71 ТҮЛЕКТІҢ 13-І «АЛТЫН БЕЛГІГЕ», 18-І «ҮЗДІК АТТЕСТАТҚА» ҮМІТКЕР
Бүгін облысымыздың барлық деңгейдегі мектептерінде бір мезетте соңғы қоңырау салтанатты жиындары өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Қадырова үздік ұстаздарымен, үздік шәкірттерімен, үздік білім беру жолымен дараланған Назарбаев зияткерлік мектебіне келіп, білім ордасының қуанышымен бөлісті. Өңірімізде осыдан жеті жыл бұрын есігін айқара ашқан Елбасы атындағы мектеп биыл бесінші түлектерін ұядан ұшырды. Бүгінгі күн білім ұясынан қанатын қомдаған 71 қарлығаштың 13-і «Алтын белгіге», 18-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Салтанатты жиында облыс басшысы Алтай Көлгінов түлектерге сәт-сапар тілеп, ұстаздар еңбегіне жоғары баға берді. – Бүгін мектеп тарихына енетін қуанышты оқиға. Түлектер өздерінің білім алған ұясымен қоштасса, ал ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Білім – қоғам игілігі. Оның нәтижесі мемлекет үшін маңызды. Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жастар жылының сән-салтанатпен ашылу рәсімінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өтті. Елдің экономикалық өсуінің жаңа моделінің ортақ буыны білім екенін айтты. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болатыны жоспарланды, – деген облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде де білім саласын дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын мемлекет қазынасынан білім саласына 45 млрд. теңге қарастырылса, бүгінде бұл қаражат 20 млрд.-қа көбейген. Өңірімізде қызмет атқаратын 12 мыңнан астам педагогтар үшін де жағымды жаңалықтар көп. Бұдан соң өңір басшысы Алтай Сейдірұлы 10-сынып оқушысы, қызмет көрсету сапасын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі Mojidet жобасының негізін қалаушыларының бірі, INFOMATRIX – ASIA халықаралық байқауының жеңімпазы Данияр Жарқынұлына «Жылдың үздік оқушысы» номинациясын табыстады.
Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Маратқызы: – Баршаңызды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын. Бүгінгі мереке түлектерге арналған. Сол себепті жүрегімізден шыққан игі тілектер осы балаларымызға арналады. Оқушыларымыз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Сіздер тек өңірдің ғана емес, еліміздің мақтанышысыздар, – деген шынайы лебізін білдірді.
Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі биылғы оқу жылын 7-12 сынып аралығындағы 579 оқушымен тәмамдап отыр. Биыл да білім ұясы оқу жылын сәтті аяқтады. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешовтің мәлімдеуінше, жеті шәкірт халықаралық, 53 зияткер республикалық олимпиадалар, ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы мен жүлдегері атанған. Түлектер халықаралық емтихандарын сәтті тапсырып, нәтижелерін күтуде. Бірқатар түлек қазірдің өзінде шетелдік университеттердің білім грантын ұтып алған. Мәселен, Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконгтың 11 ЖОО шақырту алыпты. Үздік тәжірибені тарату мақсатында облысымыздағы дарынды балаларға арналған бес мектеп арасында «Бестік одақ» меморандумы құрылған. Тәрбие бағытында тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттауға арналған кеш, «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында «Nis Awards» кинофестивалі өткен. Мектеп жатақханасындағы оқушылар көздері нашар көретін балаларға арнап «Тактилді әліппенің» үшінші кітабын және аудиокітаптың кезекті серияларын жасақтады. Ағымдағы оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Ержан Жамашев Стенфорд университеті (АҚШ), Дильназ Куанова Колумбия университетінің (Нью-Йорк, АҚШ) жазғы лагерінде білім алуға мүмкіндік алып отыр.
Мектеп түлегі Айнұр Ахметқали «Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында «NIS Awards» кинофестивалін ұйымдастырғаны үшін «Үздік идея иесі» атанған.
Шара барысында «NIS дәстүрлері» –дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық әдістемелік бірлестігі мұғалімдері, «Қайырымды жүрек» аталымы – «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында «Қайырымды жүрек» аталымымен әлеуметтік серіктестермен жұмыста белсенділік танытқаны үшін «Бәйтерек» шаңырағы, «Жылдың үздік шаңырағы» – «Алаш» шаңырағы» оқушылары марапатталды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу