ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАДЫ
Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілдері Ақсерік Әйтімов пен Аида Маратова «Андас» оқу орталығы және Республикалық жоғары техникалық колледж ұжымымен кездесіп, Елбасының саяси және экономикалық тұрақтылық бағытын жалғастыруды ұстанған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.
Жиында сөз алған «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Ақсерік Сарыұлы «NurOtan» атынан қатысатын кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының сындарлы саясатын жалғастыратынына сендірді.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тұңғыш Президентіміздің бұрыннан бері келе жатқан әріптесі, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік аппаратта істеп, мол тәжірибе жинаған. Елбасының таңдаған бағытын жалғастыра алатын білікті саясаткер. Дипломатиялық қызметтің барлық сатысынан өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымында еліміздің өкілі болған тұлға. Қиын экономикалық кезеңде Премьер-министр қызметін атқарды. Халықтың өмір сүру сапасы мен қаражат табысын қалайша арттыру керектігін жақсы түсінетін жанашыр адам. Өзінің «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында кандидатымыз әр қазақстандық азаматқа тең мүмкіндік берілетініне баса назар аударған. Бұл ұстаным қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитыны сөзсіз. Сөз бен іс сәйкестік тапқанда жеңіс болары хақ, – деді кандидаттың сенімді өкілі А.Әйтімов.
Ал «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешеніндегі «Зияткер» бастауыш партия ұйымының төрайымы Аида Маратқызы: – Қ.Тоқаевтың «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» бағдарламасы – халықтық бағдарлама. Оның мәні мен болмысы қазақстандықтардың көкейінде тұрған мәселелерді ашықтап, шешімін ұсынады. Бұл бағдарлама ел азаматтарының сұранысына негізделген, барлық буын өкілдерінің жаңа сапалы өмір сүру деңгейіне жету үшін құралған. Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс берген әр азамат Сабақтастық, Әділдік пен Өрлеуді таңдайды, – дей келіп баршаны баршаны 9 маусымда сайлауға келіп, Қазақстанның табысты болашағы үшін «Nur Otan» партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беруге үндеді.
Жиналғандар әділдікті қолдайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деген пікірлерін білдірді.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу