АНАШЫМ, АУЫРМАШЫ немесе репродуктивті денсаулығыңызды күтіңіз
Соңғы жылдары әйел денсаулығы жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Эмансипация мен феминизмнің дамуына байланысты әлем жұртшылығы арасында неке қимай тұрып жыныстық қатынасқа түсу, етеккір, жүктілік, бала туу, түсік жасату, зорлық-зомбылық мәселелелері күнделікті тақырыптарға айналды. Бұл әсіресе, әйелдер жағының білімін арттырып, оларға тек психологиялық немесе физикалық қана емес, репродуктивтік денсаулықты күту қажеттігін түсіндіреді.
Ол не?
Репродуктивтік денсаулық – өмірге ұрпақ әкелу. Ол адамның физиологиялық саулығы ғана емес, психологиялық және эмоционалдық жағдайын да білдіреді. Яғни, тұрмыс құру, бала туу, бала саны мен олардың жас айырмасына қатысты мәселені өзгелердің қысымынсыз қабылдау әр адамның өз еркінде деген сөз. Әр адам репродуктивтік таңдау құқығына, жыныстық құқықтарының сақталуы үшін күресуге, отбасын жоспарлауға, репродуктивтік және сексуалдық денсаулығын күтуге құқылы. Бұл туралы тұңғыш рет 1994 жылы Каирде өткен Халықаралық конференцияда сөз болған.
Мәселе неде?
Бүгінде дамыған елдер тек әйелдің ғана емес, ерлердің де репродуктивті жүйесіне ерекше ден қойып отыр. Бүгінде еліміздегі ірі қалаларда тұрғындары медициналық қызметтер қолжетімді. Соған қарамастан осы игіліктерді елдің бәрі бірдей пайдалана бермейді. Онкология және радиология ҰҒЗИ директоры Диляра Қайдарова өмірінде 5-6 жыл бойы гинекология кабинетінің есігін ашпайтын әйелдерді кездестіргенін айтады. Өздері мұны үй тірлігінен қолдары тимейтінімен түсіндірген. Бірақ проблеманың әр әйел өз денсаулығын өзі күтпей шешілмейтінін де ұмытпаған жөн.
ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы әлемде 517 мың адам сүт безі обырынан көз жұмған. Жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасында таралған онкологиялық аурулар ішінде 4 орында тұр. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылы 1700 әйелге осындай диагноз қойылған. Онкология институтының дерегі бойынша елімізде жыл сайын 650 әйел қатерлі ісіктің осы түрінен көз жұмады. Бала үстінде көз жұму – әлем бойынша өмірге ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітім саны жағынан екінші орын иеленеді. Жүктілік кезінде және босану кезінде қайтыс болған 287 мың әйелдің 99 пайызы дамыған елдердің азаматтары.
Жыл сайын Батыс Қазақстан облысы тұрғындары арасынан онкологияның 1400-ге жуық жағдай тіркелуде. Қазіргі уақытта ер адамдар арасында өкпе, асқазан және өңеш обыры, ал әйелдер арасында сүт безі және жатыр мойны обыры басым болып отыр. Обыр ауруының айқындылығы дер кезінде анықтаудың жақсарғандығымен байланысты –өйткені қазір 40 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындарды қамтумен медициналық скринингтер белсенді түрде өткізіліп келеді. Осыған орай, осы жылдың басынан бастап сүт безі обырының 10-15% өсіп отырғанын тіркелуде.Бұл ауру бүкіл әлемде скрининг шараларына және маммографиялық зерттеулердің арқасында емделіп отыр. Жыл сайын БҚО да 140-150 осындай оқиға анықталып отыр. Республикада 4000 жуық. Соңғы бес жыл ішінде біздің облыста ерте анықтау бойынша оң динамика байқалады, оның өсуі 1,5-2% құрап отыр. Алайда, өкінішке орай, осындай атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, асқынып кеткен жағдайларда кездеседі. Онкологияда, бұрынғыдай, емдеудің үш негізгі түрін қолданады, хирургиялық, сәулелік және химиотерапия. Дәрігерлердің айтуынша, жақын арадағы бес жыл ішінде, обыр аурыуына қарсы кешенді бағдарламаға сәйкес бүкіл Қазақстан бойынша жаңа жабдықпен емдеудің жаңа инновациялық әдістерін, электр-және гипертермиялық химиотерапия, интраоперациялық сәулелік терапия аппараттарын қоса енгізу жоспарланып отыр. Жетілдірілген әдістердің артықшылығы қасындағы ағзаның басқа мүшелері мен тіндерін қозғамай, ісікке неғұрлым дәлдікпен жету және соған әсер ету болып табылады.
Жалпы, еркектер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы: генетика, ағзадағы ақаулар, жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық жолмен таралатын ауруларды жұқтыру, вирустық инфекциялар мен түсік жасату сынды факторларға тәуелді. Бала сүю қабілеті де болашақ ата-аналардың ұстанған өмір салтымен тығыз байланысты.
Нәзік жандылардың репродуктивтік жүйесі бала көтеру, оны 9 ай бойы аман-есен жетілдіру мен өмірге әкелу жолында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, түсік тастау, жыныстық жолмен берілетін аурулар, лимфа бездерінің ұлғаюы, іштің төменгі жағының ауруы, несеп жолдарының аурулары жүйеде ақау пайда болғанынан хабар береді, дейді мамандар. Оның жұмысына жасанды түсіктің де кері әсер ететіні дәлелденген. Себебі, жүктілік кезінде әйел организмінде баланы сақтауға бағытталған гормоналды өзгерістер пайда болады. Ал, түсік, жарақат немесе инфекция салдарынан жүктілік тоқтатылатын болса, әйелдің психологиялық жағдайын былай қойғанда, ағзадағы гормоналдық өлшемдерді қалпына келтірудің өзі қиынға соғады.
Балалар не білуі тиіс?
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі қазіргі заманда үлкен проблеманың біріне айналғаны белгілі. ДДСҰ мәліметінше, әлемде әрбір бесінші қыз 18 жасқа дейін бала туады. Сонымен қатар, жасанды түсіктің жағымсыз салдары мен ана өлімі 20-дан асқан әйелдерден гөрі жас бойжеткендер арасында жиі кездеседі. Оның басты себебі – жасөспірім организмнің дұрыс жетіліп үлгермеуі.
Бала денсаулығын туғаннан бастап ата-анасы күтеді. Бірақ есейе келе, жасөспірім шағынан бастап олар репродуктивтік денсаулығын күтіп, гигиена сақтауды үйренуі тиіс және өз шешімін өзгелерге сыйлата білуді меңгеруі керек. Бұл ең алдымен ата-ананың міндеті. Сонда ғана бала болашақта теңдікке негізделген, зорлық-зомбылықтан ада отбасын құра алады. Жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беруді насихаттап жүрген блогер Татьяна Никонова мұндай тәрбиенің нәтижесі де жаман болмайтынын атап өтеді. Айтуынша, АҚШ-та 1993-2003 жылдары мектептерде мүшеқап тарату арқылы жасөспірімдер арасындағы жүктілік 57 пайызға қысқарған. Мектептерде міндетті түрде арнайы дәріс оқылатын Швеция мен Германияда 2014 жылы жүкті болып қалған жасөспірім саны 6-7 адамнан аспаған.
Никонова жыныстық тәрбие баланы «бұзады» деген пікірдің дұрыс еместігін айтады. Керісінше, ол жасөспірімнің төсек қатынасы жайлы білімін жетілдіріп, сақтану жолдарын үйретеді, жүктілік пен төсек арқылы таралатын аурулардан сақтандырады, дейді ол.
Репродуктивті денсаулықты күту жолдары
ДДСҰ 2010 жылы ұйымға кіретін мемлекеттерді өз азаматтарының сексуалдық және репродуктивтік денсаулығын ұлттық қаржыландырудың ажырамас бөлігі деп тануға шақырды. Сонымен қатар, ұйым талабы бойынша әр ел денсаулық саласының әлеуетін арттырып, жүкті әйелдерге, босанған аналар мен жас нәрестелерге көмекті күшейтуі тиіс.
Қазақстан азаматтарының да репродуктивті денсаулығын күтуге мүмкіндігі жоқ емес. Мәселен, диспансерлік есепте тұрмайтын 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Бұрын сүт безі ісігімен ауырмаған 40-70 жас аралығындағы әйелдер ТМККК пакеті шеңберінде екі жылда бір рет тегін скринингтен өтуіне болады. Оған қоса, жүкті әйелдер мен көп балалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді тегін тапсыруға мүмкіндігі бар. Өкінішке орай, Қазақстанда әйелдердің 23 пайызы ғана скринингтен өтеді. Ал, дамыған елдерде онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелдердің 80 пайызының ауруы ерте анықталады және дер кезінде емделеді, дейді Диляра Қайдарова.
– 15 қыркүйекте Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталған болатын. Екі айға созылатын кампания қаралып жүрген емхананың қызметіне көңілі толмайтын тұрғындардың басқа емдеу ұйымына ауысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, науқан барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркелуге болады. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында МСҚ-мен келісімшарт бекіткен 49 медицина ұйымы 13 жеке меншік,олардың ішінде алғашқы медициналық – санитарлық көмек көрсететін емхана саны 25 болып отыр – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КеАҚ БҚО филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова.
Версия для печати
Пікір үстеу