«ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЖОЛ» ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Бүгін Орал қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру іс-шаралары шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың заманауи еуразиялық идеясының 25 жылдығына арналған «Еуразиялық жол» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен басқосу М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясы ҒЗИ бірлесе ұйымдастырылды. Оған Ресей Федерациясының Қазақстандағы Бас Консулы А.Бакланов қос елдің ғалымдары, қоғамдық ұйымдар сарапшылары, ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысып, Елбасының 25 жыл бұрынғы идеясының бүгінде қалай іске асқанын, қазіргі маңыздылығы мен нәтижелері және келешегі туралы әңгімеледі.
Еуразиялық жоба – 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы мемлекет басшысының тұжырымдамалық ілімі, егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік стратегиясының маңызды бөлігі. Президент «халықаралық бірлестіктер тәжірибесін ұзақ зерттеп, ТМД елдеріндегі жағдайды жете талдап» «ықпалдасу үдерісін жылдамдату керек» деген қорытынды жасады. 1994 жылдың 29 наурызында, Ресей Федерациясына ресми сапары шеңберінде Н.Ә.Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де сөз сөйлеп, онда Қазақстан басшысы жаңа аймақтық бірлестік – «Еуразиялық Одақ» құру жөніндегі идеяны айтты. Аймақтық бағыттарды талдау негізінде бірігудің қажеттілігі жөнінде қорытынды жасады. Өйткені тіпті «көп ғасырлық мемлекеттілігі бар Еуропа елдері бірігуге келе жатыр», себебі «әлемдік нарықтың қатаң қарама-қарсылығын» түсінуде Президенттің реализмі «Еуразия Одағын» құру «Қазақстан мен Ресей» ядросынан басталуы мүмкін екендігін түсіндірумен айқындалды. Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы ғылыми ортаның үлкен қызығушылығын тудырды. Әлем елдері еуразиялық жобаны талқылауда Қазақстанды посткеңестік республика ретінде емес, қазіргі халықаралық дамуда өзіндік жеке орны бар мемлекет ретінде қарастырады. Қазіргі әлемдегі Қазақстанның Еуразиялық мемлекет ретінде ұстанған бағыты Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылы жасалған негізгі тұжырымдарының дұрыс екендігін дәлелдеді.
Жиынды ашқан М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғылыми жұмыс және xалықаралық байланыс жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов қазіргі уақытта Елбасының ЕАЭО туралы идеясы елдердің дамуына жаңа серпін берген жалпыұлттық идеяға айналғанын атап өтті. Еуразиялық жоба аясындағы Қазақстан мен Ресейдің байланысы экономикалық, саяси тұрғыдан және ғылым мен білім саласында да дамуда. Бүгінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ ЖОО және ЖОО кейінгі білім беру саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық жөнінде 108 келісімшарт жасасқан. Солардың 60 пайызы Ресей Федерациясы оқу орындарымен жасалған келісімшарт. Ұзақ жылдан бері университет Орынбордың көптеген оқу орындарымен байланыс орнатып, ғылыми-әдістемелік тәжірибе алмасу, студенттердің мобилділігі, бірлесе экспедициялар ұйымдастыру бағытында жұмыстанып келеді.
БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ешбір мемлекеттің жеке дара дамуы мүмкін еместігін, сондықтан дамыған елдердің барлығы интеграция арқылы дамудың жолын таңдап отырғанын тілге тиек етті. Бұл ойды өз пікірімен бөліскен Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің бірінші орынбасары Веналий Амелин да қостады.
– Қазақстан Республикасы Президентінің идеясы – тауарларды одақ аясында жылжытуда кедергілерді белсенді түрде еңсеруге, капиталдардың біртұтас қызмет рыногын қалыптастыруды қамтамасыз етуге ықпал етті. Ширек ғасырлық мерзімде қос елдің Мемлекет басшыларының, іскер адамдардың, басшылардың, сарапшылардың ықпалымен бұл идеяның бойына қан жүгірді. Жылдар өте келе даму сатысынан өтіп, қоршаған ортаны, миллиондаған адамдардың өмірін өзгертті, – деген Веналий Владимирович ЕАЭО аясындағы бірыңғай қағида, бірыңғай тариф еңбек мигранттары, бизнес қауымдастық өкілдері үшін ұтымды екенін атап өтті.
Бұдан әрі Орынбор облысы мәдениет және сыртқы байланыстар министрлігі шекаралық өзара қатынас және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Александр Калинин ЕАЭО шеңберінде сауда-экономикалық байланысты дамыту мен нығайтудағы шекаралас аймақтардың рөлі туралы айтса, БҚО ҚХА мүшесі Вера Шохина еуразиялық кеңістіктегі этно-мәдени бірлестіктердің рөлін қозғады. Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Ольга Максимова білім мен ғылым саласындағы қос елдің байланысы туралы баяндады. Сондай-ақ Орынбор ЖОО-да оқып жүрген қазақ елі студенттерінің мәдениетіне ерекше басымдық беріп, олардың шет мемлекетте қандай да бір қиыншылық тудырмайтыны, алған тәрбиесі көпке үлгі екенін ерекше атап өтті.
Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Дерябина экономикалық, әлеуметтік және саяси интеграция тұрғысында әлемдік тәжірибені сөз етіп, ЕАЭО-тың артықшылықтарына тоқталды.
Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы интегрциялық үдерістердің келешегі сөз болды. Ұсыныстар айтылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды.
– Еуразиялық мемлекеттердің одағы саяси, экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды. Өйткені қазір әлемде жүріп жатқан геосаяси ойындарды көріп отырмыз. Бұл көптеген мемлекеттердің экономикасының дамуына, ішкі-сыртқы қаупсіздігіне де кері ықпалын тигізуде. Жаһандану қауіп-қатерлері туралы Елбасы жыл сайынғы Жолдауында айтып келеді. Осы қатерге қарсы тұрудың ең тиімді жолы – осы аумақтағы мемлекеттердің тұтастығы, – дейді М.Өтемісов атындағы БҚМУ университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Рафхат ХАЛЕЛОВТЫҢ суреті
Версия для печати
Пікір үстеу