«АҚ ШАҒАЛА» ЖЕТПІС БЕСТЕ
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Тәңір топырақтан сыйлаған ақындық талантымен ел-жұртына жастай танылып, нәзік лирикалық өлеңдерімен, қоғамда азаматтық үнімен жыр сүйер қауымның назарына іліккен Ақұштап Бақтыгереева оқырманды адамгершілікке, Отанды сүюге, халқымыздың қасиеттерін қастерлеуге жетелеп келеді.
Сөз өнері арқылы оқырманға ләззат сыйлаған Ақұштап апамыз поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы ерекше қазақтың бетке ұстар ақындарының бірі әрі бірегейі. «Ақ Жайықтың – Ақ Шағаласы» халқына бірнеше өлең кітаптарын, эссе-мақалаларын сыйлап қоймай, асыл ана, ардақты әже атанды. Бүгінде отағасы, танымал азамат Ғабдырахым Маралұлы екеуі шаңырағын бақыт құсына толтырып, жапырақтарын жайқалтып, жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуда. Алғашқы жыр жинағы сонау студент кезінде «Наз» деген атпен танылса, содан бері Ақ Жайығын, туған елін жырлап, ұшқыр қаламын тербетумен келе жатқан Ақұштап Бақтыгереева: – Мың ғасыр бұрын Қыз Жібек пен Төлеген өткен Жайық о баста Ұлысу деп аталды деп айтады тарих. Бүгін біз жас ұрпақ тарихқа көбірек үңіліп, ойлануымыз керек. Өтіп жатқан Жайық бұл ұлттың анасы, асыраушысы. Содан болар мен Жайықты тынбай жырладым. Жайық жайлы көп айттым.
«Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,
Өлең жазып ақ көйлек желегіне.
Сағынышы басылмай жүр дегейсің.
Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне» дейді. Осы сөзінің дәлеліндей, Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық тойы биыл туған жері Теректі ауданынан бастау алды. Облыстық мәдениет басқармасының арнайы ұйымдастыруымен қолға алынған бұл ауқымды шара Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы онлайн көпір арқылы жалғанып отырды. Әдеби-мәдени кеш, кітап көрмесі, Ақұштап оқулары өтіп, туған жері Ақжайық мектебінде ақын сыныбы ашылып, өнер сапары Ақжайықтағы елеулі шаралармен ұштасты.
Әсіресе, Теректі ауданында І облыстық «Ақұштап оқулары» байқауы оздырылса, Ақжол ауылында «Ақ шағала» қыз-келіншектердің сырласу клубы ашылып, клуб мүшелеріне ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы мүшелік куәлігін табыстап, «Ақ шағаланың» әлеуметтік желілерде жеке парақшасы ашылып, өз жұмысын бастады. Ал «Ақұштап әлемі» атанған Н.Майданов атындағы саябақта өткен шара маңыздылығымен ерекшеленді. «Ақындар аудиториясы» алаңында жас ақындар Ақұштап өлеңдерінен сыр шертіп, ақ батасын алса, Ақұштап есімді қыздармен жүздесудің де сәті түсті. Айтулы шара аудан орталығында «Ақ Жайық, Ақ ана, Ақ шағала, Ақұштап» әдеби-сазды кеші мен тұңғыш рет І-ші «Ақұштап оқулары» облыстық көркемсөз оқу байқауымен түйінделді. Ақын апаларының ізін қуып, қаламды жанына серік еткен және барлық ауданнан келген 80-ге жуық жас талант бақ сынады.
Ақын құрметіне арналған игі-шараның жалғасы Ілбішін, Жалпақтал ауылында «Жалын» коворкинг орталығының ашылу салтанатымен және Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау ауданындағы шаралармен ұштасты. Мерейтой иесіне Алматыдан арнайы келген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Есенғали Раушанов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сапарлас болды. Аудан әкімдері ақынын құрметпен қарсы алып, шапан жауып, халқының атынан алғысын білдірді.
Ақынның жан сарайынан жыр ақтарылып, әр оқырманның санасына ұялаған тартымды тағылым мен мазмұнды ғибрат көрерменін толқытты. Ел қамын ойлаған ақынмен сырласып, ақылын тыңдап, өнегесін санаға сіңірді. Санаға нәр, ұрпаққа бағыт-бағдар боларлық көптеген дәйектер айтылды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері Ақұштап Бақтыгерейқызымен жүздесіп, ақын өрелі өлеңдерімен ұл-қыздарға өнегелі сөз айтып, тәлімді ойларымен бөлісіп, бүгінгі жастардың болашағының нұрлы болуына сенім білдірді.
Бұйыртса, осы қыркүйек айында БҚО облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші ұйымдастырылып, одан әрі туған жері Теректі ауданында республикалық деңгейдегі шаралар жазба ақындар арасында «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» әдеби онлайн республикалық жыр байқауымен қорытындыланады деп күтілуде.
Өз тілшіміз
Версия для печати
Пікір үстеу