СУ ТАСҚЫНЫ: БҚО-ДА 20 ЕЛДІМЕКЕНГЕ ҚАУІП БАР
Биыл қысқы кезеңде Батыс Қазақстан облысы аумағында жауын-шашын шамадан жоғары болды. Сондықтан су тасқынын алдын алу ертерек басталды. Облыс әкімі бекіткен су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарына сәйкес жауапты органдармен тиісті жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, тасқын қаупі әлі де бар. Сондай-ақ «Қазгидромет» келесі аптада жауын-шашын болатынын болжап отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
Биылғы жылы өңірде қардың мол түсуіне байланысты су тасқынының қаупі туралы аз айтылған жоқ. Облыстағы 87 елдімекен су басу қаупі жоғары аймақта орналасқан. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың айтуынша, биыл өзен бассейндеріне жақын маңда орналасқан 57 елдімекеннің суға кету қаупі болжанған. Бүгінге дейін жүргізілген алдын алу жұмыстары арқылы бірқатарына төнген қауіп сейілді. Дегенмен, әлі де 20 шақты елдімекенді су басу қаупі бар.
– Арықтарды тазалау, бөгеттерді көтеру жұмыстары толық аяқталды. Нақты айтар болсақ, 110 мың шақырымнан астам арық тазаланды, 5 шақырым бөгет бекітілді. 1,5 млн. текше метрдей қар шығарылды. Су өткізу құбырлары 100 пайыз ашылды. Бүгінгі таңда 215 мың шаршы метр шамасында мұз кесілді, – деді Бағдат Оразалдыұлы.
Мамандардың сөзінше, мұзды кесу жарылысқа қарағанда экологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Өңірдегі су тасқыны қаупі сақталып отырған аймақтар – Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала, Қазталов аудандары. Орал шаһарында қар жауу бастаған 2018 жылдың қарашасынан бері коммуналдықтар ұлпаны шығаруда тәулік бойы жұмыс жасаған болатын. Жыл сайын қар төгілетін қос полигон биыл қыстың ортасында-ақ толып, әкімдік қосымша бес қосын ұйымдастырды.
– Орал қаласы бойынша су басу қаупі бар 35 аумақтың қары толық тазаланды. Қар шығару жұмысына коммуналдық мекемелермен қатар, құрылыс, жол-жөндеу компанияларының да техникалары мен жұмысшылары тартылды. Қала бойынша 92 шақырымдық арық жүйесі бар. Олардың барлығы толық тазаланды. 40 мың текше метр су сорылды, – деген қала әкімі Мұрат Рахметұлы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығаруға ат салысқан коммуналдықтарға, сарбаздарға, еріктілерге алғысын білдірді. Сондай-ақ ертеңгі күннен бастап қалада көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы жарияланғанын мәлім етті. Алғашқы екі сенбілік тазалыққа арналса, одан кейін көгалдандыру шарасымен жалғаспақ. Шаһар басшысының мәліметінше, биыл қалада 10 мың түп көшет отырғызылады.
Облыстағы өзендерге судың 80 пайызы Ресей Федерациясынан келетінін де ескеру керек. Қазргі уақытта көршілес Саратов және Орынбор облыстарынан трансшекаралық өзендердің жағдайымен сол өзендердегі су қоймаларының су жіберуі бойынша күнделікті ақпарат алынып отыр.
– Жайық өзенінде судың негізгі қауіпті деңгейі – 850 см. Биыл күтілетін ең жоғары су деңгейі Орал қаласы және Көшім ауылында – 400-500 см болады деп болжануда. Ал Тайпақ ауылы тұсында – 350-450 см-ге (қауіпті деңгей – 850 см.) дейін баруы мүмкін. Өзендерді ашу сәуірдің 4-і мен 10-ы аралығында күтілуде, Қара Өзен және Сары Өзен өзендерінде көктемгі су тасқыны кезіндегі ең жоғары деңгейінің болжамы нормадан артық, бірақ қауіпті деңгейден төмен, – деді БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.
28 ақпаннан бастап азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық аумақтық кіші жүйесі жоғары дайындық режиміне ауыстырылып, 5 наурыздан бастап ТЖ департаментінің қызметкерлері қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшірілді. Су тасқыны кезінде тартылатын күштер мен құралдардың есебі 2443 жеке құрам мен 707 бірлік техниканы, 51 жүзу құралын, 266 мотопомпаны құрайды. Облыс бойынша 50 эвакуациялық пункт дайындалды, оның 28-і Орал қаласында. Азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде жеткізушілермен келісім жасалған.
Биыл қардың мол түсуіне байланысты облыс аумағында 129 мәрте жол жабылды. Қар құрсауынан 900-ден аса техника шығарылып, 2 мыңға тарта жолаушыға көмек көрсетілді. Қалың түскен қар 29 шатырдың опырылуына әкелді. Олардың 26-сы облыс орталығында тіркелген. Бүгінде төбесі опырылған әлеуметтік нысандардың шатырлары қалпына келтірілді, ал жеке үйлердің мәселесі тұрғындармен бірлесе реттелуде.
Оқыс оқиғалар қарды уақытылы тазаламағаннан болатыны анық. Осы орайда биыл ПИК-тер мен кәсіпкерлік нысандары басшыларына 1700-дей хаттама жазылып, ескерту берілген. Ескертуді орындамаған 19 тұлғаға айыппұл салынып, 882 мың теңге өндірілген.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу