«МЕРУЕРТ – МҰҒАЛІМ БОЛЫП ТУЫЛҒАН…»
«ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!»
«Бүгін, Жеңіс күні! Біз жауды жеңдік!» деп алғаш рет Жайық жұртынан радио арқылы даусы жаңғырып, сүйінші сұраған Меруерт Жолдықайырова – тоқсанның төріндегі тұлға, ардақты ұстаз, асыл ана!
Мен сонау 1987 жылдан ұстазымды «меншіктеп», «Менің Меруерт апайым» деймін! Еркелеймін! Себебі, Орал пединститутының студенті болған кезімнен Меруерт апай біздің топтың кураторы болды. Анамыздай мейірімге бөледі. Апайдың құшағы мен жылы жүзі барша студенттерге Күн көзіндей шуағын шашып тұратын… Әлі солай. Елге сыйлы жан жүрген жерінде: «Атақты жазушыға айналған Рахымжан Отарбаев балама және Мира қызыма куратор болдым» деп мақтанышпен айтып жүреді. Ақ жаулығы желбіреп батасын берумен келеді.
Әдеттегідей, бүгін де жолшыбай Ұстаздар үйіне соғып, Меруерт апамды құттықтап шығар ем Ұлы Жеңіс күнімен! Сосын Мәңгілік Алауға асыға жетер ек бірге. Амал не?! Жайықтың жағасында дүркірей өтетін Салтанатты шеру де сағынышқа айналды…
Ұрпаққа ашық аспан, арайлы таң сыйлаған, сәбилерді тыныштықтың бесігінде тербеткен ардагер аға-апалар аман болсын! Менің Меруерт апайымның жүрегі 9 мамыр сайын лүпілдеп соға берсін!..
Осыдан алты жыл бұрын Меруерт апайым торқалы 90 жасқа толғанда жазған мақаламды оқи отырыңыздар?! «Қайран біздің шешелер арды ойлаған» демекші, менің Меруерт апайымның ғибратты өмірі мен ерлігін көңілге тоқи отырыңыздар, ағайын!
Автор.
«Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым көп сенің қасиетің» деп келетін жыр жолдары Ақ Жайықтың қадірлі анасы, талай шәкірттің батасына бөленген ардақты ұстаз Меруерт апамыздай «о бастан мұғалім болып туылған» жандарға айтылған тәрізді. 15 мамырда М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың үлкен залында өткен Меруерт Жолдықайырқызының 90 жылдық мерейтойында осындай теңеулер айтылып, ұрпаққа ұлағат болар тағылымды кеш өтті.
Талай қайраткер мен ғалым түлеп ұшқан БҚМУ қашанда ардагер аға-апалардың алғысын арқалаған байырғы білім ордасы. Бұған дәлел, осы жыл басталғалы соғыс және еңбек ардагерлері Қалам Сүйіншәлиев пен Меруерт Жолдықайырова торқалы 90 жасқа толып, университетпен бірге жасыл Жайықтың да мерейін өсірді. Қос ардагерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қабылдап, құттықтады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келген осынау қос қуаныштың басы-қасында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры, академик Асхат Иманғалиев ұжымымен бірге ұлағатты жандарды ұлықтады. Соның дәлеліндей, өткен жұма күні аталмыш университетте «Шежірелі ғұмыр, өнегелі өмір» атты шырайлы шара өтіп, еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар мен шәкірттер Меруерт Жолдықайырованың кеудесін гүлге толтырды.
«Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің, «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, атақты ұстаз Меруерт Жолдықайырқызына көрсетілген қошемет пен шынайы лебіздер тоқсандағы ананың текке өмір сүрмегенін үсті-үстіне дәлелдей түсті. Салтанатты жиынды жүргізген филология факультетінің деканы, ғылым докторы Абат Қыдыршаев алдымен ұстаз туралы түсірілген бейнебаянға жұртшылық назарын аудартты. Өткен тарихты ой елегінде өрнектеген зиялы қауым, зал толы жастар қарапайым ұстаздың бақытқа жету жолындағы соқпықпалы, соқпақты жолдарын көріп, еріксіз көзге жас алды. Өйткені, инемен құдық қаздырған білімге жетуді мақсат тұтқан жас жанның сұм соғыстың зардабын татып, қиналған тұстары, ол аздай, әкелерінен ерте айрылған төрт құлынды бір өзі алға жетелеген сәттері, қатал тағдырды жеңуі нағыз қайсар анаға тән қасиет десек те болды. Меруерт апай туралы түсірілген фильмді көріп көңілі толқыған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның да : – Бүгін ғажайып кеш. Жұбан аға айтатын «Мен қазақ қыздарына қайран қалам деп…» Бүкіл ғұмыры өнегеге толы Меруерт апа, мінекей, бәрімізді қайран қалдырды,– деп сөз бастауында терең мағына жатыр. – Меруерт апа қасымызда жүргенде қадірін біле бермейміз. Осы апай көп ұрсады, осы апай қаталдау деп сынауға шеберміз. Адамзат, соның ішінде қазақ халқы өмірден өтіп кеткенде өкінеміз. Мұндайда қазақ айтады «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп! Бір пышағыңды жоғалтып алсаң өткір еді деп іздейтініміз рас. Сондықтан, жастар жағы талай ақын жыр арнаған ұстаздарыңды тірісінде сыйлаңдар, құрметтеңдер. Қазақ әйелі! Мен бұл сөзді айтудан қорықпаймын. Кешегі соғыста жетім қалған балаларды өсіріп, өздері жесірліктің қасіретін тартқан апаларымыз қанша ма? Мен де оларға арнап кезінде «Әйел ғой тіршіліктің бәйтерегі, лайық оған жырдың қай теңеуі» дегенмін. Қазақ деген ұлттың қиындығын басынан өткеріп, сол жолда қайыспауы, сынбауы – ерлікпен пара-пар. Ендеше анаға бас иетін, бүкіл ұстаз атаулыға бас иетін ұстаздың кеші өтіп жатыр. Тоқсан деген немене? Тек парасатты ғұмыр тілеймін,- деді Ақұштап Бақтыгереева Меруерт апайдың ұл-қыздары өзіне бауыр, туыс болып келетінін ел алдында жасырмай.
Дәл осындай тілекті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов пен қалалық ардагер-ұстаздар кеңесінің төрайымы София Иманғалиева жалғастырды. Меруерт апайдың 1956 жылғы түлегі болған София Шаймарданқызы қазіргі Сәкен мектебінде практикада жүргенде жақсылығын көп көргенін әңгімеледі.
Бір таңқаларлығы, елге танымал азамат Қадыр Ғайсин ағамыз Жымпиты жерінде Меруерт Жолдықайыровамен балалық шақтан бірге өсіп, он жыл бойы бір класта оқыған екен. Көненің көзіндей болған тірі куәгер Қадыр ақсақал: – Меруерт жөнінде көп айтуға болады. Ертеректе елге келген бір доғдырмен сөйлескен ем. Ол сонда, доғдыр-дүниеге доғдыр болып келу керек, ал мен оқып доғдыр болдым деп еді. Ал біздің Меруерт дүниеге ұстаз болып келді,– деп бастады естелігін. – Әлі есімде, сегізінші класта оқимыз. Класымыз салқын болды. Меруерт үзіліс кезінде ер балаларды сыртқа шығарып жіберіп, қыздарды пеш түбінде жылынсың деп әдейі алып қалатын. Заманның қиындығынан құрбыларымыздың көбі сабақтан қол үзді. Ашаршылық, жоқшылық жанымызға батты. Тәмам 10 класта төрт-ақ оқушы қалдық. Соңғы жылды төртеумізге оқытамыз, не оқытпаймыз деп дағдарды мұғалімдер. Олар – Меруерт Жолдықайырова, Нұрия Камалаова, Шолпан Нұрмұханова және ұлдардан жалғыз мен едім. Меруерт үнемі класқа ерте келіп, бәрімізді тексеріп шығатын. Сабақты түсіндіңдер ме, оқыдыңдар ма деп сұрайтын. Сосын қасымызға отырып,түсіндіреді. «Жұрттың бәрі соғыста жүр. Егер сабақты біз оқымасақ, кім оқиды. Жақсы баға алып, майдандағы ағаларға сабағымызбен көмектесейік» дейтін. Міне, Меруерт дүниеге ұстаз болып келді дейтінім сондықтан ,– деп Қадыр ақсақал балалық шақтан ескеліктер шерткен сәтте зал іші сілтідей тынды. – Біз бәріміз мектепті 1942 жылдың 31 мамырында бітірдік. Қолымыздағы куәлік кіл бестік. Меруерт пединститутқа кетті. Мен көптеген шетелдерді аралап, 32 жыл өткен соң елге оралсам, Меруерт институтта әлі сабақ беріп жүр. Уақыттың қиын кезінде көптеген ұстаздар мамандығын тастап кетті. Біздің Мәкең ешқайға кеткен жоқ. Сондықтан мектептің бір іргесіне Меруерт Жолдықайырова деп жазып қойса артық етпес еді. «Меруерт – ұстаздықтың нағыз үлгісі» деп орынды теңеу айтты Қадыр атай.
Алдымен аға-апалардың осындай естеліктерін зейін қоя тыңдап, өткен тарихқа зер салған университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиев сонау Астана мен Ақтөбеден, Атыраудан Меруерт апайдың шашбауын көтеріп осы кешке арнайы келіп отырған қонақтарға, байырғы түлектеріне, қатары сиреген жора-жолдастарына, ардагерлерге ризашылығын білдірді.
– Өздеріңіз білесіздер, сыйлы азаматтарды құрметтеу, соның ішінде ардагерлерді құрметтеу біздің университте үлкен дәстүрге айналды,– деген Асхат Сәлімұлы күні кеше Елбасымен бірге Астана қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруде болған Қалам ағайдың және мақтауға да, мақтануға да лайық Меруерт апайдың тойлары көпке үлгі-өнеге екенін баса айтты. – Жаңа бейнефильмді көріп, Меруерт Жолдықайырқызының мағыналы өмір сүргеніне сүйсіндік. Мыңдаған шәкірттердің алғысына бөленген ұстазға бұдан артық марапат бар ма. Әсіресе, шәкірттердің ыстық-ықыласынан асатын алғыс жоқ деп есептейміз. Сондықтан ұлыңыз Сайын, қыздарыңыз Ботакөз, Света, Мәскеуден келген мейманымыз Дина аман болып, жасыңызға жас қосылсын. Өзіме әріптестік жағынан жақын Ботакөз Ибатқызымен Мәскеу қаласында Ұлттық педагогикалық академияның жас ізденушісі ретінде танысқан болатынмын. Өмір- тағдыр Орал жерінде кездестіріп, бірге қызмет атқаруға себепші болуда. Апа, балаларыңыздың бәрі де шетінен керемет. Ешкімнен кем етпей адам еттіңіз, тәлімді тәрбие бердіңіз. Биік дәрежеге жеткіздіңіз, – деп ректор Асхат Сәлімұлы ұлағатты ұстазға «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хат табыс етіп, қазақтың ою-өрнегі кестеленген әдемі камзолды кигізді.
Бұл салтанатты жағдайдан «Зенит» Орал зауыты» АҚ ұжымы да тыс қалмады. Ертеңмен университтің мәжіліс залына гүл шоқтарын құшақтап жеткен бір топ «зениттіктер» мекеменің бас директоры Вячеслав Валиевтің атынан Меруерт Жолдықайыроваға Алғыс хат табыс етті. «Біздің зауыт 1942 жылы Ленинград қаласынан осы Оралға қоныс аударды. Бәріміз сұм соғыстың тезірек аяқталуын күтіп жүр едік. Бір күні Жеңіске жеткеніміз туралы күтпеген жайтты жібектей жұмсақ даусымен Меруерт апамыз жеткізді. Зауыт жұмысшылары сол кезде бөріктерін аспанға лақтырып қуанды. Облыстық радионың қарғадай дикторы Меруерт Жолдықайырованы содан бастап білеміз, жақсы көреміз. 1942 жылдың басында Ленинград қаласынан зауыт Оралға қоныс аударды. Жалпы Сәрсенбаевтар отбасы ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді. Ертеректе Сайын Ибатұлы да біздің ұжымда жұмыс істеді. Әсіресе білікті дәрігер Света Ибатқызы ұзақ жылдар бойы зауытта тапжылмай еңбек етті. Ол біздің ақ халатты абзал жанымыз, қамқоршымыз, ауру-сырқаудан құтқарушымыз» деді зениттіктер бір ауыздан.
1977 жылғы түлектер де осы кеште бас қосты. Алыстан ат терлетіп жеткен бір топ игі-жақсыларды сахна төріне бүгінде өзі де Сәкен мектебінде дарынды ұл-қыз тәрбиелеп жүрген Төкестай Көшербай бастап шықты. Алтын уақыттарын арнайы қиып, анасындай ардақтаған мұғалімдеріне деген құрметтерін жеткізіп, ұстаз бен шәкірт арасында емге сарқылмайтын сағынышты паш етті олар. Сол күні тілектер ақ жауындай төгілді. «Жақсы жанға құрмет бөлек қашанда» демекші, БҚМУ-дың доценті Зейнолла Мүтиев «Ұстаз деген–ұлылардың ұлысы, қасиетің бас иетін мәңгілік!» тақырыбында тұшымды баяндамасын оқыды. Ғылым кандидаттары Роза Мұқамбетқалиева, Ағилаш Ниязғалиева ұстаз еңбегін жоғары бағаласа, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының атынан ғалым Мұрат Сабыр, «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» директоры София Ізмұхамбетова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаевтың құттықтауын жеткізген тіл жанашыры Болат Жексенғалиев және басқалар ұстаз жүрегін жылы лебіздерімен жылытты. Әсіресе, Болат ағамыз: «Адамның бақыты өз қолында. Егер бақытты болғың келсе бол» деп айтқан екен шығыс халықтары. Біз бақыт іздеп жүрсек, ол өз қолымызда екен. Мұны апайдың өмір жолы көрсетті. Өнегелі өмірі бар, артында қалған ізі бар, сөзі бар, жұрты бар, қаумалаған шәкірті бар Меруерт апай бақытты болмай, кім бақытты» деді.
Иә, сөз кезегі тигенде, осындай ақ жарма ниеттерге 1992 жылы институтты бітірген түлектер атынан мен де қосылып, 1988 жылы филология факультетіне оқуға түсіп,студенттік өмірдің алғашқы жылында жатақхана таппай қара суық күзде тоңып-шашырап жүргенімде кураторым Меруерт апайдың бір ауыз сөзімен географияның студенттеріне арнап салынған жеті қабат су жаңа зәулім жатақханада тұрғанымды, сөйтіп бозторғайдай шырылдаған ұл-қызды бауырына басып, қанатының астына алып, қолтығынан демеген апайдың қасында қаздай тізіліп жүрген бақытты шақтарымды еріксіз еске түсірдім. Бір мен ғана емес, өң бойы мейірімге толы Меруерт апамыздың жан шуағына бөленіп, аналық ақылын тыңдап, болашаққа бата алған қаракөздер көп еді-ау сол кезде. Осындай тағылымды жанның тәлімін көрген белгілі жазушы-драматург, 1977 жылдың тағы бір түлегі Рахымжан Отарбаев ұялы телефон арқылы Астана қаласынан қоңырау соғып, мерейтой иесін құттықтады. «Меруерт апа, маған анамдай қамқор болдыңыз. Сіздің алдыңызда басымды иемін», – деген бір кездегі шәкіртін баяғыдай еркелеткен апай да талантты жазушыға алғысын жаудырды.
Мерейтой соңында аяулы Меруерт апамыз жиналған қауымға терең ой тастап, тағылымды ақылын үйіп-төкті. «Әкем-инстиут, шешем -кафедра» деп баяғыдан ұрандатып жүретін өмірге ғашық ұстаз 90 жасын ел-жұртқа үлгі етіп тойлап,азаматтық іс тыңдырған БҚМУ-дың ректоры, ел ағасы Асхат Иманғалиевке және университет әкімшілігіне шексіз ризашылығын айтып, отбасының атынан аналық батасын берді. – Маған бұл той керек емес. Бірақ, ұрпаққа қажет. Тоқсанға толды деп төбелеріңе көтеріп жатырсыңдар, көп рахмет. Бұл игі-істің тәрбиелік мәні зор. Күні ертең өздеріңнің алдарыңнан келеді. Қарақтарым, аман болыңдар. Креслоға сене бермеңдер, білімге, еңбекке, адамгершілікке сеніңдер. Алла аздың қайыран бергей,– деп ағынан жарылған апамыз бұған дейін білім ордасын басқарған он бес ректордың атын атап, түсін түстеді. Ойға сақтау қабілеті мықты, қара шаңырақтың тарихын жатқа білетін ол бүгінде арамызда жоқ қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының ғалымдарын бір минөт үнсіздікпен еске алғызды.
Өмірі де шежіре, өзі де тұнған шежіре жанға университеттің жас ақындары өлең арнап, домбырамен:
«Тоқсанға келіп апай, отыр жайнап.
Жүріпті ұрпақтардың қамын ойлап.
Сіздей ұстаздың амандығы,
Біз түгіл, елімізге абырой-бақ» деп төгілтті.
Шынында да қарияларымыз қартаймай, шаршамай төрімізде жайнап отырса, бұл да егемен елдің мәртебесі емес пе. Демек, кластасы Қадыр ақсақал айтқандай, «мұғалім болып туылған Меруерт апамыздың» мерейі үстем болып, мәртебесі арта бермек.
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
Рахметолла СҮЙЕРБАЕВ, ел азаматы:
– 1960 жылы Орал пединститутының филология факультетін бітірдім. Зайыбым Мария Темірғалиқызы да Меруерт апайдың шәкірті. Меруерт апайды жанұямызбен жақсы көреміз. Құрметтейміз. Біз Мәскеуде тұрғанда қыздарымен жиі араластық. Осы Оралда көрші тұрдық. Көптен сыйласамыз.
Текті жердің азаматы Ибат Дәулетқалиұлымен шаңырақ көтеріп, ұл-қыздарын өсірді. Апай өмірдің тұшысынан гөрі, ащысын көп татты. Жолдасынан ерте қалды. Бірақ тағдырға мойымай, діттеген мақсатына жетті. Тоқсан жасқа үлкен абыроймен келуі, өзінің елге сіңірген адал еңбегі. Қазір үлкен қызы Ботакөз психология ғылымының докторы, ұлы Сайын да жоғары білімді физик-математик. Света осы өңірге танымал дәрігер. Сүт кенжесі Дина Мәскеудегі беделді емханада қызмет етеді, медицина ғылымдарының кандидаты. Еліміздің мақтанышына айналған апамызға тағы да ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілейміз.
2015 жыл, «ЖАЙЫҚ ҮНІ»
Версия для печати
Пікір үстеу