ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ФАБРИКА
Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор. Өйткені ел экономикасының өрге басуында, халықтың әл-ауқатын арттыруда бұл саланың орны бөлек. Әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы қолдауға басымдық берілгені жөн. Мәселен, биылғы жылдың ақпан айында жұмысын бастаған қаладағы «Ягуар» тігін фабрикасынан 20 шақты қыз-келіншек жұмыс тауып үлгерген. Дені орта және орта жастан асқандар. Сондай-ақ басым бөлігі есту-сөйлеу қабілетінен айырылған мүмкіндігі шектеулі жандар.
«Жасыл елдің» киімдері жаңа үлгіде
Берік Әбілқасов бұл фабриканы екінші мәрте ашып, қайта жандандыруда. Өзі бұрын құқық қорғау саласында қызмет еткен екен. Жолдасы да полиция қызметкері болған. Қазіргі уақытта жас шаңырақ иелері отбасылық кәсіптерін дөңгелетуге бел буып кіріскен.
– Полиция қызметінен кеткеннен кейін жеке күзет фирмасында бес жыл басшылық еттім. 2015 жылы өз ісімді бастауға шешім қабылдадым. Әрине, басқа салалар бойынша кәсіп ашуға болар еді. Менің тігін ісіне қызығушылығым жоғары болды. Сондықтан фабрика ашуды қолға алдым. Бірақ, тапсырыстың болмауына байланысты бір жыл ғана жұмыс жасап, шарасыздықтан істі тоқтаттық, – дейді Берік Сәбитұлы.
Фабриканың қажетіне алынған құрал-жабдықтарды кері сатып, жұмысшыларын да таратып жіберді. Алайда, отбасының болашақтағы нәсібін осы саладан ғана көретінін түсініп, араға үш жыл салған соң фабрика жұмысын алғашқы сатыдан қайта бастауға бекінді. 20 млн. теңге шамасында жинағын құйып, көршілес Ресейден құрал-жабдықтарын алып келді. Бұрын өзінің қарауында жасаған тігіншілерге хабарласты. Алғашқыда сүрінгеніне қарамастан, тігінші апалары да оның өтінішін жерге қалдырмай, қайта түлеген фабрикаға оралды. Осындай сенім білдіргендері үшін Беріктің тігіншілеріне ризалығы шексіз. Әрі сенгендері үшін қандай қиындық болмасын бұл істі енді тоқтатпауға бекініп отыр.
Бойына қан жүгірген фабриканың бүгінгі күйі тым тәуір. Алғашқы күннен-ақ жеке кәсіпорындардан арнаулы киімдер үшін тапсырыс алды. Қазіргі уақытта фабрика тігіншілері мемлекеттік тапсырыс негізінде жаңа үлгімен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздарына киім тігуде.
– Бірнеше үлгісін дайындап, комиссия қарауына ұсынғанбыз. Бізден басқа 4-5 компания өздерінің үлгілерін әкелді. Соның ішінен біздің жасаған үлгімізді таңдап, бекітті. 800 дана киім жинақтамасын бір ай ішінде дайындап тапсыруымыз керек. Бұған мүмкіндігіміз жетеді, – деді ол.
Ягуарлықтар бұған дейін «Металл Инвест», «Юнисерв», «Агрореммаш», «Алаугаз», «Нефтебаза» сынды мекеме-ұйымдардың жұмысшыларына киім тігіп берген. Енді жұмысшылардың арнаулы киімдерімен қатар оқушылардың мектеп формасына тапсырыс қабылдайды. Сондай-ақ матрац, төсек орын жаймаларын да дайындайды.
Толығырақ «Жайық үні-Жизнь города» газетінің 2019 жылдың 20 маусымдағы №24 санында.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу