Сириядан оралған әйел: «ҚАҚТЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ БЕС ЖЫЛ»
«Жусан-2» операциясының арқасында қос құлыншағымен Сириядан елге келген Динара Ескендірова қасиетті жұмада Тәжиден Батырұлы мешітіне келді. Ол Шам елінде ешқандай да халифаттың жоқ екенін айтып, ел азаматтарын адасудан сақтануға шақырды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жусан» гуманитарлық операциясымен оқ пен оттың ортасынан 524 жерлесіміз елге оралды. Оның 30-ы – ерлер, 137-сі – әйелдер, 357-сі – кәмелетке толмағандар, соның ішінде 27-сі – жетім балалар. Қақтығыс аймағынан шығарылған 24 әйел, 66 бала –батысқазақстандық. Қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек Әбдрахманов атап өткендей, деструктивтік ағымдардың ықпалына беріліп, елімізден теріс айналып, өз еріктерімен сыртқа кеткен отандастарымызға мемлекетіміз қолдау көрсетті, оларды далаға тастаған жоқ. Бір емес, үш мәрте табысты ұйымдастырылған операция жат жерде жүрген қандастарымыздың үміттерін оятып, туған-туыстарымен қауышуына, туған жердің топырағын сүю бақытына жеткізді.
23 жасында Сирияға барған Динара бес жылын оқ пен оттың ортасында өткізген. Осы уақытта екі мәрте күйеуге шығып, екі бала дүниеге әкеліпті. Көз жасына ерік берген келіншек діни сауатсыздығының салдарынан осы шырғалаңға тап болғанын айтып берді.
– 2011 жылдан исламға қызығушылықпен әр түрлі ақпарат көздерінен мәліметтер жинай бастадым. Шексіз соқыр ұстаным ғана болды және ешқандай күмән болмады. Күндердің күнінде бізге «Ислам мемлекеті» бар екенін айтты. Екі ай көлемінде ойлана жүріп, сол жерге баруға шешім қабылдадым, – дейді Динара. Осылайша ол Сирия елін бетке алып, Ресей-Түркия әуе рейсімен жолға шыққан.
– Алғашында барлығы жақсы секілді болып көрінеді екен. Күйеуім тірі болған кезде мен көп нәрседен бейхабар болыппын. Одан соң көптеген қиындықтар мен қатыгездіктерді, кемшіліктерді көрдім. Бізді, жесірлерді бір ғимаратқа орналастырды. Төрт бөлмелі пәтердің әр бөлмесінде бірнеше әйелден тұрдық. Әрі әрқайсымыздың екі немесе одан да көп балаларымыз бар. Асүй, әжетхана, жуынатын бөлме – ортақ. Әйелдер арасында от салушылық, келіспеушілік туындай бастады. Алғашқы сәттен-ақ әйелдерге қысым бар еді. Кейін интернетті қолдануға тыйым салды. Мен туысқандарыммен байланысу үшін таныс іздеп, телефон нөмерімді оларға беруін сұрадым. Ол жерде діни амалдарды орындағандай болады. Бірақ ол мүлде басқаша көрінетін. Мәселен, өз өзін өлтіру. Құранның қай жерінде өзін өзі өлімге қию туралы айтылған?! Көптеген бауырларымыз осылай көз жұмды. Бірқатары тәкфирлердің кесірінен өлім құшты. Ақидаға байланысты қарама-қайшы көзқарасты байқаса, өздерінікін дәлелдеп бағатын. Бізді ұдайы өздерінің берген ілімдеріне илануға бағыттайды. Басыңды сақтағың келсе, үндемеуің керек. Бір жерден екінші аумаққа көшу кезінде кері заттарын алуға барғандар бомбаға түсіп қалып жатты. Ол жердің бомбаланғанын ешкім ескертпейтін. Көптеген замандастарым сол бомбаға түсіп қалды. Бірі баласынан айырылды… Ол жақта исламның заңдарымен өмір сүріп жатқан елді көрген жоқпын. Айтарым, қазіргі уақытта ешқандай планетада «ислам мемлекеті» жоқ. Теріс сенімге алданбау үшін білімдеріңізді ресми дерек көздері арқылы көтеріңіздер, – деді Динара Ескендірова.
Қазір Динара екі сәбиімен ата-ана, бауырларының жанында. Бейбіт ел, ашық аспан, туған жердің қадірін түсінген ол енді қыздарының құжаттарын жасатып, жаңа өмір бастауға бекінген.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу