АСТАНА АҚЖАЙЫҚҚА ЫСТЫҚ СӘЛЕМ АЛА КЕЛДІ
Биыл Сарыарқа төсіндегі сұлу шаһар – Астанаға жиырма жыл. Осы орайда өңірімізде мамырдың 17-сі күні Астана күндері басталды.
Қазіргі таңда Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Астана қаласының әкімдігі мен «Тәуелсіздік сарайының» ұйымдастыруымен «Ақ тілекпен, Астана» атты көркемсурет көрмесі көпшілікке өз жұмысын көрсетуде. Аталмыш көрмеге қазақстандық суретшілердің жүзден астам өнер туындысы қойылған. Мұнда келушілер сонымен қатар сәулетші-дизайнер, мүсіншілердің де жұмыстарын тамашалай алады.
– Астананың жиырма жылдық мерейтойына орай еліміздің барлық өңірлерін аралаймыз. Өнер сапарымыз Ақтөбе облысынан бастау алып, енді міне, Батыс Қазақстан облысында жалғасуда. Біздің ауқымды шараларымыз 3 күнге арналған. Астаналық өнерлі ұжым құрмында 150-дей әртіс бар, – дейді Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Мерейтой аясында астаналықтар «Нұр Отан» партиясының залында «Астанадан ақ тілек» концертін ұйымдастырды. Онда Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары өнер көрсетті. Тінін тарқаталық, «Сарыарқа» халық музыкасы, «Шалқыма» би, эстрадалық би ансамбльдері мен классикалық және эстрадалық вокал әртістері бұл кешті әдемі өнерлерімен өрнектеді.
Ал Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті оралдықтарға «Ұлы дала әуендері» атты әсем кеш сыйлады.
Мәдени сапар барысында астаналық делегация қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, құнды жәдігерлермен танысты.
17-19 мамыр аралығында А.Островский атындағы орыс драма театрының сахнасында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, А.Анатольеваның «Снежная королева» ертегісін, Ә.Оразбековтың «Одинокая яблоня» драмасын, К.Людвигтің «Примадонны» комедиясын көрермен назарына ұсынады.
Астаналықтар сонымен қатар 18 мамыр күні, яғни бүгін «Нұр Отан» партиясының залында «Елордадан елге сәлем» гала-концертін қоймақ. Оған елордалық филармония ұжымы және Р.Малцагов, К.Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары, «Арт-Домбыра» триосы қатысып жалпақ жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетеді.
Ертең 19 мамырда «Нұр Отан» партиясының залында би әртісі Көркем Шолошова өзінің «Қыз қиялы» атты жеке би бағдарламасын ел назарына ұсынады.
Айта кетейік, Астана қаласының мәдениет күндері аясында шаһарымызда өтіп жатырған шараларға қатысу тегін.
Самал ЖАМЕТ
Версия для печати
Пікір үстеу