АУҒАННЫҢ ОТТЫ ЖАЛЫНЫ. ПАТРИОТИЗМ – ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ АСҚАҚ БЕЛГІСІ
Биыл Совет әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Осы атаулы күн қарсаңында қаладағы бірнеше жалпы білім беретін орта мектептерде оқушылар интернационалист-жауынгерлермен кездесіп, тағылымды тәрбие сағаттары ұйымдастырылуда. Кездесулер арқылы оқушыларға Ауған соғысы жайлы мағлұмат беру, олардың өрелік қабілеттерін кеңейту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу сынды басты мақсаттарды көздеді. №40-орта мектепте ұйымдастырылған шараға Орал қ.ПБ ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева, ардагерлер кеңесінің мүшелері милиция майоры Еркінғали Айдыналиев, милиция сержанты Мақсот Қайсақов қатысты.
Кездесуде ардагер ағалардың қасиетті рухы мен мыңдаған құрбандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Оқушылар алдында алғаш сөз алған милиция майоры Клавдия Саматқызы ардагерлерді таныстырып, әрқайсысының ішкі істер органында қызмет еткен еңбек жолдары мен жанқиярлық ерліктеріне қысқаша тоқталды.
Милиция сержанты Мақсот Қайсақов қызмет атқарған кездегі бір жылдың үстінде жасырынып бой тасалаған екі кәнігі қылмыскерді түн жарымында құрықтағаны туралы баяндады. Оқушыларды спорттың каратэ-до түрімен шұғылдануға шақырды. Милиция майоры Еркінғали Айдыналиев соңғы кездері ғаламторда қаптаған өзге облыстарда кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтар туралы айтып, жастар тәрбиесі жөнінде өз ойын айтты. Достық, сыйластық пен мектептегі татулық тақырыбында біраз ақыл-кеңесін айтып, ұзақ жыл мектеп инспекторы болып жұмыс жасаған кезеңдерден мысалдар келтірді. Ұстаз бен оқушы арасындағы сыйластықтың жарасымды болуына баса тоқталды.
Милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева жолдасының Ауған жерінде азаматтық борышын екі жыл атқарғаны, қарша бораған оқтың арасынан жан тапсырған жолдасын бауырымен жер сызып, жеті шақырым жылжып әскери бөлімге жеткізгенін, Ауған жерінен елге оралғасын ішкі істер органына қызметке орналасып, 25 жыл еңбек еткені туралы әсірелі әңгімеледі.
Оқушылар соңғы жылдары Ауған ардагерлеріне қаншалықты қолдау көрсетіледі, ауғандық жолдастарыңыз қандай сырларымен бөлісуші еді, әскери өмір мен темірдей тәртіп дегеніміз не? деген сұрақтарын қойды.
Кездесу соңында №40 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Төлегенова оқушылармен кездесуге уақыт тауып келіп, ізгілік пен ерлік, қайсарлық тақырыбында әңгіме айтқан ардагер ағаларға алғысын жеткізді.
Ал интернационалист-жауынгерлердің тұлғалары оқушылар санасында әрқашан биік болып қала береді.
Гүламан Исмағұлова, Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері
Версия для печати
Пікір үстеу