Алаяқтар жасанды интеллектіні пайдалануда
Назар аударыңыздар!
Қазіргі уақытта алаяқтардың жасанды интеллектіні пайдалану фактілері жиі кездеседі.
Мысалы: аудио немесе бейне арқылы диалог құру кезінде, олар өздерінің дауыстары мен бет-әлпеттерін ауыстырып, полиция немесе ұлттық банк қызметкері, танысыңыз немесе туысқаныңыз ретінде хабарласады.
Олар сіздерді күмәнді банктік операциялар немесе алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операциялар жүргізіліп жатыр деп алдайды.
Сіздерден сақтық танытып, өздеріңіздің жеке және банктік мәліметтеріңізді бермеуге, құрылғыларыңызға желі арқылы қашықтықтан қатынас жасайтын қосымшаларды жүктемеуге және белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша күмәнді ақша аударымдарын өткізбеулеріңізді сұраймыз.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға құқық бұзушыларды құрықтау кезінде телефон немесе бейне байланыс арқылы хабарламайды. Кәсіпкерлік субъектілерін алаяқтық схемаларға тарту фактілерінің жиілеуіне байланысты Сіздердің назарларыңызды төмендегі жайттарға аударамыз.
Қазіргі таңда тез және оңай ақша табу тәсілдері бойынша жарнамалар әлеуметтік желілерде көп таралған. Зиянкестер тұрғындарға өз аттарына жеке кәсіпкерлікті тіркеп, банк шотын ашқызып және олардың нұсқауы бойынша әртүрлі тауарға төлем жасауға электронды шот-фактуралар қойғызады. Төлем бойынша түскен ақшаларды басқа шоттарға аударуын сұрайды.
Осындай оңай жолмен ақша табуды іздейтін адамдар көбінесе өздері қылмыстық істердің қатысушысы болып табылады. Оларға банктік шоттарының бұғатталуы, сот шешімі бойынша жәбірленушілерге ақшаларын қайтаруға міндеттеуі, сондай-ақ салық шығындарының белгіленуі сияқты шектеулер қойылады.
Осыған орай тұрғындардан барынша сақ және қырағы болуға және үшінші тұлғаларға банктік шоттарды бермеулерін сұраймыз.
Естеріңізге сала кетейік, заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Қазіргі уақытта алаяқтар «What’s App» және «Telegram» мессенджерлерінде мемлекеттік, медициналық және білім беру мекемелерінің басшыларының фотосуреттерін қою арқылы жалған аккаунттар құрып, аталған ұйымдардың қызметкерлеріне алдағы уақытта құқық қорғау органдары тарапынан тексеру болатынын хабарлай отырып жаңылыстыратын фактілер жиілеп кетті.
Әрі қарай, алаяқтық схемаға сәйкес, олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қорқыту арқылы белгісіз банктік шоттарға ақша аударуды сұрайды.
Вацап желісі арқылы дәрігерлер ретінде хабарлама жіберіп, сіздің флюорографиядан немесе диспансеризациядан өту қажеттілігіңіз туралы айтып, сіз үшін ыңғайлы уақытты таңдап, дәрігер қабылдауына жазылғандығыңызды смс код арқылы растау қажеттігін талап етеді, сіз растаған смс код арқылы алаяқтар сіз туралы барлық мәліметке қол жеткізіп, атыңызға несие рәсімдейді.
Осыған орай, азаматтардан белгісіз абоненттік нөмірлерімен мессенджерлерде диалогқа түспеуін, сондай-ақ ешбір жағдайда белгісіз банктік шоттарға ақша аудармауын және барлық күдікті фактілер туралы дереу «102» арнасына полицияға хабарлауды сұраймыз.
92-19-06, 8771-249-57-59 «сенім телефондары» қызмет атқарады.
Егов арқылы өзіңізге 6 (алты) ай мерзімге несие алуға шектеу қойыңыз,
Инстаграмм желісінде «Cyberpolice_zko» аккаунты жүргізіледі, осы парақшаға тіркеліп, интернет алаяқтығы туралы толық ақпаратпен өзекті мәселелермен танысыңыз.
Сіздің қаражатыңыздың қауіпсіздігі сізге тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн! Алаяқтардың құрбаны болудан абай болыңыздар!
Ақтоты Кушкинова,
Шаған Пб Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі