МУЗЕЙЛЕР ӨЗ-ӨЗІН ҚАРЖЫЛАНДЫРУЫ ТИІС
Қоғам сұранысына сай болу үшін музей ісін қалай ұйымдастырған жөн? Бұл ретте музей маманына қойылатын талап қандай? Осы мәселелер музей қызметкерлеріне арналған «ХХІ ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты семинар-тренингте талқыланды. ҚР Ұлттық музейінің өкілдері төл тарихты түгендеп, болашаққа жеткізу және әлем өркениетіне сай ғылым мен мәдениетті дамытудағы музейдің үлесі турасында мамандарға бағыт-бағдар берді.
Қазақ жерінде тұңғыш ашылған музей – біздің облыста, дәлірек айтқанда Жәңгір хан негізін қалаған Бөкей Ордасы ауданындағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі республикадағы үздік бес музейдің қатарында. Өлкемізде тарихи жәдігерлерді жинақтаған 22 музей бар. Атадан балаға жеткен құнды мұралардың тарихын насихаттауда 200-дей маман еңбек етіп жүр. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев атап өткендей, Елбасымыз жариялаған «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыруда музейлердің рөлі зор. Осы бағытта облыстағы музейлер ауқымды жобаларды қолға алды. «Ұлы дала құндылықтары», «Ел іші – өнер кеніші», «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні», «Музейстар» сынды жобалары музей қызметкерлерінің айтулы еңбегі. Әйтсе де қарқынды дамыған уақытпен бірге, әлемдік көштен қалмау үшін халықаралық стандарттарға сай дамудың жолын қарастыру маңызды. Музейдің мәдени құндылықтарды сақтауда, өркениеттер арасындағы диалогты орнатуда және азаматтық қоғамның дамуында маңызы ерек. Бұл орайда «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс музей мамандарына қойылатын жаңа талаптар мен үнемі трендте болудың жолдары туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі музей жәдігерді сақтап, көрсетумен ғана шектелмейді. Қазіргі музей әлеуметтік институтқа айналып отыр. Музей қызметкерлері кез келген өркениеттер арасындағы диалогты орната алатындығымен ерекшеленеді. Ұлтаралық қақтығыс, кикілжіңдер диалогтың болмауынан туындайды. Сондықтан музей мамандарының өркениеттер арасында түсіністік орнату арқылы мемлекеттің бірлігін, тұтастығын сақтауға ықпал етуде орны бөлек. Сондай-ақ «Kazmuseum.kz» өкілі музей қаржы жағынан мемлекеттен тәуелсіз болуы керектігін айтып, басқа елдердің тәжірибесін басшылыққа алуды ұсынды.
– Экономикаға айрықша үлес қосып отырған Ұлыбританиядағы Британ музейі. Олар 80-85 пайызға дейін өздерін қаржыландыруда. Әлем бойынша АҚШ пен Италиядағы музейлер толығымен өздерін қаржыландырып келеді. Санкт-Петербургтегі «Эрмитаж» 7-12 зауыттың бір жылдық бюджетін өзі ғана тауып бере алады. Мемлекетке салық төлеп, елге туристерді де тартып отырғанын атап өту керек. Осындай бағытты елімізде де қолдану қажет. Яғни, музейдің қаланың экономикасына үлесі болуы тиіс. Республикадағы бірер музейге пилоттық жоба ретінде өз-өзін қаржыландыру жүйесін енгізуді қарастыру керек, – деді Н.Жолбарыс.
Тағы ескерерлік мәселе – музейлердің ғылымдағы үлесін жетілдіру. Музейтанушының сөзіне сүйенсек, Еуропадағы ғылыми жаңалықтардың 63 пайызы музей қабырғасында ашылады. Еліміздегі музей саласында киноға, ғылымға кейіпкер болатын жаңалықтар баршылық. Бірақ, олардың барлығы әлеуметтік желілерде ақпараттық негізде ғана қалуда. Сол себепті жаңалықтарды БАҚ-тарда жариялап, архивке сақталатындай ғылыми тұрғыда қолтаңба қалдыру керек. Қазіргі уақытта ең болмағанда музейлердің ресми сайттарында ғылыми мақалалар жоқ.
Музейге азаматтарды тарту үшін қоғамның қажеттілігін зерттеу арқылы сұранысты анықтау, сәйкесінше жаңа жобаларды енгізу қажет. Осы орайда Н.Жолбарыс әлеуметтің сұранысына зерттеу жүргізу арқылы жобаларды дайындауға кеңес берді. Бұл – маркетолог пен менеджер атқаратын іс. Сондай-ақ кино залдарын ашу, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірталас ұйымдастыру, келушілерге дәстүрлі экскурсиялардан гөрі археологиялық бұйымдарға рестоврация жасау сәтін көрсету ұтымды болатынын жеткізді.
Сонымен қатар семинар барысында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Назгүл Қадрымбетова музей саласындағы нормативтік-құқықтық актілері, соның ішінде мәдени құндылықтар реестрі, мемлекеттік музей қорының каталогын жасақтау мәселелеріне тоқталды.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу