ҒЫЛЫМДЫ ИГЕРУГЕ ҚҰЛШЫНҒАН ЖАС
Бүгінде білім іздеген жанның жолы ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Әсіресе, соңғы жылдары Ресейдің ақпараттық жүйелер саласы бойынша білім алып жүрген жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Солардың бірі – «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің академиялық серіктесі Татарстан Республикасында орналасқан Альметьевский мемлекеттік мұнай институтының студенті Аида Ауганова. Қазіргі таңда Қазақстанның батыс аймағы және Орал қаласының 30-дан аса студенті қоғамға қажетті мамандықтар бойынша аталмыш институттың алдыңғы қатарлы мұнай-газ, энергомеханика, экономика және гуманитарлық ғылымдар факультеттерінде білім алып жүр. Арманы асқақ, көңілі таза, Отанына, еліне көмегі тиетіндей білімді, өз мамандығының шебері, білікті маман болуды көздейтін Аидамен тілдесудің сәті түсті.
Жастар болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашу ата-анамен мектептің, қоғамның міндеті. Білім мен ізденімпаздықты бойына серік еткен Аида Ауганова 1999 жылы 19 мамырда Сырым ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Талдыбұлақ орта мектебін «Алтын белгімен» тәмамдаған Аида биология-химия бағытын таңдайды. Жастайынан тіс дәрігері болуды армандаған талапты жас болашақта жұмысқа орналасуға да осы мамандық қиындық тудырмайды деген ойы болғанын да жасырмайды. – Бір себептен анам секілді дәрігер болып, елге пайдамды тигізгім келді. Сөйтіп қай оқу орнында білім алу керегін ойланып жүргенімде, ағам Татарстандағы Альметьевский мемлекеттік мұнай институты жайлы көп айтты. Алғашында Татарстан деген атын естігеннен-ақ шошығаным рас. Тіптен басқа елде білім алып жүргенімді елестете алмай, уайымдадым. Содан 2017 жылдың маусым айында ағам хабарласып, емтихан қабылдауға арнайы топ келгенін айтып, қалаға шақырды. Әкеммен ақылдасып, сынақ тапсырдым. Абырой болғанда, Альметьевский институтының энергомеханикалық факультетіне «Электроэнергетика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Сөйтіп арманымды өзгертуіме тура келді, – дейді сол күндерді еске алған студент қыз.
Бұрындары «шетелде оқып келді» дегенді жиі ести бермейтін едік. Бүгінде шекара асып, білім қуып жүргендердің қарасы қалың. Аида Татарстанға алғаш келгенде өзі секілді қазақ жастары көп екенін көріп қуанды. Қазақ мектебін бітіріп барған қаршадай қыз үшін шет елде басты қиындық – тіл мәселесі болды. Бірақ, өзіне артылған жауапкершілік пен міндетті сезінген ол тынымсыз ізденіп, нақты нәтижеге жетуге тырысты. Өзге тілді меңгерді. Ең бастысы – ресейлік жастарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өз еліне қызмет етуге деген құлшынысы биікке жетеледі. «Сонда ғана біздің өзгеден ойымыз да, бойымыз да озық болары сөзсіз» дейді бойжеткен. Осы мақсатта намысқа тырысқан жан-жақты студент «Голос» студиясының құрамында көптеген конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығалайды. Осылайша қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылған Аиданың қазақ тілінде ерекше сезіммен шырқаған әндерін өзге ел жастары сүйсіне тыңдайтын көрінеді. – Татарстан жастары мені жатсынбады. Бірден бауыр басып кеттім. Жатақханада тұрамын. Институт үш корпусқа бөлінген, полиграфиялық орталық, студенттер жатақханасы және асханадан тұрады. Оқу орнының кітапхана қоры 140 мың данадан асады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, ғаламторға қосылған 15 компьютерлік класс бар. «Татнефть» ашық акционерлік қоғамымен бірлесе институт базасында оқу-білім орталығы жасақталған. Спорт кешені кеңейіп келеді, яғни екі спорт зал, ашық стадион, жаттығу залы, диагностикалық орталық құрамына кіреді. Бұдан өзге институт қосымша «Татнефть» ААҚ спорт кешенінің жүзу бассейні мен бірнеше спорт залдарын жалға алып отыр. Оқимын деген жасқа оқу ордасында бар жағдай жасалған, – дейді ол.
Бүгінде институттың 2 курсында оқып жүрген студент барлық пәндерді жетік меңгеріп, жоғары көлемдегі шәкіртақы алып жүр.
– Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөлуде. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын мықтап қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Қазіргі таңда Елбасымыз дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалғаны үшін қуанамын. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанының даму жолында аянбай тер төгуі керек. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда дүниедегі жаңалықтардан, білімнен, тіл үйренуден кеш қалмау керек. Еліміз тыныш болып, көк Туымыз мәңгі желбіреп, желбіреген тудың астында ел болашағы үшін бәріміз бірге жұмыс жасасақ нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Аида Жайболатқызы. Аида секілді жүрегінде еліне деген махаббатын шексіз сыйдыра білген ұландарымыз барда, Қазақстанның байрағы биікте желбірей берері хақ.
Түйін: Елбасының «Рухани жаңғыру», «Болашақ» бағдарламалары мен Қазақстан халқына Жолдауларында айтылатын білім беру, бәсекелестік қабілетті арттыру – ең өзекті мәселелердің қатарында. Өркениетке ұмтылған дамушы мемлекет үшін бұл ұстаным өте маңызды. Өйткені уақыт талабына сай озық ғылымды игеруге деген бетбұрыс пен құлшынысы қатты қуантады. Бәсекелестік қабілетімізді арттыратын осындай білімді жастар. Сондықтан да шетелде оқыған азаматтар елдің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс. Аидадай жастар өз замандастарына үлгі болуға әбден лайық.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу