ЖАЗУШЫ ТУҒАН ЖЕРІНЕ ТАҒЗЫМ ЕТТІ
Хан ордасы ауылында жерлес жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, прозаик Мира Шүйіншәлиеваның «Мираның көркем әлемі» атты шығармашылық кеші өтті. Оған өзінің қаламдас ағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков пен ауданның атқамінерлері, мәслихат хатшылығы және Сайқын, Мұратсай, Бисен ауылдарынан үлкен-кішілі оқырмандар көптеп қатысты.
Сахна шымылдығы М.Шүйіншәлиеваның «Соқыр қыз» әңгімесі шығармасы желісі негізінде ұсынылған қойылыммен ашылып, кеш барысында Мира Хамзақызы өзінің шығармашылық өсу жолы, туындыларының жазылу тарихы жөнінде әңгімеледі. Жүргізуші Ажар Балабасованың: «Ар азабы» кітабынан кейіпкерлердің өмірден алынғанын байқадым» дегеніне қаламгер әр кейіпкердің бірнеше адам мінез-құлқы жинақталып берілетін образ екенін түсіндірді. Мәселен, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры актрисасы Нұргүл Жұбатова LED-экран арқылы оқыған «Қауырсын гүл» шығармасына күнделікті өмірдегі кейіпкері арқау болыпты. Алайда, оның өмірі дәл шығармадағыдай өрілмеген. Айтқали Нәріков болса қазақ әдебиетінің классиктерінен бата алған қарындасының кейіпкерлерді өзін қоршаған ортадан алып қана қоймай, бұрын жазуға тыйым салған тақырыптарды қамтығанын жеткізді. Сондықтан болар абыз қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің назарын аудартып, батасын алғанын және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Дулат Исабековтің «Ойы салмақты, оқиғалары өрнекті жас жазушы Мира Шүйіншәлиеваның ұлттық туындылары қазіргі заман келбетін түсінгісі келетін оқушыларға берері мол шығарма. Қаламгердің талант стилі ерекше. Болашағынан үлкен үміт күттірген талант иесі» дегенін көрермендер есіне салды.
Кеш барысында М.Шүйіншәлиеваның сөзіне жазылған «Туған жер», «Қазақстан ұландары» әндері орындалып, прозалық шығармаларынан үзінділер оқылды. Мейманның өзі де елмен сәлемдесуін сағынышқа толы арнау өлеңімен бастап, жанына жақын адамдары мен туған топырағына деген сүйіспеншілігін, құрметін «Анама», «Нұрланға», «Ай қарайды төбемнен», айтыс ақыны Асылбек Ищановқа арнаған басқа да арнау өлеңдерімен өрілтіп, көрерменнің ілтипатына бөленді. Тәттілерін де тарту етіп, қасиетті жұма күні бауырсақтан ауыз тигізді.
Осы кешке арнайы қатысқан Бөкей орда ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов тұшымды туындыларымен өз оқырманын тауып, еліне еленген Мира Хамзақызына жерлестері атынан Алғыс хат табыстап, камзол кигізді. Жазушының шашбауын көтеріп келген Айтқали Нәріковке шапан жауып, шығармашылық шабыт тіледі.
Көрермендер Мира Шүйіншәлиеваның шығармашылық жолдағы жетістіктерімен аудандық орталықтандырылған кітапхана дайындаған «Өмір сырына үңілген жазушы» көрмесі арқылы да қанық болды. Оқырмандардың бірқатары жазушыдан қолтаңба алып, суретке түсті.
Осындай шығармашылық кеш қазанның 20-күні Мира апайдың туған жері – Бисен ауылында жалғасты. Көркем әдеби бес кітаптың авторы М.Шүйіншәлиева он жыл білім алған алтын ұясы – Б.Жәнекешев атындағы орта мектепте жазушыға арналған класс ашылды. Жазушы М. Шүйіншәлиеваның атына берілген класта көрме жасақталып, шығармалары мен суреттері қойылды. Алғаш ашылып отырған класына және мектеп басшылығына зор ризашылығын білдірген Мира Хамзақызы өз сыныбына ноутбук сыйға тартты. Мектеп алаңына өз қолымен үш тал-терек отырғызды.
Сонымен қатар балғын балалығы өткен үйінің табалдырығынан аттап, бүгінде онда отбасымен тұрып жатқан ауылдасы Ерсайын аға Мұқатовпен де емен-жарқын әңгімелесті. Өмірден ерте кеткен ата-анасының қорымына барып Құран бағыштады. Қаламгер қыздарын қуана қарсы алған бисендіктер, ақсақал ата-әжелер мен ардагер ұстаздар «Жақсыдан қалған көз» деп, ақ батасын жаудырды. «Рухани жаңғыру» аясында кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, «өнер алды қызыл тілімен» шырайлы шығармашылық кеші сыйлаған жазушы апамыз оқырмандар көңілін бір өсіріп тастады.
Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу