БҮГІН – КӨРІСУ КҮНІ
14 наурыз – көрісу мерекесі. Батыс өңірі үшін бұл ерекше мейрам.
Әдеттегідей, батыс халқы бүгінгі күнді елден ерек қарсы алады. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып «Бір жасыңмен» дейді. Ол: «Бір жасқа есеюіңмен! Қыстан аман-есен жетуіңмен» дегенді білдіреді. Амал таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін айқара ашып, шаңырақта міндетті түрде дастархан жайылады. Ренжіскен адамдар татуласып, араздық ұмытылады. «Көрісу» салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Ауыл жастары үйдің үлкендеріне көрісіп шығуы міндетті. Ал көрісуге келген адамға ілтипат көрсетіледі.
14 наурызды кей жерлерде «Амал» мерекесі деген атаумен де атап өтеді. Тек Батыс өңірлерінде ғана емес, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның жерінде қазақтар көп қоныстанған аумақтарда да тойланады екен. Деректерге сүйенсек, Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша шыққан деп көрсетеді. Сондай- ақ, парсы математигі, астроном, ақын, философ Омар Хайямның күнтізбесінде Жаңа жыл наурыздың 14-інен басталатындығы да айтылады.
Көрісу күні қайдан шықты? Бұл күн неге 14 наурызда тойланады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Әлқисса…
Интернеттегі «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәліметке сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты.
Бұл көрісу дәстүрі тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген.
Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған ғой. Наурыз айында тоғыстың келетін тұсы да осы күндерге келетін болса керек. Халық сенімінде 14-інен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен.
Бұл күн — «Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні.
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу