Қайырымдылық – тәрбиенің бастауы
Халқымыз ықылым заманнан бері мейірімділігі мен жомарттығымен көпшілікке мәлім. Қазақ жетімін жылатпаған, жат елге қаңғыртпаған, қашаннан балаларын ата-анаға, өзінен кішілерге қамқор болуға баулып отырған халық.
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл сөздер арқылы айналасындағы адамдарды мейірімділікке тәрбиеледі. Осының бәрі келешек ұрпаққа көрсетілген үлгі-өнеге емес пе?
Ұрпақтың мейірімді болып өсуі тек ата-анадан емес, қоршаған ортасына да байланысты. Сондықтан қазіргі кезде жаһандану үрдісі жайлап жатқан уақытта балалар ақпарат құралдарынан неше түрлі жауыздықты, қаныпезерлікті көріп өсіп келеді.
Әсіресе, ата-анасынан жырақта қалып, бүгінде мемлекеттің қарауында өсіп жатқан жас бүлдіршіндерге тек балалар үйінің қабырғасында емес, мейірімділік пен қайырымдылық аясында көптеген шаралар өткізіп тұрса, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етері сөзсіз. Мейірімділік, сүйіспеншілік ізгілік нұры бізге қонып, адамдар бір-біріне тек жақсылық, қуаныш, ізгілік сыйлап жатса, қандай жақсы болар еді.
Аталмыш қасиет адамдарға ғана мейірімділік көрсетумен шектелмейтіні белгілі. Өзіңді қоршаған ортаға, жан-жануарларға, табиғатқа деген мейірімділіктің де болуы қажет. Сол себепті бүгін «Сиқырлы сандық» республикалық акциясы және «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне «Nur-Er» ат спорттық-туристік орталығында қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жас бүлдіршіндердің құрметіне өткізілген іс-шара Орал қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелерінің демеушілігімен өткізілді. Орталыққа «AMANAT» партиясыБатыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев қатысып, келген жас бүлдіршіндерді көктемнің мерекелерімен құттықтап, жылы-лебізін білдірді.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – ата-анасынанжырақта қалып, бүгінде мемлекеттік қарауында өсіп жатқанжетім балаларды ұлттық спортқа баулу, оның ішінде атқаотырғызуды үйрету, атты күтіп баптау, бейімдеу және садақатуға баулу.
Орталыққа келген қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бүгінгі бағдардаманы түсіндірген Орал қалалық мәслихат депутаты, қалалық фракция жетекшісі Нұрболат Исмагулов алдымен оларға атқа қалай міну керек екендігін түсіндіріп, қауіпсіздік шаралары бойынша инструктаж өткізді.
Балаларға алдымен орталықтағы жануарлардың қыс мезгіліндегі үйін (қыстауды) көрсетіп, ішіндегі жануарлармен таныстырды. Австриялық түйеқұс, тазы ит, пони және жылқыларды көрген бүлдіршіндер оларды тамақтандыруға асықты. Барлығы да өз қолдарымен сәбіз беріп, мәз-мейрам. Сол мезетте өздерінің жарқын күлкілерімен ұласқан эмоцияларымен бөлісуге асыққан балалар, алғысын білдіріп, өздеріне ұнап қалған жылқылардың аттарын айтудан жарысты.
Айта кету керек, жалпы Наурыз күнін тойлауға арналған 10 күндіктің бүгін екінші күні, қайырымдылық, кішіпейілділік бағытына орай «AMANAT» партиясы облыстық филиалы 3 бірдей шараны жоспарлады: 1.«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қарттар үйіндегі қарттар мен мүгедектерді мерекемен құттықтап, сый-сияпат тарту ету, 2. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша балаларлы ұлттық спорт түрлерімен таныстыру, 3. «Кедергісіз келешек» бойынша ерекше балаларды наурыз мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыс ету.
«AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі
Версия для печати