«ЭКСТРЕМИЗМ ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗМ БАБЫМЕН СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЕҢ ЖАСЫ – ОН ЖЕТІДЕ»
Бес жыл ішінде елімізде 14 лаңкестік оқиға болған. 90 адам көз жұмып, 50-дей адам жарақаттанған. 144 құқық қорғау қызметкері міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза болған. Бұл деректерді 27 қыркүйек күні Орал қаласында өткен «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» тақырыбындағы халықаралық форумда терроршылардың психологиялық ерекшеліктері туралы баяндаған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының аға оқытушысы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының психолог сарапшысы Лола Шакимова айтты.
– 2016 жылы екі ай ішінде Ақтөбедегі және Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан 37 адам қайтыс болған. Олардың 18-і терроршылар. Неге екі ай ішінде осынша адам көз жұмды? Өйткені 2016 жылдың маусым айында Таяу шығыстағы белгілі шейхтың пәтуасы шықты. Ол мұсылман бауырларын «соғыс жиһады үшін Сирияға барудың қажеті жоқ, өздеріңіз тұрып жатқан мемлекеттегі кәпірлерді өлтіріңдер. Қолдарыңда Калашников автоматының болуы міндетті емес, кәпірлерді авто, жүк көліктерімен басып жаншыңдар, адамдарды өлтіріңдер, үйлерді жарыңдар, ұрлаңдар» деген. Ислам мұндай сөздермен байланысты қолданылмайды. Ислам – адамгершілікке, тазалыққа, бейбітсүйгіштікке шақыратын дін, – деп бастады психолог өз сөзін.
Бүгінде еліміздегі түрмелерде экстремизм мен терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айырылған 450-ден астам сотталушы отыр. Олардың ең жасы 17-де болса, үлкені – 48 жаста. Отандық психологтар олардың мотивациялық бағыттарын зерттей келе, бес түрлі психологиялық ерекшелікке топтастырған.
– Біріншісі – оқшауланғандар. Бұл психотипке террористік ұйымдардың лидерлерін жатқыздық. Олар Махуов, Саид Бурятский, Октябрь Байтугелов, Октябрь Ходжаев, А.Бимұрзаев. Психологиялық тестілеу кезінде олар үшін бірінші кезекте билікке деген өшпенділік, екінші орында – ақша, тек үшінші кезекте ғана – дін екені анықталды. Яғни, дін олар үшін бетперде ғана. Қорыта айтқанда, бұлар қылмыстық топтың жетекшілері. Терроршылардың екінші санаты – оқшауланған агрессияшылдар. Бұлар – Дмитрий Таңатаров, Мақсат Кариев. Дмитрий Таңатаров – намаз оқи жүріп, наша қолданған адам. Мақсат Кариев – 2011 жылы 7 қараша күні Таразда 1,5 сағат ішінде 7 адамды өлтірген еді. Олардың бесеуі – құқық қорғау қызметкері, екеуі – бейбіт тұрғын. Бұлар психологиясы бұзылған адамдар. Психологияда локус бақылауы деген теория бар. Яғни, сәтсіздікке менің көзқарасым. Локус бақылауы бойынша адамдар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – экстреналдар. Олар өздерінің барлық сәтсіздіктерін сыртқы ортадан іздеп, өзгелерден көретіндер. Екіншісі – интерналдар. Олар бар кінәні өздерінен ғана іздейді. Локус бақылауы бойынша Дмитрий Таңатаров, Мақсат Кариев – экстреналдар тобына жатады. Олар өздерінің жеке мәселелерін өзгелерге – бейбіт тұрғындарға, құқық қорғау қызметкерлеріне аударғандар. Террористер құқық қорғау қызметкерлерін «шайтан», «кәпір», «тауғыт» деп есептейді. Өйткені олар зайырлы мемлекетті қорғаушылар. Көптеген радикалдар зайырлылықты атеизм деп түсінеді. Зайырлы мемлекеттің қорғаушыларына қастандық жасайтыны осы түсініктен. Үшінші санатқа – бас бостандығынан айыру орындарында болғандар жатқызылады. Олар құқық қорғау қызметкерлеріне дұшпандықпен қарайтын, қоршаған ортаға қарсы, кері қалыптасқан жандар. Бұл психотипке 2011 жылы 24 мамырда ҰҚК Тергеу изоляторы маңында өзін өзі жарған павлодарлық Сергей Паткосов және 10 адамды өлтіріп, өлім жазасына кесілген Руслан Кулекбаевтар жатады. Бұлар бірінші кезекте қылмыскер, содан кейін ғана радикалды ағымның мүшесі. Төртінші топ – жалдамалылар. Бұл ретте тәжік полковнигі Гулмурад Халимовты еске түсіреміз. Оның әскерилер арасында беделі жоғары болатын. Ол ғаламтор арқылы жиі сөз сөйлеп, әлеуметтік желілер арқылы соғыс жиһадына тек жастарды ғана емес, «Сирия – кәсіби біліктілікті жетілдіру үшін жақсы полигон» деп әскерилерді де шақырған еді. Бесіншісі – кездейсоқ адамдар тобы. Бұл топтағылар – жастар, әйелдер. Өкініштісі сол, бүгінде жат ағымның идеологиясын таратқаны үшін 13 әйел қамау орындарында отыр. 2011 жылы 17 мамырда Ақтөбедегі ҰҚК департаментінде өзін жарған 27 жасар Рахымжан Мақатов осы топтағылардың қатарында. Ол террорлық топқа кездейсоқ түскенін және оны осылай жасауға мәжбүрлегенін айтқан, – дейді Лола Сергеевна.
Сондай-ақ Лола Шакимова түрмедегілердің 85 пайыздан астамы діни сауатсыздықтың салдарынынан ғаламтор арқылы арбалғанын айтты. Оның сөзінше, Сирияда қазақстандық 227 әйел, 225 ер адам бар. Олармен бірге Сирия аумағына 400-дей бала барған.
– Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістікке жетуі үшін үш негіз бар екенін айтты. Біріншісі – конфессияаралық келісім, екіншісі – ұлттар достығы, үшіншісі – қазақстандық дәстүрлерді жаңғырту. Отанға, ата-анаға, бауырға деген сүйіспеншілік, патриотизмді қалыптасытру. Діндар адамның өзі де бірінші кезекте өз елінің патриоты болуы керек, – деді Лола Сергеевна.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу