РИНАТТАЙ ҚАЙСАР ҰЛДАР КӨБЕЙСЕ ЕКЕН?!.
Ашық аспан астында қаңтардың алғашқы күндерінде ешкім ойламаған тұстан елімізге төнген қауіп пен қатер қаншама отбасын қайғыға батырып кетті десеңізші?! Солардың арасында біздің жерлесіміз Ринат Қамбетов те бар. Отыз үш жасында аққан жұлдыздай ағып түскен қайран ер Алматы полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасының старшинасы қызметін адал атқарып жүр екен. Ол сол күні содырлардың қолынан қаза табамын, бұл жарық дүниемен мәңгілік қоштасамын деп ойлап па?!
Еліміздің тыныштығын аяқ астынан бұзған жаппай тәртіпсіздіктің кеселі мен кесапатын ел-жұртым біліп, жағасын ұстап отыр ғой. Ел экономикасына келген шығынды, қираған үйлер мен ғимараттарды, бүлінген дүниелерді сіз бен біз болып еңсерерміз-ау. Бәрінен бұрын қан төгіліп, адам өмірінің қапияда үзілуін айтсаңызшы?! Ринаттай қаншама ұландардың, сарбаздардың орнын енді кім толтырады?! Олардың ата-аналары мен бауырларының, жастай жесір қалған жан-жары мен балапандарының көз жасы, обалы кімге және кімдерге?! Айтарға сөз жоқ!
Сай-сүйегіңді сырқыратар оқиға кезінде Ақ Жайықтың тумасы, титтейінен Қаратөбенің Қалдығайты топырағында құлыншақтай еркін өскен Ринаттың қаза табуы жерлестерін бей-жай қалдырмады. Өте тәрбиелі, білімді, ұлтжанды, өнерлі, елге белгілі Қамбетовтер әулетінен шыққан тұңғыш немеренің қазасы онсызда күңерген оралдықтардың көңілін жабырқатты, жылатты. Бірақ, амал не. Қолдан келер қайран бар ма?!
Иә, «Ажал айтып келмейді». Десек те, Ринат Талғатұлының ерлікпен көз жұмған, өмірінің соңғы минөттерінде Алты Алашын жаудан қорғаған сәттері ел есінен, қаңтардағы тарихи оқиғадан ойып тұрып өз орнын алмақ. Ол өзі қызмет атқарып жүрген, еңбек етіп нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген қызметтік ғимаратына тұтқиылдан жауыздар шабуыл жасаған тұста кешегі Нүркен мен Төлегендей жауға қарсы атылған екен. Арпалысқан тұста кеудесін оққа тосқан екен. Елім деп еңіреген азаматымыз Отан-Анасын, сұлу Алматы қаласын содырлардың соққысынан қорғау жолында жауға жүрегін тосқан екен. Сөйтіп, Ринат Қамбетов елі мен жерінің, туған өлкесі мен ата-анасының алдында перзентік борышын осылайша адал атқарып, мәңгілік сапарға аттанған екен. Бауыр десе бүйрегі бұрып, елім десе көңілі елжіреп тұратын елгезек, сөзге шешен, ұлттық тәрбиені бойына жиып өскен Ринат Қамбетовтің қиын-қыстау шақта көрсеткен патриоттығы мен ержүректілігі ел есінен кетер ме?! Аты өшер ме?! Жоқ, әрине. Көңілге медеу болары – ол бүгінгі ұрпаққа, жастарға, бозбалаларға батырлықтың, ел басына қара бұлт төнгенде қайсарлықтың өшпес ізін қалдыруы! «Ерлік ешқашанда ұмытылмайды» дегендей, Қамбетов Ринат Талғатұлына ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ Дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Бұл өте жоғары әрі орынды марапат деп білеміз.
Иә, әскери қызметші болуды жастайынан мақсат тұтқан Ринатымыз сын сағаттарда өзінің үлкен тұлға екенін дәлелдеп, азаматтығын биік ұстап, қас-қағым сәтте бұл жалғаннан өте шықты. Бүгінгі және келер ұрпақ енді «Айбынды» ұлдың ерлігімен мақтанатын болады. Батырлығына бас иіп, рухына тағзым ететін болады!
Бақұл бол, Ринат бауырым! Қақаған қыста Жер – Ана топырағымен бойыңды жылытсын… Сенің көрмеген қызығың мен тәтті өміріңнің әр күні мен түнін Жаратқан Иеміз қос бірдей тұяғың – Ахметжан мен Мұхамбетжанға бұйыртсын! Айтпағым,Ринаттай елі мен жерін, Отанын, ата-анасын аялаған қаракөздер Қазақ елінде көбейсе екен. Тек, ержеткенде елін сатпаса екен?!
Ақ Жайық өңіріндегі барша зиялы қауым атынан:
М.ШҮЙІНШӘЛИЕВА
Соңғы жаңалықтар
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылады
Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады
БҚО-да сұйытылған мұнай газымен қамту мәселесі тұрақты бақылауда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы: ашықтық, цифрландыру және қоғаммен әріптестік
Олжас Бектенов обсудил с руководством Air Products сотрудничество в сферах газохимии и промышленных технологий
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда
Оралда «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім комьюнити орталығы ашылды
Минобороны Казахстана обновило правила выплат военнослужащим: что изменилось
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабу: заң талабы және қауіпсіздік
«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты жаңа деңгейге көтерілуде
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форум аясында көрме ұйымдастырылды
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды

Кіру
Пікір үстеу