ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДАҒЫ ОҚЫТУШЫНЫҢ АТҚАРАР РӨЛІ
Қазіргі уақытта пандемия зардабын бүкіл әлем тартып отыр. Жаман індетке қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіліп жатыр. Бұл індет Қазақстан жұртшылығы үшін де сын – қатерге толы. Осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз мақаласында Қазақстан береке-бірліктің арқасында бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға қадам басатынын айтқан болатын. Осыған байланысты елімізде жүзеге асырылып жатқан шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол бермеудің жолдары барлық жағынан жасалуда.
Қаратөбе колледжі білім беру процесін үздіксіз жүргізу мақсатында елде карантин жариялағаннан бастап «Google Classroom» платформасын қолдану арқылы қашықтықтан оқытуды бастады. Осыған байланысты оқу материалдары онлайн-сабақтарға бейімделіп енгізілді, студенттер осы режимде білім алуға машықтанды. Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізіліп жатырған сабақтар оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға зор мүмкіндік беріп отыр.
Ғылыми-техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу – колледждің инженер-педагогтарының негізгі міндеті деп білеміз. Өйткені, қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізуді орындай білуі керек. Қашықтан оқытуда сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда оқытушының атқарар рөлі орасан.
Оқу процесінде ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолданысқа енгізу техникалық жағынан да күрделі мәселе болып табылады.
Колледж қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру және қызмет етуі үшін өзіндік функцияларын жүйелі орындауда. Оның ішінде: ауданның шалғай ауылдарында тұратын білім алушыларға оқу материалдарын поштамен жеткізу, күнделікті хабарласу арқылы (24 сағат уақыт ішінде) түрлі кеңестер беру, білім алушылардың білімін бақылау және кері байланысты ұйымдастыру, оқу-әдістемелік және оқу-әкімшілік ақпараттарынан тұратын беттері бар білім беру интернет – порталына (колледж сайты, QARATOBE CG ютуб каналы, әлеуметтік парақшалары мен оқыту платформалары, чаттар) сабақтарды жүктеу қашықтықтан оқыту кезіндегі оқу процесін ұйымдастырудың қажетті шарттары болып табылады.
Ал кәсіптік практикада жүрген студенттеріміз бейне сабақтар арқылы ұйымдастырылған виртуалды зертханаларда машықтан өтуде. Қазіргі қойылатын талапқа сай, жаңа технологиялар – берілетін білім деңгейінің кеңейтілуінің және студенттердің білім дәрежесінің артуын талап етеді.
Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізуде деп ойлаймын. Ең бастысы — бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар, жаңалыққа жаны құмар, ой-санасы таза жастарымыздың болашақта ел мерейін арттыруға үлес қосатын азамат қылып тәрбиелеу, қашықтықтан білім берудегі басты міндет болып саналады. Біз тәуелсіз Қазақстанның даму жолында биік белестерді бағындыруда, мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басудамыз. Тәрбиелеп отырған жастарымыздың бойында болашаққа деген берік сенім бар. Елімізде орын алып жатқан қиын кезеңде барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек деп айтқым келеді.
М.А.Салахаден, Қаратөбе колледжінің директоры:
Версия для печати
Пікір үстеу