«ҚАРАҚАТТЫҢ МЕКТЕБІ» – ДАРЫНДЫЛАР МЕКЕНІ
Маусымның бірі күні әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаның Орал қаласында «Қарақат» студиясы ашылған болатын. Бүгінде музыкалық-шығармашылық бағыттағы мектеп студияда 4 жастан 18 жасқа дейінгі дарынды балалар өнердің түрлі салалары бойынша білікті мамандардан дәріс алып жүр. Бұл әншінің осы қаладан ашылған екінші мектебі. Осы орайда қаламыздағы «Қарақат» музыка мектеп-студиясының бүгінгі жай-күйі мен оған қабылдау тәртібі, алдағы жоспары туралы екі мектепті де «ұршықша иіріп отырған» Орал қаласының тұрғыны Рысбек Серікқалиевті сөзге тартқан едік.
Мектеп директоры Рысбек Даниярұлының айтуынша, көмейіне бұлбұл ұя салған қазақтың дарынды қызы, бүгінде таңғажайып даусымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерінің айтулы жұлдызына айналған Қарақат Әбілдинаның атындағы алғашқы мектеп студиясы Орал қаласының 9 ықшамауданынан техникалық режимде өткен жылдың бірінші маусымында ашылған. Арада өткен бір жыл ішінде 250-дей бала музыкалық білім алып, түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысқан. Яғни «Мен де жұлдыз боламын», «Атадан мұра» байқауларында топ жарған балалардың көбісі Түркия еліне жолдама да жеңіп алған. Сөйтіп мұндай мектептің қажетін сезген көпшілік екінші мектеп ашу жөнінде ұсыныс түсіріпті. Нәтижесінде халықтың сұранысымен таяуда ғана Зашаған кентінде Қарақаттың екінші мектебі бой көтерген.
– Мектепте алғашқыда 100 шақты бала ғана тәрбиеленді. Бүгінгі таңда бала саны екі есеге артты. Саны да, сапасы да өсті. Аптаның 5 күнінде балалар осы жерде оқиды, музыкалық сауатын ашады. Топпен жұмыс істейді. Мақсатымыз – кішкентай аудиторияда жетілген жасты үлкен сахнаға шығару. Байқауларға қатысып тұрамыз. Жүлделі орындарымыз аз емес, – дейді «Қарақат» мектеп-студиясының директоры Рысбек Серікқалиев.
Қазіргі таңда баланың музыкалық қабілетін жан-жақты дамыту, оның бойында музыка мәдениетінің негіздерін қалыптастыру үшін екі мектепте 30 ұстаз барын салып еңбек етіп келеді. Ұстаздар дәстүрлі ән, домбыра, фортепиано, жетіген, актерлік шеберлік, хореография, гитара, баян, тележурналистика, вокал бағыты бойынша сабақ үйретеді.
– Осыдан бір ай бұрын қазақ дәстүрлі ән өнерінің насихатшылары, эстрада жұлдыздары Қыдырәлі мен Қарақат екі мектептің салтанатты ашылуын жасап, бір жылдық есеп беру концертімізді бердік. Жоғары деңгейде өткен концертке 500-дей оқушы қатысты. Айта кету керек, Зашағандағы мектеп студияда Монтессори технологиясы бойынша оқытатын орталық бар. Бүгінгі таңда жаңа оқу жылына бала қабылдау жүргізілуде. Орталыққа хабарласып, баласын оқытқысы келетін жандар аз емес. Алайда мұнда көңіл үшін деп, болмаса белгіленген ақыны төледі екен деп кез-келген баланы қабылдай бермейді. Арнайы шарты бар, – дейді мектеп басшысы.
«Мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай болмақ» деген. Біз барғаннан-ақ орталықтың мамандары балаларды жай ғана оқытып қоймай, теориялық білім берумен қатар, тәжірибемен негіздеп, ұштастырып отыратынын аңғардық. Бұған 50-ге жуық жас жеткіншек республикалық және халықаралық байқаулардан олжалы оралғаны дәлел.
«Қарақат» мектебінде оқу ақысы – айына 10-20 мың теңгені құрайды. Орталықта арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Егер бір отбасынан үш бала осы мектепте оқыса, үшіншісіне жеңілдік бар екен. Сондай-ақ бір бала үш бірдей үйірмеге қатысса, арнайы жеңілдік қарастырылған.
– Жылдың басында қаладағы әр мектепке бес сертификаттан таратамыз. Ол сертификаттар аз қамтылған, көпбалалы өнерлі отбасы балаларына беріледі. Осы балалар бізде тегін оқиды. Мамырдың бірінен бастап Үкімет тарапынан спортқа, өнерге бейім балаларға тегін оқуға қолдау көрсетілуде. Біздің оқушылар бес жылдық оқу бағдарламасын меңгерген соң қолдарына сертификаттарын алады және осы құжатпен жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыра алады, – дейді бұл турасында Рысбек Даниярұлы.
«Қарақат» мектебінің алғашқы шәкірттері саналатын Арайлым, Алтынай, Айым Темірхандар бүгінде мектеп студиясында би ансамблі құрамында өнер көрсетіп жүр. Өнерлі балғындар қаладағы №42 мектеп-гимназиясының үздік оқушылары екен.
– Қыздарымды Оралда «Қарақат» мектебі ашылысымен ойланбастан осында әкелдім. Мұнда оқып жатқанына бір жылдан асты, нәтиже жаман емес. Айына үшеуіне 40 мың теңге оқу ақысын төлеймін. Үшеуі де биге қатысады, кішісі Айым қосымша вокалға барады. Өткен жылы Алтынайым Ақтау қаласында өткен би байқауында лауреат атанса, кішкентай Айым сол қалада өткен «Атадан мұра» байқауында вокалдан жүлделі орынға ие болды. «Мен де жұлдыз боламын» байқауында топ жарған Алтынай бишілер тобымен Түркияға жолдама ұтып алды, – деген жас дарындардың анасы Индира Қобыланова қыздарына үлкен мүмкіндік сыйлаған мектеп ұстаздарына дән риза.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Қоғамдық қауіпсіздік жастар көзімен: полиция бастамасындағы пікірсайыс
Оралда өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғын қайта көлік басқарған
Әлия ҚАЙЫРЖАНОВА: «БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ОЙЫ ОЗЫҚ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ…»
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады
Қазақстанда балаларды шетелде емдеу қажеттілігін 50%-ға төмендету жоспарлануда
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы реформалар жүзеге асырылуда
📢 Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысы өтеді
Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) алғашқы отырысы өтеді
Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды
Қорғаныс министрлігінде Ұлттық құрылтай идеялары аясындағы міндеттер айқындалды
Голан биіктіктеріндегі миссия: қазақстандық саперлар 1200-ден астам жарылғыш затты жойды
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Елімізде жаңа төрт фармацевтикалық зауыт салынады
Президент тапсырмалары бұған дейін жарияланған ауқымды саяси реформаның жалғасы болды — Олжас Бектенов
Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды
61-ші Венеция биенналесінде Қазақстанды «ҚОҢЫР: архив үні» жобасы таныстырады
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан екінші деңгейдегі банктердегі кредиттердің есептен шығарылатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Орал қаласында жұмысқа орналастыру сылтауымен алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды

Кіру


Пікір үстеу