АУЫЛ ШЕТІНЕН МАЛДЫҢ ӨЛЕКСЕЛЕРІ ТАБЫЛДЫ
Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытудың қарқынды барысын ұстану үшін ветеринариялық–санитариялық қауіпсіздіктің қатаң сақталуы өте маңызды. Осы бағытта ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы мен Орал қалалық және аудандық аумақтық инспекциялары тарапынан ветеринариялық қауіпсіздік бағытында халық арасында түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізіліп келеді.
Дегенмен, жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтары тарапынан Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 25-бап, 6-тармақшасындағы «жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға міндетті» деп көрсетілген жолдарын елемеулері салдарынан ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселерін мал қорымдарына жеткізілмей елді-мекендердің шет жақтарында, қоқыс орындарында тастай салу жағдайлары орын алуда. Бұндай жағдайларда мал иелері ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті аурулардан өлуі мүмкіндігін және әрі қарай жабайы аң-құстар арқылы жұқпалы аурулардың таралу қауіптілігін ескере бермейді. Сонымен қатар, түсіктер мен шуларды, жануарлардың нәжіс және несеп сұйықтықтарын қоқыс полигондарына тасымалдау арқылы қоршаған ортаға зиян келтірілуде.
Ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру базасына табылған жануарлардың өлекселеріндегі құлақ сырғаларының нөмірлері теріліп, бірдейлендіру базасынан алынған көшірмелер арқылы өлген малдар иелері анықталып, хабарламалар мен фото материалдар негізінде жоспардан тыс тексерістер ашылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабы 9-тармағының 2-тармақшасы бойынша Бөкейордасы, Бөрлі ауданының жеке және заңды тұлғаларына хаттамалар толтырылып, қаулылар рәсімделіп тиісті әкімшілік жаза қолданылды.
Жоғарыда баяндалған жағдайлардың аса қауіпті аурулар таралуына және қоршаған ортаның ластануына алып келетінін ескере келе, ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-ұстауда белгіленген заңнамалар мен ережелердің қатаң сақталуына назар аударуларыңызды сұраймыз.
Пікір үстеу