8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
01 Сәуір 2026 621 0
Тағылым

Оралда «Ақ босаға» келіндер байқауы өтті

31 наурыз күні Орал қаласында ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеген облыстық «Ақ босаға» келіндер байқауы жоғары деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті. Қазақы болмыстың нәзік иірімдерін танытқан бұл шара жас келіндердің бойындағы инабаттылық пен өнерпаздықты, тапқырлық пен шеберлікті көпшілікке паш еткен тағылымды алаңға айналды.

Байқау Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Шұғыла» және «Жұлдыз» комьюнити орталықтарының ұйымдастыруымен өтті. Негізгі мақсат – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртып, жас келіндердің өнегелі бейнесін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру.

Сайысқа Сырым, Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Жәнібек, Казталов аудандары мен Орал қаласынан келген 10 үміткер қатысып, бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар «Тегін білу – тектілік», «Өнерім – өмірім», «Сұрақ-жауап», «Этно сән – рухани жаңғыру» секілді кезеңдерде өз өнері мен білімін көрсетсе, «Кім шапшаң?», «Көз мерген», «Дәм-думан» сайыстарында ептілік пен шеберліктің үлгісін танытты. Екі күнге жалғасқан дода барысында қатысушылардың ұлттық дәстүрге деген құрметі, үй шаруасына икемділігі, өнері мен тапқырлығы жан-жақты бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жәнібек ауданының қатысушысы Бағдагүл Сергейқызы Қарабасова иеленді.

І орын – Орал қаласының қатысушысы Айгерім Нұрболатқызы Жақсылықова.
ІІ орын – Орал қаласының қатысушысы Анаргүл Оразғалиқызы Дәулетова және Казталов ауданының қатысушысы Аяулым Тілемісқызы Мұхамбетова.
ІІІ орын – Теректі ауданының қатысушысы Ақерке Абайқызы Абрахманова.

Сонымен қатар әділ-қазылар алқасының шешімімен, Орал қалалық мәслихат депутаты Нұргүл Әжібайқызының демеушілігімен Орал қаласының қатысушысы Айшат Берікқызы Ихсановаға ІІІ орын берілді.

Арнайы номинациялар да өз иелерін тапты. Атап айтқанда, «Ізденімпаз келін» номинациясы – Тасқала ауданының қатысушысы Камила Нұрланқызы Серікбаеваға, «Ибалы келін» – Сырым ауданының қатысушысы Ақгүл Қамеденқызы Искаковаға, «Өнерлі келін» – Бәйтерек ауданының қатысушысы Сымбат Қуатқызы Шыршағұловаға, «Ісмер келін» – Орал қаласының қатысушысы Айшат Берікқызы Ихсановаға, «Тапқыр келін» – Орал қаласының қатысушысы Жазира Тұрланқызы Тоқтасыноваға табысталды.

«Ақ босаға» келіндер байқауы – тек өнер сайысы ғана емес, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртатын, келін мәртебесін асқақтататын маңызды мәдени шара. Осындай игі бастамалар арқылы қазақы тәлім-тәрбие дәріптеліп, жас буынға өнегелі үлгі ұсынылары анық. Ақ босағаның қадірін ұлықтаған мұндай шаралар ұлттық болмыстың тамырын тереңдетіп, қоғамдағы отбасы құндылықтарының нығая түсуіне жол ашады.

Әдемі Бақытжанқызы

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Көлік қозғалысы уақытша шектеледі
16 Қыркүйек 2026
45 0
Өңір жаңалықтары
Жастарға – ерлік өнегесі
14 Қыркүйек 2026
115 0
Өңір жаңалықтары
Оралда 140 отбасы баспаналы болды
12 Қыркүйек 2026
304 0
Национальный ядерный центр Республики Казахстан
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
11 Қыркүйек 2026
295 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»