадалық жүйе құрылып, ол өзін толық ақтады.
1996 жылы әскерге Ішкі әскердің Туы мен Белгісі тапсырылды, содан соң әскердің барлық құрамалары мен бөлімдеріне Жауынгерлік Ту табыс етілді.
Күнделікті міндеттерден басқа Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында 1993 жылдың маусым айынан 1999 жылдың тамызына дейін халықаралық мінденттемелерге сәйкес, тәжік – ауған щекарасы аймағында міндеттер орындады. Осы аралықта кезектесу нұсқасы бойынша жедел мақсаттағы бөлімдерден 20 құрама рота құрылып, жауынгерлік міндетті орындау үшін екі мыңнан астам сарбаз бен офицер жұмылдырылды.
1995 жылдың 7 сәуірінде Пшихвар шатқалында Шымкент полкы құрама ротасының сарбаздары ТМД- ның сырқы шекарасын күзету кезінде кезектесу кестесі бойынша міндеттерді орындау кезінде қарсы жақтағы басбұзарларға үлкен қарсылықпен төтеп беріп, нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Осы ұрыста біз 17 жауынгерімізден айырылдық, олардың есімдері Қазақстанның барлық ауылдары мен қалаларында, мектептерінде, саябақтарында жазылып, мәңгіге қалдырылды.
Ел Президентінің Ішкі әскер жоғары әскери училищесін ашуы әскер тарихындағы тарихи оқиғалардың бірі, 1997 жылдың 20 желтоқсанында Петропавл қаласында мемлекет басшысы аталған оқу орнына Жауынгерлік туды тапсырды.
Әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты, Қазақстан Республикасының Әскери Доктрина сәйкес, Ішкі әскерге жаңа міндеттер жүктелді. Бұл қаруланған құрылымдармен күрес, қарулы қақтығыстардың, террорлық актілер, диверсия мен қауіпті қылмыскерлердің алдын алу, жолын кесу. Сондықтан әскердің жауынгерлік жағдайын жақсарту мақсатында, ұйымдастырушылық – штаттық құрылымына жетілдіру жүргізді. Осылайша 1999 жылдың желтоқсан айында арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі мен Шымкент қаласында төтенше жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындауға арналған жедел мақсаттағы бригада құрылды.
Сол кезде еліміздің әр түпкіріндегі әскери бөлімдерде кәсіби мамандықтарын тереңнен игерген әскери қызметшілер көптеп қызмет атқарды.Одақ ыдыраған бойда, олардың басым көпшілігі өздерінің тарихи атамекендеріне қарай ат басын бұрды. Тіпті ешкім күтпеген осы қолбайлауды да оңынан шеше білдік. Жоғары білімді запастағы офицерлерді шақырып, ішкі әскер саласына мамандандырып, білімін жетілдірдік. Олардың барлығы дерлік бүгіндері Ұлттық ұланның сапында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысуда. Петропавл қаласындағы Ішкі әскер жоғары әскери училищесін Ішкі әскердің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери өмірмен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдадық. Ел мен жердің бүтіндігін ойлаған әріптестерім сол мезгілдердегі қиыншылықтарға босаңдық танытқаннан гөрі, мемлекетіміздің тәуелсіз ел атанғанына шынайы қуанғандарына талай рет куә болдым. Елбасының арқасында Ішкі әскерді сан-салалы жағынан дамыту мен жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді. Міне, осылайша сындарлы сәттерден сүрінбей өттік.
2013 жылы Мемлекет басшысы аймақтық қолбасшылықтардың жаңа ұйымдастырушылық құрылымын бекітті, бұл күнделікті өмірді қиын жағдай туа қалған кезде Ұлттық ұлан бөлімдерін тиімді және жедел басқаруға мүмкіндік береді.
Әскердің дамуы мен қамтамасыз етілуі ел Президенті Н.Назарбаевтың үнемі жеке бақылауында. 2014 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының әскери қызметшілері алдарына қойылған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді толық және сапалы орындай отырып, өз мақсаттарын растап, еліміздің ішкі қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ете алатын, күнделікте және барлық өңірде жағдай күрделенген кезде құқыққорғау және лаңкестікке қарсы бағыттағы міндеттерді жоғары сапалықпен шеше алатын күшке айналды.
Қазақ елі – қашаннан жауынгер, намысшыл, елжанды халық. Бесігінен «Батырлар жырын» жаттап өсетін ұлы халықтың ұрпағы «Ер Төстік» ертегісімен есейетін. Жоңғарлармен шайқаста жауын шауып, Ұлы Отан соғысы ұрыстарында Берлинге Жеңіс туын тікті. Кешегі Ауған соғыстарынан да абыроймен оралып, Отан алдындағы борыштарын жанкештілікпен өтеді. Ұлттық ұланның 17 сарбазы тәжік-ауған шекарасында мемлекеттік міндеттерді атқару кезінде ерлікпен қаза тапты. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет атқарып жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда.
Мәселен, өткен жылдары Ұлттық ұланның сапында жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректікпен танылған жауынгер Ербол Отарбаев, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, қатардағы жауынгерлер Нұрасыл Мүбәраков пен Алтынбек Қабылбековтар Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алған болатын. Мінеки, мұның барлығы да Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі болып табылады. Жеме-жемге келгенде, бұл азаматтарымызды ерлік жасауға итермелеген бойларындағы терең патриоттық сезім.
Осы орайда Бауыржан Момышұлының: «Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға – қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу», деген аталы сөзі, анықтамасы есіме түсіп отырғаны. Сондықтан, ерлік аспаннан түспейді, ол Отанды сүюден басталады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, отбасынан өседі. Өз отбасын сыйлап құрметтеген адам халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген сын сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген – ер атанады. Қазақта «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер бір өледі, ез мың өледі» деп жас ұрпақты елін сүюге, намысты таптатпауға тәрбиелеген. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұраттарға жетелемек. Патриотизмнің қайнар бастауы да осылар.
Жалпы алғанда, әр кез Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қысылғанға, жәбір көргенге, қиналып көмек сұрағанға уақытылы жәрдем беріп, құтқарып ерге тән істерді еселеп келеді. Мәселен, өткен жылдың ішінде келеңсіз жайттарға, төтенше жағдайға тап болған 120 аса отандасымызға дер уағында көмек көрсетілген. Олар өрттен, судан құтқару, жоғалғанын іздеп, табу деген сияқты оқиғалар. Мінеки, бүгінде Ұлттық ұлан – өз Отанының нағыз патриоттары қызмет ететін әскер, беделді қызмет айналды.
Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан әскерлерінде әскери-патриоттық жұмыстарға үлкен назар аударуда. Биылғы Елбасымыздың Жарлығымен «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған орай 2019 жылдың қантар айының Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасымен жастарымыздың бойында отансүйгіштік сезімді мектеп қабырғасынан бастап оятуға арналған насихаттық шаралар басталып қолға алынып, жер-жердегі орта білім ошақтарында және де жоғары оқу орнындарында тәрбиелік сабақтар өткізілгенін атап өткім келеді. Мұндай жұмыстар – патриоттық әндерге арналған гала-концерттер, «Елбасы сағаттары», флеш-мобтар, тағзым шаралары, тәрбиелік шаралар әскер қатарында ұдайы ұйымдастырылады. Алдағы уақытта да Елбасы айтқан нақты тапсырмалар төңірегінде қызмет етіп, Қазақстанның үздік елдер қатарына қосылуына өз үлесімізді қоса беретін боламыз.
Қорыта айтқанда, Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – тәуелсіз Қазақстан»,- деген ұлағатты сөзіндей, осынау туған елімізді көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр азаматымыздың міндеті және перзенттік борышы. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі. Отанымызды күзету – үлкен абырой, асқан жауапкершіліктен тұратынын үнемі есте ұстауымыз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Осы мерекелік күнде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамына және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан ардагерлеріне зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік және елге қызметте табыстар тілеймін!
Ұлттық ұланымыздың айбыны асқақтап, жеке құрамның күш-жігері әркез мықты болсын!
Версия для печати
Пікір үстеу