61 АДАМ ДӘСТҮРЛІ ДІНИ БАҒЫТҚА ОҢАЛДЫ
Батысқазақстандық теологтардың дәстүрлі емес діни бағытты ұстанғандармен жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесінде 61 адам дәстүрлі діни бағытқа оңалтылды. Бұл ақпаратты облыстық дін істері басқармасының мамандары мәлімдеп отыр.
Қазіргі уақытта облыстағы діни ахуал тұрақты. Діни қақтығыстар орын алған жоқ. Облыста 9 конфессияны құрайтын 79 діни субъекті жұмыс жасайды. Бес миссионер тіркеуден өткен. Бүгінде облыс аумағында дін саласында 15 үкіметтік емес ұйым және 130 адамнан тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы қызмет етуде. 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің қатысуымен 3928 іс-шара ұйымдастырылып, 148 343 адам қамтылған. Олардың 51 429-ы жастар.
Есепті кезеңде интернет кеңістігін мониторингі нәтижесінде діни сипаттағы деструктивті 1 180 материал бұғатталған. Облыстағы дін ұстанушы тұлғалармен соның ішінде деструктивті діни ағым өкілдерімен жекелеген кездесу үнемі өткізілуде.
– Дәстүрлі діни көзқарасқа нақты оңалтылғандардың саны 61 адамды құрайды. Оның ішінде 10 адам сотталғандар. Яғни түзеу мекемелерінде отырғандар. Өңірде экстремизм баптары бойынша сотталып шыққан 30-ға жуық азамат бар. Олармен кем дегенде айына бір рет кездесу өткізіліп тұрады, – дейді БҚО дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Арман Нұрахметұлы.
Эльмира НҰҒМАНОВА
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу