«АЛИМЕНТ ТӨЛЕМЕУГЕ ҚАРСЫ – 30 ҚАДАМ»
Республика бойынша алимент төлемей жүрген борышкерлердің берешегі 5 млрд.-қа жетсе, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 75 миллион теңгені құрайды. Осы мақсатта елімізде қыркүйектің біріне дейін алимент өндіру бойынша жаңа жоба бекітілмек. Өйткені, алимент төлегісі келмегендер жауапкершіліктен қашудың сан-алуан тәсілдерін табуға машықтанып алғаны сонша, оларды мәжбүрлеп төлетудің өзі қиын болып отыр. Тіпті, жауапкершіліктен жұрдай ата-аналар елден шыға алмай, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, балаларын асыраудан бас тартып келеді. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Исқалиевтың төрағалығымен өткен құқыққорғау органдары басшыларымен алимент өндіру мәселелері туралы жиында талқыланды. Жиынға ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраев қатысты.
Бүгінде өмірге келген өз баласын өзектен тебудің бір жолы – әйелінен заңды түрде ажырасқан әкелердің алимент төлемеуі болып тұр. Өкінішке орай, елімізде ажырасу фактісінің күннен-күнге артып бара жатқанына куә болып жүрміз. Күрделі тақырыпты қозғаған жиында алименттерді өндіру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланғаны түсінікті жайт. ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраевтың айтуынша, алиментті өндіріп алу бойынша елімізде жеке сот орындаушыларымен 184 615 өндірістік іс қаралса, оның 11265-і мәселе туындатып отыр. Сот орындаушыларымен жүзеге асып жатқан өндірістік істердің саны бойынша өңіріміз 14-ші орынға табан тіресе, мәселе туындатқан істер бойынша 9-шы орында тұр. Жыл басталғалы республикалық және аймақтық жеке сот орындаушыларына азаматтардан 2907 шағым түссе, оның 756-сы алимент төлемеу мәселесі төңірегіндегі өтініштер. Басым көбісі бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін алға тартатын көрінеді. Осы орайда аталмыш басқарма төрағасы Ернар Еркінұлы балалардың пайдасына алименттерді өндірудің тиімді жүйесін құру керегін баса айтты. Жобаны іске асыру шеңберінде заңнамалық деңгейде алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қарау, мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаңа қылмыстық жаза түрін енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетулерді алуға шектеу шараларын арттыруды ұсынды. Бұл шаралар баланың мүддесін қорғауға және борышкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Жиында сөз алған облыстық сот төрағасы Бек Әметов сөзден нақты іске көшетін уақыт келгенін жеткізді. – Үстіміздегі жылдың 6 мамырында ҚР Премьер министрі Гүлшара Әбдіхалықованың төрағалық етуімен өткен жиналыста некені бұзу, алимент өндіру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер талқыланды. Кеңестің қорытындысы бойынша қабылданған хаттамалық шешімге сәйкес, Әділет министріне ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жаңа жобаны бекіту жөнінде тапсырма берілген. Ол жоба «Алимент төлемеуге қарсы – 30 қадам». Сондай-ақ облыс әкімдеріне 2020 жылдың 15 қаңтарына дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырмаларды қаржыландыру мәселесі тапсырылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырмаларды қаржыландыру біздің тарапымыздан да біраздан бері қойылып келеді. Бұл жөнінде жұмыстарды жалғастырамыз. Әділет министрлігіне алдағы жылдың 15 қаңтарына дейін алимент көлемін өзгерту жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылған. Бұл ұсыныстар тиісті дәрежеде орындалса, алимент өндіру мәселесінің біраз тетіктері шешіледі. Аталмыш кезеңге дейін ақпараттық жүйелерді сәйкестендіру де тапсырылды. Оның ішінде авиабилеттерді сату кезінде борышкерлердің құқын шектеу мәселесі қаралды. Теміржол тасымалына да осындай шектеу енгізген жөн. Сондай-ақ еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша да борышкерлерді жұмыспен қамту бойынша тиісті салаға жауапкершілік жүктелді. Әділет, полиция департаменттері бірлесе отырып, осы мәселені саралап, нақты шаралар алуымыз қажет, – деді ол.
Ал облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев жаға ұстатарлық деректерді жайып салды. – Алимент мәселесі әлі күнге нақты шешімін таппай келеді. Азамат ретінде бұл проблемаға тіке қарайтын болсақ, қоғам стандарттарына сәйкес келетін адамзат алимент төлемеу мәселесіне теріс көзқараста екені анық. Жалпы алимент отбасының ажырасуынан пайда болады. Отбасы негізі қаланғаннан кейін, бақытты тұрмыс кешуі керек, сонда бұл мәселе туындамас еді. Бақытты бала отбасымен, ата-анасымен бірге тұрғысы келеді. Осы тұрғыда адамдардың сана-сезіміне әсер етуі арқылы жұмыстануымыз қажет. Республика бойынша алимент төлемей жүрген борышкерлердің берешегі 5 млрд.-қа жетсе, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 75 миллионды құрайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Борышкерлердің жұмыс берушілермен келісіп, жалақысын жасыратыны өкінішті, – деген облыс прокуроры жиында көтерілген ұсыныстардың үйлестіру кеңесінің отырысында жан-жақты талқыланатынын айтты. Ал БҚО Әділет департаментінің басшысы Аманжол Абдрахмановтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік және жеке сот орындаушыларымен туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын күйттеген борышкерлерден алимент өндіру бойынша 7861 іс қаралуда. Оның ішінде 5087 борышкердің қарызы ай сайын жалақысынан ұсталса, 2191-і тұрақты жұмыс орны болмаса да ерікті түрде алиментін төлеп жүр екен. Азын-аулақ ақшаны аударуға құлықсыздар саны жыл емес, ай санап өсіп отыр. Осы жылдың маусым айындағы дерек бойынша бой тасалаған 136 борышкерге іздеу жарияланған, алиментті қасақана төлемеуші 47 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 649 алимент қайтаруға құлықсызға ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Жиында борышкерлерге қарыз төлетудің түрлі жолдарын қарастыру жайы сөз болды. Қашқын әкелер бұрынғыдай бейқам жүре алмайтын болды. Бірақ ойран болған отбасының орны сонымен тола ма? Ол енді мүлде басқа әңгіме.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу