АТЫРАУ АЯЛАДЫ АЛАШТЫҢ АБЫЗЫН!
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында заманымыздың заңғар ақыны, XX ғасырда жарқын поэзиясымен қазақтың көркем әдебиетіне өшпес із қалдырған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ерғалиевтің туғанына 100 жыл толды. Сондықтан абыз ақын рухына бағышталған республика деңгейіндегі мәдени сазды-әдеби шаралар 13-14 қазан күндері Атырау өңірінде кеңінен атап өтілді.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен аты аңызға айналған асыл перзент, тума талант, қолтаңбасы бөлек кесек тұлғаның рухы туған топырағында екі күн бойы ұлықталды. Ақынның кіндік қаны тамған Исатай ауданының «Ерғали күтірінде» тақта-белгі ашылып, Хамит Ерғалиев ауылында ақын бюсті бой көтерді. Аққыстау ауылының Мәдениет үйінде мұражай бөлмесі ашылып, «Өмірім – өзім, өлеңім» атты салтанатты жиын болды. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «Поэзия тарланы» атты театрландырылған көрініс те жан тебірентті. ҚР Жазушылар одағы ұйымдастырған республикалық жас ақындардың «Поэзия падишасы» фестивалі де Хамит Ерғалиевтің құрметіне арналды.
Алматы шаһарынан арнайы келген қадірлі меймандар – ақынның тұяғы Мұрат Хамитұлы мен Хамит келіні Алтын Мұхамедиярова және Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші хатшысы, «Алаш» халықаралық әдебиет сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай бастаған той қонақтарын Атырау облысы әкімдігі қошеметпен қарсы алды. Екі күндік маңызды шаралардың басы-қасынан атыраулық зиялы қауым табылып, ақын рухын аспандатты.
Алдымен қазанның 13-жұлдызында «Жанарымда жұмыр жер» атты әдеби кеш шымылдығы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде түрілді. Онда Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев жиынды ашып, Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығына арналған тойдың мән-маңызына, бүгінгі ұрпақ пен ертеңгі келешекке берер үлесіне тоқталды. Бұл күні еліміздің Семей, Алматы, Шымкент, Ақтөбе секілді әр түкпірінен арнайы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының іріктеуімен және жолдамасымен келген оннан астам жас ақындар сахна төрінде жыр оқып, абыз аталарына өлеңмен тағзым етті. Олардың арасында біздің Орал қаласынан Мейірхан Марленов те болды. Жиналғандар Қаршыға Ахмедияровтың ақынға арнаған «Қамам толғауы» күйін тыңдап, бұл күнде өмірде жоқ қос алыпты ойға оралтты.
Ақын ауылында ескерткіші ашылды
Қасиетті жұма күні, яғни 14 қазанда Хамит Ерғалиев ауылындағы орта мектептің ауласында ақынның кеуде мүсіні салынған әдемі ескерткіш бой көтерді. Күздің қара суығын, ызғар желін елемеген шәкірттер, атыраулық ағайын ертерек жиналып, осы бір сәтті асыға күтті. Ұлт мақтаныштары аталмыш ескерткішті ашу құрметіне ие болды. Жиында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев ХХ ғасырда қазақ әдебиетінің классигі болған, теңіздей терең, даладай байтақ Хамит Ерғалиевтің кіндік қаны тамған ата жұрты – Атырауда бірнеше күннен бері ақынға арналған «Ғасыр тойы» басталғанын жеткізді.
«Армысың ауыл-аймағым!
Атырау, Нарын, Ақжайық!
Қош айтысып сенімен
Біз кеткелі ғажайып,
Талай қаңтар қалшылдап,
Талай жаз шықты-ау мал жайып», деген сиқырлы әрі сырлы терең ақынның жыр шумақтарын оқып, өнері мен өмір жолына тоқталды. Көркем әдебиетте күй атасы Құрманғазының, Ахмет Жұбановтың, Тарас Шевченконың, Қаныш Сәтбаевтың бейнелерін поэма жанрында суреттегенін, Шекспирдің «Гамлетін» тамаша аударғанын айтып, жиналғандарды сүйсіндірді.
«Хамит Ерғалиев ауылы» деп аталған бұл мекенде ақынның 60,70, тіпті 80 жасын бірге тойлап, көзінің тірісінде туған жерінде құшақ жая қарсы алып, мәре-сәре болған замандастары, ауылдастары бар екен. Солардың бірі, Атырау қаласының құрметті азаматы Нұрпейіс Мақашев пен қаламгер Жәниба Қарасаева да Хамаң туралы естелік айтты.
– Әуежайдан түскелі Хамаңа деген ақылды ұрпақтардың ыстық құшағын, ілтипатын сезіндік. Ақынның жүрегі тоқтағанмен, халқымен мәңгі бірге жасайды деген осы. Ол қазақ поэзиясының қазынасын ғажап жырларымен толтырды. Хамит Ерғали есімі – көкірегі ояу, санасы бар жандардың жүрегіне жазылған есім. Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы деген қазақ руханиятының үлкен шаңырағы бар. Кешегі Ілиястар, Сәбиттер, Ғабиттер бастаған топты осы Хамаңдар жалғастырды. Сол алдыңғы толқын ағаның бірі Хамаңа алтын бесік ауылында ескерткіштің ашылғанына қуанамын. Хамаңның өлеңдерін жатқа оқитын ұл-қыздарымыз өсе берсін, – деген ақын Ғалым Жайлыбай аталмыш мектепке өзінің «Бір тал үкі» атты жыр кітабын сыйлады. Осы шарада «Алаш» және Махамбет атындағы сыйлықтардың иегері Қойшығұл Жылқышиев дағдарысты елемей, Ерғалидың от ауызды, орақ тілді, біртуар Хамитына ескерткіш орнатып, 100 жылдығын жоғары деңгейде өткізуге ықпал еткен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа зиялы қауым мен қаламгерлер атынан ризашылығын білдірді.
Пікір үстеу