Араб елдері Қазақстанға қомақты инвестиция құяды
Араб елдері, әсіресе, энергетика, көлік транзит салаларын қолдауға дайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне» қатысты. Алғашқы саммит отырысына 11 мемлекеттің басшылары жиналды. Тараптар қарым қатынасты дамытудың жаңа жолдарын іздеді.
Қасым Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтасудың бірқатар бағытын ұсынды. Әуелі тауар айналымы. Қазақстан араб елдеріне қысқа мерзімде 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын. Екінші бағыт – инвестиция. Президент шығанақтағы алты елді Қазақстанға қаржы құюға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз.
Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін пайдалануды ұсынды. Осы бағыт арқылы 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жөнелтіледі. Бұдан басқа «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізін дамыту қолға алынып жатыр. «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолы тағы бар. Бұл бағыт – Шығанақ елдеріне шығатын ең қысқа жол. Сондықтан осы дәліздерді дамытуға арабтар қаржы құюға дайын.
Дереккөз: qazaqstan.tv
Версия для печати
Пікір үстеу