«Алғыс – алтыннан қымбат»
Жылдың алғашқы жұлдызы күні Ақ Жайықтың арда азаматы, үлкен саясаткер, дипломат, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Есенғалиев Абат Қадымұлы мерейлі 75 жасқа толды!
Мен білетін Абат аға, 1- қаңтар күні орманда жалғыз жортқан азулы арыстандай «алыс –алыс жолдарды, жота-жота белдерді көру үшін аралап» сапарға асығады. Яғни, туған күнін шаңырағында тойламайды. Танымал тұлға ешкімнен жылы сөз, мақтау естуге құмар емес. Бұрыннан ғадеті осы. Мүмкін, қазірде ел мен жерді саяхаттап жүрген шығар. Қай қиырды кезсе де алтыннан да қымбат алғыстарды арқалап, арайлы таңдарды қарсы алғай…
Мені асқар таудай азаматпен табыстырған «Служак» әңгімем еді. Жақсының жақсылығың айтып, нұрын тасытпасақ, кісілігіміз қайсы?! 2013 жыл. 20-наурыз. «Егемен Қазақстан» газетіне «Служак» әңгімем жарияланды.
-Мира, амансың ба, айналайын. Мынау «Служак» деген әңгімеңді оқып, Қырымбекті сағынып кеттім! Көшербаевқа арнаған екенсің! Ол кісі облыс әкімі болып тұрғанда мен бірінші орынбасары болып бірге қызмет жасағам. Екеуміз ақылдасып, қадау таланттарды елге алдырттық. Тұяқберді Шәміловті білесің ғой. Анасымен бірге Оралға көшіріп әкелдік. Шіркін, Тұяқ деген Мәмен, Қалилардың көшірмесі ғой, тұрған! Тым ерте кетті… деп Абат аға күрсінді де, өзі қал-жағдай сұрасып, сыйласып тұратын Досхан Жолжақсыновтай мықтыларды жіпке тізді. Сосын: – Сені жаңа әңгімеңмен құттықтап қояйын деп. Бұрын шыққан кітаптарыңды оқыған едім. Алдағы уақытта тағы да кітап жазсаң, мазмұнына осы «Служакты» міндетті түрде қос! «Бір әңгімесі-бір әлем» дегендей, осы әңгімең үшін кітабыңа өзім бастап демеуші боламын. Және демеушілерді де табамын,- деді.
Төбем көкке тиді! Оң саусағым күміс қанатқа айналып, шабытыма шабыт қосылды. Арада бір жыл өтті. Алматыға кітабым кетті. 2014 жылдың қаңтары. «Жазушы» баспасындамын.
– Аға, «Өкініш» деген жаңа кітабым жарық көргелі жатыр. Ішінде «Служак» та бар! Кітабым – 566 бет болды. Пішімі 84 x 108. Баспа табағы 35,5. Шекесінде тағы бір қыбырлаған сандар бар. Қымбатқа шыққалы тұр,- дедім.
-Қам жеме. Мәселеңді шешемін,- деді Абат Қадемұлы. «Асыл адам айнымас, айтқан серттен қайырылмас». Уәде-уәде. Серт-серт. Көктемге қарай «Өкініштің» алғашқы нұсқасы қолыма тиді. Мұқабасы қалың кітапты көріп, ағаның көзі жарқ етті. Сірә, жан-дүниесі рухани байлыққа толы деп осындай жандарды айтатын шығармыз. Егер Абат Есенғалиев аға өнерімді қолдамаса, бұл повесім оқырманмен қауышар ма еді, баспаның құны аспанға ұшқан заманда!
Иә, жүрегімдегі дәл осы жылы лебізді, алғысымды талай рет ел алдында айтуға оқталғам. Бірнеше рет шығармашылық кештеріме шақырғам. «Шырағым, сақал басыммен сенен мақтау естіп отырамын ба» деп келмеді.
Қашанда адамгершіліктің жалауын желбіретіп жүретін тектінің тұяғы баяғыда бір ауылға басшы болып барғанда халықты аяп, дереу буы бұрқыраған монша салып беріпті. Жазда шөп қораның тасасына, қыста пеш түбінде жез кәритаға шомылатын ауыл жұртын көз алдыма елестеткенім-ай, сонда. Кейін жүздері шырайланып моншадан шығып жатқан, алғысын Абат бастыққа жаудырып жатқан нөпір халықтың үні құлағыма келетін.
«Биікке көтерілген адам алқынбай шығуды ғана емес, әдемі түсуді де алдын ала ойлау керек» деген данышпан Қадыр Мырза Әлінің дәл осы философиясы Абат Қадемұлына арналғандай. Мақтануды, масаттануды білмейтін, өз дара жолы бар, талай жанға кісілік қамқорлығы тиген арда азаматты бірде әріптестері «Құрмет» орденіне ұсыныпты. Тізімді көрген бірінші орынбасар өз фамилиясын сызып тастапты. Сонда: «Бүкіл ауыл-аймақты аралап, басқарып келіп… Осы күнге дейін бір орден тақпағаныңызға таңқаламын» депті ғой, экс-әкім Қырымбек Елеуұлы. Рас-ау?! Биік мансаптың қақ төрінде басқа біреу отырса, бешпетінің екі өңірін «сыңғырлатып, қоңыраулатып» қояр еді. Дүние-байлыққа, атақ-даңққа қызықпайтын қасиеті де көпке үлгі ағаның.
Иә, кешегі Кеңес дәуірінің, бүгінгі егемен елінің өткелдерін көрген, қиындығына төзген, ысылып- жетілген нар тұлғалы Абат ағамыз, Аллаға шүкір, жетпіс бес деген жұлдызды да жарқырата жақты! Серкелі сексенге серпін қақты! Тәңір өзі бұл бақытты абзал жанға сыйға тартты. Қайырымен болғай… Шыны керек, елге төнген індет жанұясын жабырқатты. Асыл жардан, мейірімді анадан отбасын алыстатты. Алайда, бала-шағасын, өзін сақтап қалды. Бұдан әрі ағамыз Жаратқанның бұйыртқан күндері мен айларын кең құшағына сыйғыза бергей. Менің Хан Ордамдағы аспанмен таласқан қарағайлардай тәрбиелі, өнегелі ұрпақтарының жапырағы жайқалып, тамыры тереңге тартып, «әкелеп, ақ папалап, аталап» жанында, көз алдында, қасында аман жүргей!
«Керегесі ағаш, ұраны Алаш» дегендей, жүрегі Қазақ елім, Казталовым, Оралым деп соққан Абат Қадымұлының қадамы құтты болғай, ағайын! Аға тойы – ел тойы емес пе. Жақсы адамның жақсылығы сіз бен бізге жұғысты болғай, ендеше!..
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
Соңғы жаңалықтар
Ақ жаулықты әжелер мен абзал ағалар – азаматтық белсенділік үлгісі
Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары өз таңдауларын жасады
Оралда Наурыз мерекесіне орай «Ақжайық» әжелер ансамблі өнер көрсетті
Продовольственные ярмарки проходят возле участков для голосования в ЗКО
В Уральске свой гражданский долг исполнил ветеран Великой Отечественной войны Вениамин Скаленко
Қаратөбе ауданындағы референдум учаскелерінде дауыс берушілер арасында садақ атудан сайыс өткізілді
Батыс Қазақстан облысында республикалық референдум күні сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күй қалыптасуда.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді
Представители этнокультурных объединений Западно-Казахстанской области призвали голосовать на референдуме
Оралдағы №230 референдум учаскесінде балаларға арналған аквагрим ұйымдастырылды
Отандық фармацевтикалық өндіріс өз позициясын нығайтуда: Қазақстандық дәрі-дәрмектердің үлесі 40%-ға жетті
68% иностранных инвестиций Центральной Азии сосредоточены в Казахстане

Кіру

Пікір үстеу